Білім

«BINOM»: арманға апарар жол

Еліміздің білім беру саласы жаңарды. Тың жаңалықтардан тысқары қалмады. Сондықтан да, қазір үр жаңа бағыттағы мектептер аз емес. Соның бірі – Астанадағы «BINOM». Бұл – дәл бүгінгі күні елдің ертеңін арманға адастырмай апарар жолға айналған бірегей орда. Ұлт тұтқасын сеніп тапсырар ұрпақтың білім бәсекесінде бәсін жоғары етер білім ошағы, шын мәнінде, қазіргі уақыт талабына толық жауап береді. Нанотехнология мен биотехнологияның бөлшегіне дейін біліп шығатын төрт мың білімді жас осында оқып жатыр. Оқу үрдісі – тегін.

 

Мектептегі тәрбие «Аманат» концепциясына негізделген. Яғни, ұлы философ әл-Фарабидің еңбектеріндегі құрмет, қамқорлық, жауапкершілік, еңбексүйгіштік және өзін-өзі жетілдіру қағидаларына сүйенеді. Жалпы, мектепте әлімжеттік, қандай да бір келеңсіз оқиғаның орын алуына жол берілмейді. Оқушы, ұстаз, ата-ана арасындағы үшжақты тығыз байланыс тәрбие мен білім беруді көздейді.

«BINOM» мектептер желісі деп айтуға да болады. Еліміздегі мектеп тапшылығын шешу – жобаның негізгі мақсаты. Мұғалімдер арнайы платформа арқылы іріктеліп алынса, оқушыларды қабылдау үлгілік ережелер негізінде жүзеге асады. Жоғары стандарттарға сай жабдықталған мектептегі заманауи құрал-жабдықтар қарапайым мектептен қарағанда 5 есе көп. Яғни, қарапайым әрі тегін мектепте де жоғары технологиялық негізде бі­лім алуға оқушыларға жан-жақты жағдай жасалған.

 

«BINOM» мектебі 127 оқу кабинетінен тұрады. Физика, химия, биология, нано және биотехнологиялы 9 озық дәрежедегі зертханасы бар 5 қабатты ғимарат. Сонымен қатар, 100 орындық кинозал, коворкинг алаңдары, телестудия, ойын бөлмелері, смарт-кластар, робототехника кабинеттері, металл және ағаш ою шеберханалары, асхана, медициналық пункт, бай кітапханасы бар. Спортпен айналысуға да қолайлы орта қалыптастырған. Тағы бір атап айтарлығы, бұл жерде инклюзивті білім беру мүмкіндігі де ескерілген.

– Мұнда оқушыларға барлық жағдай жасалған. Үлкен қалашық іспетті білім ордасында бәрі бар. Сабаққа қажетті түрлі әдебиет іздеп, кітапхана шарламайсың. Оқу процесіне қажетті барлық кітаптарды осы жерден таба аласың. Сырқаттанып қалсаң, медициналық орталыққа барасың. Таңнан кешке дейінгі уақытыңды пайдалы өткізуге толық жағдай жасалған. Бұл, біріншіден, уақытты үнемдесе, екіншіден, оқушының қауіпсіздігі. Ал, осындай алаңсыз ортада жүріп, сапалы білім алуға деген құлшыныс неге болмасқа?! Әрине, оған мектеп мұғалімдерінің еңбегі зор. Алдындағы әр оқушының білім алуға деген ынта-жігерін жани түседі. Бастысы, әр жерден келген балалар бір үйдің баласындай тату-тәтті. Мұндайды елестету қиын да шығар, бірақ, біздің «BINOM»-да дәл осындай зор мүмкіндіктер бар, – дейді 10 сынып оқушысы Ләзиза Кәрім.

 

– «BINOM» мектебінің ұраны «Біз әрбір оқушыны шабыттандырамыз! Жігерлендіреміз!» дегенге саяды. Әрбір оқушыға қолдау көрсетеміз. Біз әрбір оқушыны байытамыз. Мұнда тек оқушы ғана емес, «BINOM» мектебінің ұжымы келесі бір әріптесін шабыттандырады, байытады, көмектеседі. Керемет білгіш мұғалім болмайды, бір-бірін үйрететін, бір-біріне көмектесетін мұғалім болады, білгенін бөлісетін мұғалім болады. Ата-анаға да қолдау көрсетеміз. Оқушылар зор үмітпен мектеп табалдырығын аттайды. Мектеп балаларды өмірге дайындап қана қоймайды. Бұл мектеп – өмірдің өзі. Балалар бір-бірімен қарым-қатынас орнатып, қиындықты бірге шешуге үйренеді. Бұл мектеп – бір-біріне қолдау білдіретін, бір-бірін жақсы көретін, бір-бірін сыйлайтын, құрметтейтін орта. Арман жолында бірге әрекет етеміз, – дейді «BINOM SCHOOL» Басқарушы компаниясының директоры Шолпан Қадырова өзінің БАҚ-қа берген сұхбатында.

Мемлекет балалардың заманауи үрдісте салынған білім ордасында сапалы білім алуына жағдай жасап отыр. Ал, олар мемлекеттің мұндай жақсылығын елді өсіп-өркендету арқылы қайтарамыз деген берік ұстанымда екен.

Сағыныш ӘБІЛ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button