Astana FIRST Qualifier» республикалық чемпионатында қарағандылықтар жоғары нәтиже көрсетті
Жаһандану дәуірінде цифрлы технологияларды мектеп қабырғасынан бастап, меңгеру күнделікті дағдыға айналып келеді. Осы орайда елордада өткен «Astana FIRST Qualifier» республикалық чемпионатында аймағымыздың айбынын асырған жас роботтехниктер жоғары нәтиже көрсетіп, Орталық Азия деңгейіндегі жарысқа жолдама жеңіп алды. Еліміздің түпкір-түпкірінен, мамандандырылған лицейлер мен білім ордаларынан жиналған кіл мықтылар арасынан бірнеше жүлдені қанжығасына байлаған облыс оқушылары роботтехниканың әлеуеті өңірде артып келе жатқанын тағы бір мәрте дәлелдеді.

«Astana FIRST Qualifier» байқауы – халықаралық «FIRST» білім беру ұйымының еліміздегі ең ірі кезеңдерінің бірі. Биылғы маусым археология тақырыбына арналды. Қатысушылар автономды роботтар жасап қана қоймай, инженерлік және цифрлық шешімдер арқылы археологиялық зерттеулердің қауіпсіздігі мен мәдени мұраны сақтаудың тың жолдарын ұсынды.
Жарыста «Дарын» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының командалары айрықша көзге түсті. «Asian Sharks» және «Ancient T-REX» командалары «Astana FIRST & DRONES CHAMPIONSHIP 2026» халықаралық турнирінде 88 команда арасынан суырылып оза шауып, І және ІІ орындарды иеленді. Әрі осы жарқын жеңісімен Орталық Азия чемпионатына жолдама алды.
– Біздің құрамда әр баланың өз міндеті бар. Бірі «Core Values» номинациясында жобаның әлеуметтік маңызын қорғаса, енді бірі автономды роботты бағдарламалап, «Робот ойыны» кезеңінде миссияларды орындайды. Қазір қазылар алқасының ұсынымдарын ескере отырып, келесі кезеңге дайындықты бастап кеттік. Өзіміз ұсынған идеяны жетілдіріп, жоба ретінде қорғап, оны топпен бірге қорғағанда ұжымның ұйымшылдығы да алдыңғы орынға шықты. Жас жеткіншектердің ғылым мен технология саласындағы жарқын жетістіктерге жеткені көңіл қуантады, – дейді команда жетекшілерінің бірі Нәзира Смағұлова.
«Ancient T-REX» командасының жобасы археологияны IT-технологиялармен ұштастыруға бағытталған. Команда 3D-модельдеу элементтері мен интерактивті тапсырмалары бар цифрлық өнім әзірлеген. Мақсаты – күрделі тақырыпты балалар мен жасөспірімдерге барынша түсінікті ету.
Ал, «Asian Sharks» командасы өңіріміз үшін өзекті саналатын кеніштердегі қауіпсіздік мәселесіне назар аударған.
– Біз археологиялық нысандар мен жер асты шахталарында қолдануға болатын көпфункционалды робот пен цифрлық платформаны ұсындық. Робот түрлі датчиктермен жабдықталған, қауіпті аймақтарды алдын ала анықтайды. Адам өмірі мен саулығы қашан да басты назарда болғандықтан, технологияларға бейімдеп, оны жаңаша сипатта сақтауға күш-жігерімізді салуымыз керек, – деді команда мүшесі Адия Шамелова.
№1 «Білім-Инновация» лицейінің оқушылары да чемпионатта қалыс қалмай, жоғары деңгейде өнер көрсетті. «FIRST LEGO League Challenge» санатында қатысқан төрт команданың ішінде «Spectral» және «Heptory» командалары Орталық Азия кезеңіне жолдама алды.
Ал, №2 «Білім-Инновация» лицейінің қыздардан құралған «Error 404» және «Sparks» командалары да жоғары деңгейде бақ сынады. Олар алдымен тек қыздар қатысатын «First Ladies Regional» турнирінде бақ сынап, кейін «Astana Drone and Robot First Qualifier» кезеңінде елдің әр түпкірінен келген 80 командамен бәсекеге түсті. Нәтижесінде екі команда да робот ойыны бойынша үздік жиырманың сапына еніп, «Core Values» номинациясында екінші орынға ие болды.
Облыстың намысын қорғаған ең жас жеңімпаздар – Саран қаласындағы №17 мектеп-гимназияның «Robo Stars Saran» командасы. Қатысушылардың жасы небәрі 9-10 жас аралығында болса да, команда өз санатында чемпион атанып, еліміздің бес облысынан келген елуге жуық қарсыласын басып озды.
– Біздің оқушылар жоба жұмысын әзірлемес бұрын қазба жұмыстарына арнайылап барып, түйткілді мәселелерді көзбен көрді. Нәтижесінде, ұжыммен ұйымдаса отырып, инженерлік шешім іздеуді үйренді. Екі күн бойы балалар жобаларын қорғап, интерактивтер өткізді. Алдағы уақытта жобаны жетілдіре түсуге күш саламыз, – дейді команда жаттықтырушысы Әсел Ақшалақова.
Білім бәйгесінде «Мұрагер» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының «JelToqSun» командасы да өз санатында бірінші орын алды. Сонымен қатар, «M2T» және «Astrix» командалары инженерлік шеберлігі үшін марапатталып, Орталық Азия кезеңіне жолдама иеленді.
Аймақтың алапасын асырған оқушыларының бұл жетістігі – өңірде роботтехника мен инженерлік білімге жүйелі түрде көңіл бөлініп жатқанын көрсетеді. Ал, жас инженерлер үшін бұл дода – халықаралық дәрежедегі биік белестерге жеткізер алғашқы баспалдақтардың бірі ғана.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»



