Білімнің бәсі бәрінен биік
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Білімге салынған қаражат – мемлекет үшін ең басты инвестиция болуы керек. Бұл – өте маңызды мәселе. Түптеп келгенде, дамудың бірден-бір жолы – білім саласы. Сондықтан, бұдан ешкім ұтылмайтыны сөзсіз. Үкімет пен әкімдер жұртшылықпен бірлесіп, жобаны жетілдіруге тиіс. Оны сапалы әрі тиімді жасау қажет. Нақты ғылымдар мен инженерия саласы бойынша қосымша білім беруге айрықша назар аудару керек. Балаларды дене шынықтыру және академиялық тұрғыдан бірдей дамыту қажет. Ауылдық жерде тұратын балаларға баса мән берген жөн. Барлық аймақтағы балалардың қосымша білім алуына мүмкіндігі болуға тиіс», – деген болатын.
Президент тапсырмасы аясында соңғы 6 жылда мұғалімдердің жалақысы артты. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды дамыту – әлемдік тенденция қатарына енді. Бүгінгі таңда қалада мектепке дейінгі мекемелердің тапшылығы азайып келеді. Үш ауысымды әрі апаттық мектептер мәселесі жойылды.

Мектепке дейінгі білім – қолжетімді
Мектепке дейінгі білім беру жүйесінде соңғы алты жылмен бағамдасақ, көптеген жұмыстар атқарылды. Қазір аймақтағы мектепке дейінгі ұйымдарда 39 мыңнан астам бала тәрбиеленуде. Барлығы – 411 болса, оның ішінде, 101 жекеменшік. Өткен жылы екі мыңнан астам жаңа орын ашылды.
Биылға жоспарланған Қарағанды, Балқаш, Теміртау, Бұқар жырау ауданында 1206 орындық балабақшалардың ашылуы – мектепке дейінгі білім берудің қолжетімділігін қамтамасыз ету, жаңа жұмыс орындарын құру, балалары бар отбасын қолдау, сондай-ақ, салық түсімдерін ұлғайтуға ықпал етеді.
– Бұрынғы емхана ғимаратын қайта жаңғырту арқылы Бұқар жырау ауданы, Новоузенка ауылында 140 орындық жеке балабақша салу және Балқашта 280 орындық мемлекеттік балабақша мәселелері шешілуге жақын. Приозерск қаласында да 320 орындық балабақша, Пришахтинск қаласында 320 орындық типтік мемлекеттік балабақша салу мәселесі қойылды, – деді білім басқармасының басшысы Гүлбақыт Жүнісова.
Балқашта бұрынғы №2 емхана ғимараты қайта қалпына келтіріліп, орнына 240 орынды балабақша ашылады. Бұл балабақшаға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін бюджеттен 207 млн теңге бөлінген. Қайта жаңартудан өтетін балабақша жұмысы қажетті нормалар мен стандарттарға сәйкес болады. Балабақшада спорт және акт залдары, медициналық блок, балалар ойын алаңдары болады.
Биыл мектепке дейінгі білім беру жүйесінде бірқатар жаңашылдықтар жүзеге асқанын айта кеткен жөн. Балаларды есепке алу, олардың басымдығы және мектепке дейінгі ұйымдарға жолдама беру Бірыңғай республикалық деректер базасына көшірілді. Бұл дерекқордан кезекте тұрған жолдамалар ата-аналардың қатысуынсыз министрлік арқылы автоматты түрде беріледі.
– Кезек әр балабақша үшін жеке қалыптасады. Ата-аналар төрт балабақшаны таңдай алады. Өткен жылы республикада алғаш рет бұл жоба Шахтинск қаласында сәтті сыналды, – деді білім басқармасының басшысы Гүлбақыт Жүнісова.
