Білімді жерде қалмайды
Осы жылдың қыркүйегінде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Президенттік жастар кадр резервіне іріктеудің 3-кезеңі басталады. Бұған дейін өткен екі кезеңде облыстан дарынды, бастамашыл, жаңаша ойлайтын 350 жас іріктеуден өтіп, резервке алынған болатын. Бүгінде олардың 264-і мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік секторда жұмыс істейді. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы Ербол Жолданғар Президенттік жастар кадр резервіне кезекті іріктеу мәселелерімен бөлісті.
– Мемлекеттік басқарудағы жағдай мемлекеттік қызметке жас әрі талантты кәсіпқойларды тартуды, басқарушылардың жаңа буынын қалыптастыруды талап етіп отыр. Бұған дейін екі рет іріктеу өтті. 2019 жылы өткізілген іріктеу бойынша облыстан резервке – 300, 2021 жылы 50 адам алынды. Олардың 128-і – орталық мемлекеттік органдарда, 38-і – жергілікті атқарушы органдарда, 57-сі – ұлттық компанияларда, ал, 41 жас өзге ұйымдарда табысты қызмет етуде, – дейді Ербол Қабдығалиұлы.
Департамент басшысының айтуынша, іріктелген жастардың арасында ел игілігі жолында жоғары лауазымда қызмет істеп жүргендері де бар екен. Мәселен, 31 адам саяси лауазымға, 6 жас «А» корпусының лауазымына тағайындалған. Тіпті, біреуі – Мәжілісте, екеуі – мәслихат депутаты.
Президентік жастар кадр резервіне ілігу жастар үшін жақсы мүмкіндікпен қатар, мансап жолында көтерілуге жол ашатынын да айту керек. Яғни, резервке іліккен жас жерде қалмайды. Оған іріктелген резервшілер мемлекеттік органдар жанындағы консультативтік-кеңесші органдар мен қоғамдық кеңестер жұмысына да белсенді атсалысып, үлестерін қосып жүргені дәлел. Оның үстіне, түрлі деңгейдегі лауазымдарға да бірінші ұсынылатыны да осы жастар. Агенттіктің алдындағы мақсат аталған жастардың әлеуетін толық пайдалану.
Баспасөз мәслихатында Ербол Қабдығалиұлы биылғы өтетін үшінші кезеңде қай салаға ерекше көңіл бөлінетінін де айтты. Департамент басшысының айтуынша, үшінші кезеңде іріктеу мемлекеттік аппараттың салалық кадрларға қажеттілігін ескере отырып, мақсатты түрде жүреді.
– Биыл іріктеу инфрақұрылымды, өнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты, агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған ортаны қорғау, сыртқы саясат және инвестициялар, экономикалық және қаржылық саясат, цифрландыру, әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам сияқты салаларды қамтиды. Бұл ретте, үміткерлермен әңгімелесу кезеңіне міндетті түрде салалық орталық органдар қатысады, – дейді Ербол Жолданғар.
Ал, үміткерлерге қойылатын талаптар өзгеріссіз. Яғни, жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі бар ел азаматы болуы тиіс. Одан бөлек, 5 жыл жалпы жұмыс тәжірибесі және мемлекеттік тілді В1 деңгейінде меңгеруі тиіс. Іріктеу Президент Жарлығымен бекітілген ережелерге сәйкес, 6 кезеңнен тұрады әрі желтоқсан айына дейін жалғасады.
Резервке іріктеуге қатысу үшін кандидаттар құжаттарын 2023 жылдың 1-30 қыркүйегі аралығында pkrezerv.gov.kz арнайы сайтта онлайн режимде тапсыра алады. Іріктеуде «бармақ басты, көз қысты» деген жоқ. Себебі, бағалаушылардың өздері кандидаттардың кім екенін білмейді. Яғни, деректері жеке нөмірмен жасырылады. Талапқа сәйкес кандидат іріктеу кезеңіне өтеді. Бұл – бірінші кезең. Екінші кезеңде үміткерлердің мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілеті бағаланады.
– Екінші кезең үміткерлердің мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін анықтауға бағытталған екі бөлек тестілеу блогынан тұрады. Әр тестілеудің ұзақтығы – 25 минуттан аспайды. Аудиобейне жазбамен өтетін тестілеу прокторинг жүйесімен қадағаланады, – дейді Ербол Жолданғар.
Үшінші, ситуациялық тапсырмалар кезеңінде үміткерлер өздері таңдаған салалық бағытқа байланысты нақты проблемаларды шешеді. Дәл осы кезеңде эссе жазады. Тапсырмаларды тиісті бағыттар бойынша сарапшылар бағалайды.
Төртінші кезеңде құзыреттері бағаланады. Атап айтқанда, сұхбат жүргізіледі. Ол Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының базасында офлайн форматта өтеді. Атап айтқанда, кандидаттардың мінезін 15 сертификатталған бағалаушы және 5 супервизор саралайды. Сұхбат кандидаттардың ішкі уәждемесін және құндылық бағдарларын айқындайтын құзыреттерді анықтауға бағытталады.
– Іріктеудің бесінші кезеңінде үміткерлер сарапшылық комиссиясымен әңгімелеседі. Бұл ретте сарапшылар қатысушылардың жеке нәтижелерін ұсынады және оларға түсініктеме береді. Комиссия отырысының қорытындысы бойынша Ұлттық комиссия отырысында қарауға ұсынылатын қатысушылардың тізімі жасалады, – дейді департамент басшысы.
Ал, соңғы алтыншы кезеңде Ұлттық комиссияның отырысында Президенттік жастар кадр резервіне үздік 50 кандидат қабылданады. Ол биылғы жылдың 25 желтоқсанына дейін өтеді деп жоспарланған.
Резервте болу мерзімі – 3 жыл. Резервке алынған жастар заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік саяси лауазымдарға, «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына, «Б» корпусының басшылық лауазымдарына және «Б» корпусының А санаттар тобының лауазымдарына тағайындалуы мүмкін.
Іріктеудің ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ету үшін кандидаттарды бағалау нәтижелері олардың жеке кабинетінде және кезең қорытындысы бойынша сайтта жарияланатынын айту керек.
Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz