«Бір бала – бір ваучер»: жаңа жүйе тең мүмкіндікті көздейді
Еліміздің қосымша білім беру жүйесінде жаңа пилоттық жоба іске қосылды. Бұл қанатқақты жоба республиканың 6 өңірінде жүзеге асырылуда. Сол өңірлердің қатарында Қарағанды облысы да бар. Кенді өлке – пилоттық жобаны толық аймақ көлемінде алғашқы болып енгізуде. Аталған жоба балалардың қосымша білім алуын ваучерлік жүйе арқылы қаржыландыруға негізделеді.

Балалар бірыңғай кезекке қойылады
Пилоттық жоба Астана, Шымкент, Қарағанды, Қызылорда, Атырау және Ақтөбе қалаларында іске қосылды. Негізгі мақсат – мемлекеттік және жекеменшік спорт секцияларын, шығармашылық үйірмелер мен қосымша білім беру курстарын бірыңғай цифрлық платформаға біріктіру. Ата-аналар қажетті үйірме-секцияны сол цифрлық платформа арқылы таңдап, баласын тіркейді.
Жобаның маңызды жаңалықтарының бірі – бірыңғай кезектің енгізілуі. Енді балалар 12 санат бойынша кезекке қойылады, онда әлеуметтік осал топтағы және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар да қамтылған. Бұл ретте ваучерлер ең алдымен аз қамтылған және мүгедектігі бар балаларға ұсынылады. Қалғаны өзге санаттар арасында үлестіріледі.
– Бұл модель ашықтыққа, әділеттілікке және цифрландыруға бағытталған. Бірінші кезекте, бұл жүйе ата-аналарға үйірмелер мен секцияларды таңдауға мүмкіндік береді. Екіншіден, мемлекет тарапынан балаға берілген ваучер арқылы ақы төленеді. Бұдан былай қосымша білім беру «1 бала – 1 ваучер» қағидаты бойынша іске асырылатын болады, – деді білім басқармасының бөлім басшысы Индира Искакова.
Жоба ведомствоаралық сипатқа ие, оған бірден 4 министрлік бірлесе жетекшілік етеді. Атап айтқанда, Мәдениет және ақпарат министрлігі шығармашылық бағытқа жауапты. Туризм және спорт министрлігі спорттық секцияларды үйлестіреді. Оқу-ағарту министрлігі қосымша білім беру үйірмелерін бақылайды. Ал, Цифрлық даму министрлігі жобаны техникалық сүйемелдеуді және цифрлық инфрақұрылымды жетілдіреді. Мемлекеттік органдар бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуын бақылайды.
Аталған министрліктердің 2025 жылғы 28 мамырдағы бірлескен бұйрығына сәйкес, Қарағанды облысы әкімінің 2025 жылғы 12 тамыздағы қаулысы қабылданды. Жүйе жаңа оқу жылынан бастап, облыстың барлық қала және аудандарында іске қосылмақ.
Айта кеткен жөн, ваучердің екі түрі болады. Біріншісі – нысаналы ваучер, ол мемлекеттік мекемелерге, мемлекеттік үйірме мен секцияларға баратын балаларға беріледі. Олардан кезекке тұру талап етілмейді.
Екіншісі – әмбебап ваучер, бұл балаға мемлекет бөлген қаржыны растайтын цифрлық сертификат. Яғни, бала сол ваучерді пайдаланып, қай үйірмеге баратынын өзі таңдайды.
Бір балаға – 18 мың теңге
Жоба негізінде балалар 12 санат бойынша кезекке қойылады, бұл санатта әлеуметтік осал топтағы және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар да қамтылған.
– Барлық үйірмелер мен секциялар бірыңғай цифрлық платформада қолжетімді болады. Енді балалар санаты бойынша 12 бөлек кезек құрылады, бұл орын алмасуды болдырмайды және жүйені әділ әрі ашық етеді. Ата-аналар кезек қозғалысын онлайн бақылай алады. Цифрлық жүйе қарапайым әрі қолжетімді, – деді Индира Искакова.
Қазіргі уақытта Қарағанды облысында 25 мыңнан астам бала спорттық, шығармашылық және білім беру тапсырыстары арқылы тегін қосымша білім алуда. Бұл үшін биыл облыстық бюджеттен 3,3 млрд теңге бөлінген. Облыстың дене шынықтыру және спорт басқармасының бұқаралық және балалар спортын дамыту орталығының заңгері Сәуле Нысамбаева қосымша білім берудегі жаңа пилоттық жоба заң бұзушылықтардың алдын алатынын айтады.
– Статистикаға сүйенсек, бір бала бірнеше үйірмеге бөлінген ваучерлерді алып, бір өзі 3-4 үйірме-секцияға баратын болғандықтан, 46 мыңға жуық бала үйірмелер мен секцияларға жазыла алмаған. Мұндай жағдайлар да кездесті. Балалардың қосымша білімге қол жеткізуі үшін тең жағдайлар жасау мақсатында 1 қыркүйектен Қарағанды облысында ваучерлік қаржыландыруға көшу басталады, – деді Сәуле Әбдікәрімқызы.
Қарағанды облысында жобаны іске асыру облыстың барлық аумағын, соның ішінде аудандарды да қамтиды. Облыс әкімдігінің қаулысына сәйкес, өңір бойынша қаржыландырудың бірыңғай базалық нормативі – бір балаға айына 18 000 теңге бекітілді. Қосымша білім берумен қамтылуда ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан жеткіншектерге басымдық беріледі.
Жаңа цифрлық платформаға ауысады
Ваучерлерді бөлу OQU цифрлық платформасы арқылы жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта басқа ақпараттық жүйелерден осы бірыңғай мемлекеттік қосымша білім беру жүйесіне кезең-кезеңімен көшу жалғасуда.
Қосымша білім беру ұйымдары міндетті түрде аккредитациядан өтеді, санитарлық-техникалық талаптарға сәйкестігі мен педагогтардың біліктілігі тексеріледі. Қаржыландыру нақты көрсетілген қызметтер мен балалардың сабаққа қатысуы нәтижесінде ғана жүзеге асырылады.
Ата-аналар Oqu платформасында тіркеліп, 1414 нөмірінен келетін SMS арқылы жеке деректерді өңдеуге келісімін растағаннан кейін ваучер алып, аккредиттелген қызмет көрсетушілер тізімінен қажетті ұйымды таңдай алады. Бұл процесс толықтай цифрлық форматта жүргізіледі және қағазбастылықты қажет етпейді.
– Жаңа платформаның ерекшелігі – жеке деректерді енгізу бұрынғыдан әлдеқайда жеңіл. Өнім беруші өзінің қызметкерлерін платформаға тіркегенде жеке мәліметтері автоматты түрде толтырылады. Пилоттық жоба бойынша бізде қолдау қызметі жұмыс істейтін болады. Әкімдікпен бірлесіп, өнім берушілерге арнайы оқыту ұйымдастырамыз. Пилоттық жобаның тиімді жүзеге асуына біздің тараптан барлық көмек көрсетіледі, – деді «Қазақтелеком» АҚ өкілі Бегім Досжан.
Қосымша ақпарат, бейнематериалдар және нұсқаулықтар облыс әкімдігінің және тиісті басқармалардың ресми сайттарында жарияланады.
Гүлнұр Серікжанқызы,
«Ortalyq Qazaqstan»