Президенттің мегажобасы
Бүгінде облыста мемлекеттік жалпы білім беретін мектептер саны – 402. Оның ішінде, 231-і – ауылдық жерде орналасқан. Ал, жалпы оқушылар саны – 172 425 құрайды. Оның 40 753-і ауылдық мектептерде білім алуда. Ауылдық мектептердің 160-ы шағын жинақталған мектептер қатарында. Осы орайда өскелең ұрпақты оқыту, тәрбиелеу және дамыту үшін қолайлы және қауіпсіз жағдайлар жасау – маңызды. Оқушы орындарының тапшылығы, апатты және үш орындық мектептердің проблемасын шешу – күн тәртібінде. Осы орайда Қарағанды қаласында, Бұқар жырау және Шет аудандарында 8 600 оқу орнына арналған 9 мектеп ашылды.
Новостройка ауылында 150 орындық жаңа мектеп апаттық ғимараттың орнына салынған. Балаларға заманауи және кең сыныптарда оқуға мүмкіндік беріліп, мектептерді материалдық-техникалық жарақтандыру да жаңартылған.
Жалпы, Қарағанды облысындағы «Жайлы мектептер» ұлттық жобасы бойынша 2025 жылға дейін 12 500 орындық 18 заманауи мектептің құрылысы жоспарланған. Оның ішінде биыл 10-ы Қарағанды, Балқаш, Бұқар жырау және Шет аудандарында тапсырылуы тиіс. Қыркүйек айында Бұқар жырау ауданының Новостройка ауылында апатты жағдайдың орнына салынып жатқан 150 орындық мектеп пайдалануға беріледі.
Сонымен қатар, бүгінгі таңда мектептер базасы жаңғыртылуда. Биыл 15 ғимаратты күрделі жөндеу жоспарлануда. Оқу жабдықтары да жаңартылған. Өткен жылы физика, химия, биология, STEM пәндерін оқытуға арналған 72 заманауи кабинет сатып алынды. Биыл тағы 65 жоспарланған.
– «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы бойынша «Қазақстан халқына» қоры 8 мектепті жаңғыртқан. Биылғы жылы тағы үш жоспар бар. Қала мен ауыл арасындағы алшақтықты азайту үшін «Репетитор», «Цифрлық мұғалім», «Табыс формуласы», «Мың мектеп» жобалары іске асырылуда. Мектептерде барлық бастауыш сынып оқушылары тегін ыстық тамақ алады. Бұл – 75 мыңнан астам бала. Сондай-ақ, жалпыға бірдей білім беру қорының есебінен әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 6 мыңға жуық бала тегін түскі ас ішеді. Өткен жылы облыста 27 жаңа мектеп автобусы сатып алынды. Биыл жаңарту жалғасады, – деп атап өтті Гүлбақыт Жүнісова.
Жалпы, жайлы мектептердің жабдықтары мен құрылыс материалдары жоғары талаптарға сәйкес таңдалып алынған. Президенттің мега жобасын сапалы іске асыруда спортзалдардың саны басқа мектептерден әлдеқайда артық. Мектептердің дизайны да ерекше, тіпті, бастауыш пен ересек сыныптардың бөлек блоктарда оқуы секілді мәселелер де жіті қарастырылған. Шалғайдағы ауылдардың өзінде жайлы мектептердің бой көтеретіні балалар үшін үлкен олжа болғалы тұр. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын орындау Ұлттық қор қаражаты есебінен жүзеге асырылып жатқандықтан, бұл жоба үш ауысымдық және апаттық мектептерді жоюға толығымен мүмкіндік береді.
Қарағанды облысы бойынша «Жайлы мектептің» ұлттық жобасы аясында 2026 жылға дейін 12 500 оқушыға 18 мектеп салып, пайдалануға беру жоспарланған. Қаржыландырудың жалпы көлемі 87,4 млрд теңгені құрайды.
Қосымша білімдегі қыруар жұмыс
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Нақты ғылымдар мен инженерия саласы бойынша қосымша білім беруге айрықша назар аудару керек. Балаларды дене шынықтыру және академиялық тұрғыдан бірдей дамыту қажет. Ауылдық жерде тұратын балаларға баса мән берген жөн. Барлық аймақтағы балалардың қосымша білім алуына мүмкіндігі болуға тиіс», – деген болатын.
