Білімнің биік белесі
Санаулы күндерде жас буын үшін жаңа оқу жылы басталады. Тоқсан күн бойы тыныққан олар тың серпінмен оқуға кіріспек. Ал, олардың өмір жолын айқындайтын ұстаздар қадірлі ісін қайта жалғастырады. Биыл облыста 172 мыңнан аса бала мектепке барады. Оның 17 мыңнан астамы мектеп табалдырығын алғаш рет аттайды. Биыл соңғы қоңыраудың қайтадан 25 мамырда соғылатыны – балалар мен ұстаздарды қуантты. Бұдан басқа жаңа оқу жылында қандай оң өзгерістер болмақ?
Кеше өткен республикалық тамыз кеңесінде Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова биылғы 2023-2024 оқу жылы 25 мамырда аяқталатынын айтты. Оқу жылының ұзартылуы осыған дейін қоғам тарапынан сынға ұшыраған еді. Бұл әлемдік тәжірибе екенін ескеріп, министрлік дұрыс шешім қабылдағанын, алайда асығыстық болғанын тілге тиек етті.
«Осыған орай осы оқу жылында 34 апталық оқу ұзақтығына оралып, сабақты 25 мамырда аяқтау дұрыс деп есептеймін», – деді ол.
Бірақ, бұл 2025 жылға дейінгі шешім. Оның айтуынша, 36 апталық оқу ұзақтығына оралу мәселесін 2025 жылдан бастап қайта пысықтау қажет. Ал, алдағы оқу жылы ішінде қажетті дайындық жұмыстарын жүргізіп, оқу бағдарламасын бейімдеу керектігін айтты.
Осыған сәйкес, Оқу-ағарту министрлігі оқу жылының басталуы мен аяқталу мерзімі, сондай-ақ, каникул уақыты жаңаша белгіленген жаңа бұйрықтың жобасын «Ашық НҚА» порталына жариялады. Жобаға сәйкес, орта білім беру ұйымдарында алдағы оқу жылы 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 2024 жылдың 25 мамырына (қоса есептегенде) дейін жалғасатын болады. Бұйрық жобасы 11 қыркүйекке дейін қоғамдық талқыға ұсынылып отыр.
– Балалар соңғы қоңыраудың 25 мамырда соғылатынына, оқу жылы осы күні аяқталатынына үйренген. Биыл олар үшін оқу уақытының 1 аптаға созылғаны өзгеше құбылыс сияқты көрінді. Іштей қаламаса да, мамырдың соңына дейін оқыды. Ата-ана ретінде оқу 25 мамырда аяқталатынына қуанып жүрміз, – деді ата-ана Айгүл Бейсенова.
Жаңа оқу жылында мұғалімдер үшін де жағымды жаңалықтар бар. Мәселен, педагогтерді аттестаттау жүйесіне бірқатар өзгерістер енгізіліп, жетілдірілуде.
– Ұлттық платформа негізіндегі аттестаттау процесі автоматтандырылды. Енді мұғалімнің қызметі туралы барлық ақпарат оның жеке кабинетінде жинақталады. Педагогика және оқыту әдістемесі бойынша тестілеу алынып тасталды, – деді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.
Жылдар бойы білім беріп, ұрпақ тәрбиелеген ұстаздардың да еңбегі еленеді. Министрлік білім саласында 30 және одан да көп жыл жұмыс өтілі бар мұғалімдерді «Еңбек ардагері» медалімен марапаттау жөнінде шешім қабылдады.
Сондай-ақ, жаңа оқу жылынан бастап мектепке дейінгі білім беретін тәрбиешілердің еңбекақысы 30 пайызға өседі. Министрлік мәлімдеуінше, бұл мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға кәсіби мамандарды тарту мақсатында жүзеге асырылған шара.
Бұдан бөлек, 1 қыркүйектен бастап бастауыш сыныптағы барлық оқушыға тегін ыстық тамақ беріледі. Облыста барлық бастауыш сынып оқушылары, сондай-ақ, әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 11 мыңнан астам бала тегін тамақтанады.
Осы оқу жылында орта білім мазмұнын одан әрі жетілдіруде маңызды істер атқарылады. Мәселен, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Балалар кітапханасы» жобасы қолға алынып, оның аясында мектеп кітапханаларының қорын отандық және әлемдік әдебиеттің үздік туындыларымен толықтыру жоспарлануда.
Гүлнұр Серікжанқызы,
«Ortalyq Qazaqstan»