Бас тақырып

Білімге жаңашылдық енгізіледі

Мемлекет басшысы балаларға көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған маңызды Заңға қол қойды. Заң жобасын түсіндіру аясында Парламент Мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келді. Депутат облыстағы балабақшалар басшыларымен, мектеп және колледж директорларымен кездесті. Сондай-ақ, кездесуде Парламент Мәжілісінің депутаты Құдайберген Бексұлтанов, облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей, «Amanat» партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков облыстың білім саласы қызметркелерінің сауалдарына жауап берді.

Суреттерді түсірген А. МАРЧЕНКО

Лицензия алу – міндетті

Асхат Аймағамбетов кездесуде заң аясында мақұлданған тақырыптарға кеңінен тоқталды. Белгілі болғандай, 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап мектепке дейінгі тәрбие және оқыту ұйымдары лицензия алуға міндетті болады. Бұл шара мектепке дейінгі білім беру сапасын бақылауды күшейтіп, балаларға көрсетілетін қызметтерді жақсартуға мүмкіндік береді.

– Мемлекет басшысы лицензиялау, хабарлама тәртібі, құрметті атақтар, «Жалпыға міндетті оқу қоры» және онлайн оқыту мәселелерін қамтитын заңға қол қойды. Алдымен,  мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын лицензияланады. Ең бастысы – балалардың өмірі, денсаулығы және қауіпсіздігіне мән беріледі. Лицензиялау – бұл жауапкершілік пен бірыңғай талаптарға сәйкестік. Айта кетерлігі, бұл талаптар мемлекеттік және жекеменшік балабақшалар үшін бірдей болады. Лицензиялау балабақшалардың санын қысқартпайды. Өйткені мемлекет жұмыс істеп тұрған мекемелерді сақтап қалуға мүдделі, – деп атап өтті Асхат Аймағамбетов.

Айта кеткен жөн, лицензиялау талаптары қатаңдатылмайды. Оған қоса, атқарылатын шараларға 2027 жылға дейін уақыт беріледі.

– Бұл мәселені біз алғаш рет министрлікте жұмыс істеп жүргенде көтерген едік. Ол кезде үлкен пікірталастар болды. Петициялар, шағымдар түсті – бұл қалыпты жағдай, өйткені, кез келген өзгеріске меншік иелері әрдайым сезімтал қарайды. Алайда бүгін, уақыт өте келе, бұл шешімнің қажеттілігі практикада дәлелденді. Осы орайда Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл мен жекеменшік балабақшалар қауымдастықтарының белсенді ұстанымын ерекше атап өткім келеді. Бұл ұйымдар осы бастаманы қолдап қана қоймай, саланың тәртібін реттеуді өздері талап етті, – деді Асхат Қанатұлы.

Сондай-ақ, жиында заң аясында қосымша білім беру ұйымдары үшін хабарлама тәртібі енгізілетіні сөз болды. Алдағы уақытта мемлекеттік тапсырыс алатын қосымша білім беру ұйымдары өз қызметін бастағаны немесе тоқтатқаны туралы уәкілетті органдарға хабарлауға міндетті болады. Бұл жаңа талаптар балалар үшін үйірмелер мен секциялардың ашықтығы мен қолжетімділігін арттырады. Әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балаларға көмек көрсетіледі. Бұрын ««Жалпыға міндетті оқу қоры» арқылы көрсетілетін көмек тек мемлекеттік мектептерде ғана қарастырылған еді. Енді бұл көмек жеке мектептерде оқитын балаларға да көрсетіледі. Комитет төрағасының атап өтуінше, қазіргі уақытта жеке мектептерде оқитын әлеуметтік осал санаттағы балалар – мұндай қолдаудан тыс қалған. Жаңа заң осы мәселені шешіп, барлық балаға тең мүмкіндік береді.

Мектепті жергілікті бюджет қаржыландырады

Сондай-ақ, Асхат Аймағамбетов жеке мектептерді қаржыландыру республикалық бюджеттен жергілікті бюджетке берілгенін атады. Бұл мәселе жекеменшік мектептердің жұмыскерлерімен болған кездесуде ашық көтерілгендіктен, тұрақты қаржыландырусыз мектептердің қалыпты жұмыс істеуі мүмкін емес екенін айтылған.

– Қазіргі таңда кемінде 80 млрд. теңгеге жуық қаражат жетіспейді. Жақын арада бұл мәселе шешіліп, мектептердің үздіксіз қаржыландырылуы қамтамасыз етіледі деп үміттенемін. Бірнеше жыл бұрын Қазақстанда жекеменшік мектептердің саны небәрі 25-30 ғана болатын. Бүгінгі күні олардың саны 800-ден асты. Бұл – Оқу-ағарту министрлігінің мемлекеттік тапсырыс пен жан басына қаржыландыруды енгізген мақсатты саясатының нәтижесі. Осылайша, жеке мектептер желісі тез дамып, мемлекет мектептердегі үш ауысымдылық мәселесін, әсіресе, оңтүстік өңірлер мен ірі қалаларда шешуге мүмкіндік алды. Жүздеген мың жаңа оқушы орны құрылып, жүздеген мемлекеттік мектептер үш ауысымдылықтан құтылды, – деді Асхат Аймағамбетов.

Оқушылар кәсіпке бағытталады

Жиында ұстаздар қауымы Заң аясында еліміздегі оқушылары арнайы сыныптарда нақты мамандықтарға бағдарлана бастайтыны жайлы сұрады.

– Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялау туралы Жарлыққа қол қойды. Үкімет жұмысшы мамандықтар жылын өткізу жөніндегі республикалық жоспарды бекітті, сондай-ақ, 2025-2027 жылдарға арналған кәсіптік-техникалық білім беруді трансформациялаудың Жол картасын қабылдады. Мектептерде кәсіптік бағдар беру қызметі күшейтіледі, ол оқушылардың кәсіптік диагностикасын толығымен қамтиды. Сондай-ақ, жоғары сынып оқушыларын практикалық дағдыларға және колледждер базасында алғашқы жұмыс кәсібіне оқыту тәжірибесі енгізілетін болады. Кәсіпорындармен бірлесіп, мектептерде 1 мың бейінді сынып ашылады. Бұл оқушыларға еңбек нарығындағы жаңа талаптар туралы білуге, экономиканың нақты салаларындағы мансаптық перспективаларды бағалауға, мамандықты дұрыс таңдауға мүмкіндік береді, – деді Асхат Аймағамбетов.  

Кездесуде облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей өңірдегі ірі кәсіпорындардың соңғы технологияларды қарқынды енгізуін ескере отырып, бірінші кезекте техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалау арқылы кадрларды даярлау сапасын арттыру бойынша нақты шараларды қабылданғанын атады.

– Облыста 33 мыңнан астам студент оқитын 52 колледж жұмыс істейді. Кадрларды даярлау 126 мамандық, 178 біліктілік бойынша жүргізіледі. Биыл колледждердегі мемлекеттік тапсырыс көлемін 1100 орынға көбейді.

Дуальды оқытуды дамыту, кәсіпорындармен өзара тиімді ынтымақтастықтың талаптарын ескере отырып, білім беру бағдарламаларын жаңарту жұмыстары жалғасады, – деді Әлібек Әлденей.

Алдағы уақытта елімізде өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, жаңа кәсіптер мен құзыреттер атласы, техникалық және кәсіптік білім беруде халықаралық деңгейдегі сертификатталған мамандарды даярлау жүзеге асады.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button