Аймақта соңғы жылдары балаларды қосымша біліммен қамтып, оның қолжетімділігін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Атап айтсақ, соңғы жылдары Ақтоғай, Жаңаарқа, Қарқаралы, Шет аудандарында қосымша білім беру орталығын, Қарағанды қаласындағы №2 Оқушылар сарайын, Пришахтинсктегі «Кәусар» сарайын және Осакаров ауданындағы «Шабыт» Оқушылар сарайын ашу есебінен қосымша білім беру ұйымдарының желісі соңғы 6 жылда 7 бірлікке ұлғайды. Жаңа нысандарды іске қосу аталған өңірлердегі қажеттілікті төмендетуге және білім алушыларды қосымша біліммен қамтуды ұлғайтуға мүмкіндік берді. Қосымша білімдегі қыруар жұмыстың нәтижесі бүгінгі күні 88%-ды құрайды.
Мәселен, облыстағы қосымша білім беру орталықтарының бірі Осакаров ауданының Молодежный кентінде ашылды. 250 орындық «Шабыт» Оқушылар сарайын аудан тұрғындары мен өнер мектебінің ардагерлері ерекше бағалады. «Шабыт» қазіргі таңда үш негізгі бағыт бойынша жұмыс істейді. Оның ішінде көркемдік-эстетикалық, музыкалық және техникалық бағыттар бар.
– Бұрын ауылда тек 107 оқушыға арналған Балалар өнер мектебі жұмыс істеген. Жаңа Оқушылар сарайы тағы 160 баланы қабылдады, бұл жалпы 267 оқушыны сабақтармен қамтуға мүмкіндік береді. Оқушылар сарайы талантты жастарды тәрбиелеуге баға жетпес үлес қосуда, – деп атап өтті жергілікті тұрғын Марат Өтешұлы.
Қарағанды қаласының Пришахтинск бөлігінде бой көтерген «Кәусар» сарайында аймақтың жас тұрғындары үшін робототехника, VR сәулет өнері секілді үйірмелердің түр-түрі бар. «Кәусар» бала дарынын дамытып, шығармашылық бағытта шыңдауда.
Оқушылар сарайының жалпы ауданы 3 мың шаршы метр. Кең әрі әдемі ғимаратта өзіне ұнайтын үйірмені таңдауға мүмкіндік мол. Мүмкіндігі шектеулі балалардың да жағдайы жіті қарастырылған. Сенсорика және моториканы дамытуға арналған көптеген құрылғылар бар. Мысалы, ауа көпіршікті колба – көру мен естуді, тактильді сезімдерді жетілдіреді. Құрғақ душ баланың еркіндігін дамытуға, босаңсуға арналған. Оның көмегімен бала жаңа түстерді қызықты түрде есте сақтай алады. Инклюзивті білім беру үшін барлық жағдай жасалған, – деп атап өтті «Кәусар» сарайының директоры Әйгерім Исбекова.
Жалпы, аудандардағы Оқушылар сарайының айналасы абаттандырылғандықтан футбол алаңында алаңсыз доп теуіп, саламатты өмір салтымен айналысуға болады.
Психологиялық қолдау орталықтары
Қарағанды облысында сондай-ақ, «Психологиялық қолдау орталықтарының» ашылуы жалғасуда. Орталықтардың ашылуы психологиялық қызметтің бірыңғай жүйесін құруға, педагогтарды әдістемелік қолдау мен оқытуға, ата-аналарға кеңес беруге және кәмелетке толмағандарға психологиялық-педагогикалық көмек көрсетуге ықпал етті. Осы орайда орталық мамандары 184 (диалог алаңдары – 11, білім беру ұйымдарына шығу – 38, конференциялар мен форумдар – 17, семинарлар – 85) шара өткізіп, олардан 446 адам консультациялық көмек алды.
Қазіргі таңда Қарағанды облысында ерекше білім беру қажеттіліктері бар 15 мыңға жуық бала үшін 17 арнайы ұйым жұмыс істейтінін айта кеткен жөн.
Облыста 9 арнайы білім беру ұйымының ашылуы – ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтып, жұмыс орындарын құруға мүмкіндік берді.
Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