Білімнің алтын қайнары
«Кітап – маған тақтан да қымбат», – деген екен Шекспир. Кітаптың ақыл-ой қазынасы екенін хакім Абай да айтып кеткен.
«Пайда ойлама, ар ойла,
Талап қыл артық білуге.
Артық білім – кітапта,
Ерінбей оқып көруге».
Ұлылар осылай дейді. Қазіргі кітап оқу мен кітапхана жағдайы қалай екен?! Бұл ХХI ғасырда ең өзекті мәселеге айналып отыр.
Бүгінгі ұрпақ кітап оқымайды, бәрі интернет, ұялы телефон әлеміне кіріп шырмалып, қалды деген рухани дағдарыс зиялы қауым, ағартушы-ғалымдарымызға алаңдаушылық туғызуда.
Шын мәнінде солай ма?! Бұл жағдайдың қалай алдын алуға болады? Қазіргі кітапхананың ахуалы қандай кейіпте деген сұрақ төңірегінде облыстық Н.Гоголь атындағы кітапхананың байырғы қызметкері Сандуғаш Телпекбаеваны әңгімеге тартқанбыз:
– «Қазір кітап оқылмайды» деп даурығудың реті жоқ. Ондай байбалам салушылардың өздері – кітап оқымайтындар. Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана – еліміздің мәдениеті мен білімінің алтын қоры. Бүгінде 90 жылдық мерейтойын атап өтіп отырған бұл кітапхана, талай ұрпақтың рухани дамуына зор үлес қосып, облыстың мәдениет орталығы ретінде өзін танытты. Қазір кітапхананың тұрақты оқырмандары қалыптасқан. Жексенбі күні де тұрақты жұмыс істейтін кітапхана қызметкерлері ғана шығар. Оқырмандар үшін барлық жағдай жасалған. Еліміздегі сандық форматқа көшу саясатын ең бірінші қолға алып, жүзеге асырған осы кітапхана ұжымы. Заманауи технологияның озық үлгілерін дер уақытында қолданысқа енгізу – басты міндетіміз. Қазір кітапхана қорында 500 мыңға жуық кітап бар. Оқырмандардың жас мөлшері де әр түрлі. Мектеп оқушылары мен студенттерден бастап, орта жастағы адамдар, зейнеткерлер осы кітапханамен тығыз байланыста. Кітап оқылады. Әрине, интернет пен түрлі ақпарат құралдары кітаптың оқылуын азайтты. Кешегі Кеңес заманымен қазіргі жағдайды салыстыруға болмас. Бірақ, кітап оқитын оқырман мүлдем жоқ деуге болмайды. Кітап оқу, іздену – әр адамның жеке ынтасы. Күніне 30-40 адамның тұрақты келіп тапсырыс беруі – жаман көрсеткіш емес. Оның үстіне, қазір кітапхана көп, олардың бөлімшелері де жұмыс істеп тұр. Әр жоғары оқу орынында өзінің кітапханасы бар, – дейді Сандуғаш ханым.
1934 жылы негізі қаланған кітапхана сол уақыттан бері өңірдің мәдени және ағартушылық өмірінің айнасы болып келеді. Н.Гоголь атындағы кітапхана тек кітап қорының молдығымен емес, рухани-мәдени кешен ретінде де маңызды рөл атқарды. Кітапхана жергілікті халықтың ғана емес, республикалық деңгейде де үлкен маңызға ие.
Бүгінде Н.Гоголь кітапханасы кітап қорымен шектелмей, жаңа технологиялар мен инновациялық әдістерді қолдана отырып, электрондық ресурстарға қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Кітапхана қоры сандық форматқа көшіріліп, оқырмандарға онлайн түрде қызмет көрсету мүмкіндігі кеңейтілді. Сонымен қатар, кітапханада түрлі мәдени шаралар, көрмелер, оқырмандар клубтары мен әдеби кештер өткізіледі. Бұл – кітап оқу орны ғана емес, мәдениет пен шығармашылықтың тоғысқан алаңы.
Кітапхананың 90 жылдық мерейтойы – өткенді еске алу ғана емес, болашаққа көз жүгірту, жаңашылдыққа ұмтылу. Н.Гоголь кітапханасы 90 жылда мәдениетіміз бен тарихымызды сақтап қана қоймай, оны жаңа деңгейге көтеру жолында зор еңбек сіңірді. Бұл мерейтой – облысымыздың рухани мұрасын сақтау мен оны келешек ұрпаққа жеткізу жолындағы маңызды кезең.
Облыстық Н.Гоголь кітапханасы өзінің 90 жылдық тарихында мәдениет пен білімнің маңызды орталығы бола білді. Көпжылдық тәжірибесі мен заманауи әдістерді біріктіруі кітапхананы аймақтық ғана емес, республикалық деңгейдегі маңызды мәдени мекемелердің біріне айналдырып отыр. Кітапхана – білімнің алтын қайнары. Бұл мерейтой кітапхана қызметкерлері мен оқырмандар үшін рухани серпіліс пен болашаққа деген сенімнің символы болары сөзсіз.
Қойлыбай АСАН,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.