Спорт

Бір үйде – қос чемпион

Иордания мемлекетінің астанасы Амман қаласында бокстан жасөспірім (U17) және кіші жасөспірім (U15) ұлдар мен қыздар арасында Азия чемпионаты өткен болатын. 12 күнге созылған жарысқа 18 елден кіл мықтылар қатысып, өзара бақ сынасты. Жарыс қорытындысы бойынша Ұлттық құрама боксшылары 16 алтын еншілеп, жалпыкомандалық есепте І орын иеленді. Солардың қатарында қарағандылық апалы-сіңілі Камила және Аяулым Оспановалар қарсылас шақ келтірмей, чемпион атанды.

Сурет спортшылардың жеке мұрағатынан

Қарағанды облысынан тек екі спортшы барған. Әрі екеуі де алтын медаль еншілеп, үлкен олжа салып отыр. Қос боксшыны жеке жаттықтырушылары әрі әкесі Жеңіс Оспанов өзі дайындап, байрақты бәсекелерге де өзі апарады екен.

Биыл 63 келі салмақта жұдырықтас­қан Аяулым Оспанова – екі дүркін Азия чемпионы атанды. Былтыр Біріккен Араб Әмірлігінде өткен байрақты бәсекеде топ жарған еді. Биыл ақтық кезеңде үндістандық қарсыласынан айласын асырып, екінші мәрте алтын алып отыр.

– Кенже қызым Аяулым Вьетнам, Өзбекстан, Украина, Үндістан елінен келген боксшылармен жұдырықтасты. Жартылай кезеңде өткен жылы Азия чемпионатының ақтық кезеңінде жұдырықтасқан украиналық боксшымен кездесті. Ал, басқа қарсыластармен бұрын-соңды кездеспеген. Бірақ, өзінің шеберлігінің арқасында барлығын жолда қалдырды.
Үлкен қызым ақтық сында өзбекстандық боксшымен қолғап түйістірді. Бірақ, оның жартылай финалдағы жекпе-жегі қиын болды. Сол кезеңде үндістандық боксшымен кездесті. Ол да өз елінің мықтысы. Жекпе-жек ауыр өтті. Бірақ, соған қарамастан Камила ұпай айырмашылығымен жеңіске жетті, – деді Жеңіс Оспанов.

Жалпы Аяулым, жарыс күнінің соңғы жағында рингке көтеріліп, өз салмағында алтын алады. Ал, бұл команда қоржынына түскен 15-ші алтын еді. Ал, Камила 16-шы алтынды салып, Ұлттық құраманы көш басына шығарды. Ұлдар құрамасы қос санат бойынша ел қоржынына 9 алтын, 6 күміс, 4 қола жүлде салса, қыздар командасы 7 алтын, 9 күміс және 9 қола жүлде еншілеген.

Енді қарағандылық қос спортшы күзде Бахрейн елінде өтетін Азия чемпионатына қатыспақ. Одан кейін Әлем чемпионатында өнер көрсетеді.

Өз тілшімізден

Басқа материалдар

Back to top button