Білімнен тапқан бақытын
Республикалық тәуелсіз жастар сыйлығының жүлдегерлері марапатталды. Жерлесіміз, «Qarmet» көмір департаментінің жерасты электр слесарі Руслан Ғұмаров бас жүлдені жеңіп алып, бір миллион теңге қаржылай сыйлық еншіледі. Бар-жоғы 23 жастағы жеңімпаз жүлдесін жоғары оқу орнында білім алуға жұмсау ниетінде.
Қарсыластарынан оқ бойы озық келген Руслан Ғұмаров компанияда 5 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ол Саран техникалық колледжін «Жерасты электр слесарі» мамандығы бойынша бітіріп, аталған компанияда еңбек жолын бастапты. Талапты жас жұмыс істей жүріп, Шахтинск технологиялық колледжінде электромеханик мамандығын сырттай оқып меңгерген.
– Қазір елімізде техникалық мамандардың тапшылығы байқалады. Бәсекеге қабілетті болуың керектігін ертерек түйсінгеніме іштей қуаныштымын. Жұмысым – көмір бөліміндегі электр жабдықтарын қадағалау. Қазір шахталардағы технологиялар күрделі және озық, сонысымен де, бұл жабдықтармен жұмыс істеу өте қызықты. Жұмысым өзіме ұнайды, – дейді Руслан.
«Jas keñes syilyğy» сыйлығы байқауына еліміздің түпкір-түпкірінен 800-ге жуық жас маман қатысқан. Жеті номинацияның әрқайсында екі жеңімпаз анықталыпты. Кеншілер өлкесінен Руслан Ғұмаров қана «Өнеркәсіп» номинациясында бағын сынапты. Ең үлкен бәсекелестік те осы аталымда болған. Мұнда өтінім бергендер арасында 127 адам, оның ішінде, тау-кен металлургия кешенінің, өңдеу өнеркәсібінің, агроөнеркәсіп секторының, тамақ өнеркәсібі мен энергетика секторының қызметкерлері бар.
– Байқау үш кезеңнен тұрды. Комиссияның барлық сұрағына жауап бердім. Маған қоңырау шалып, жеңгенімді хабарлағанда қуанышымда шек болмады. Басшылығым сыйлық қаржысын оқуға жұмсауды ұсынды. Таңдаған өмір жолымда алға жылжу үшін жоғары білімсіз болмайтынын білемін. Қарағанды техникалық университетінің «Өндірістік процестерді автоматтандыру» кафедрасын таңдадым, – деп бөлісті Руслан.
«Jas keñes syilyğy» сыйлығы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің бастамасымен құрылған. Басты мақсаты қоғам үшін маңызды, жұмысы жиі көлеңкеде қалатын жас мамандарды ынталандыру екенін атап өткен жөн.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»