БілімЖаңалықтар

Білімді жастардың аламаны

Өңірде жыл сайын облыстық білім басқармасы мен «Сарыарқа дарыны» аймақтық-ғылыми практикалық орталығының ұйымдастыруымен өткізілетін жалпы білім беретін 15 пән бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңі басталды. Биыл аталмыш олимпиадада 826 бала бақ сынауда.  9-11 сынып оқушылары жаратылыстану-математикалық, 10-11 сынып оқушылары қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша тапсырма орындайды.

Суретті түсірген Александр МАРЧЕНКО

Олимпиада ІІ кезеңнен тұрады. Оқушыларға қойылатын сұрақтың деңгейі – беймәлім. Барлық сұрақты «Дарын» республикалық аймақтық ғылыми-практикалық орталығының мамандары арнайы әзірлеген. Ал, жауаптарын жоғарғы оқу-орынының профессорлары мен білікті ұстаздар тексереді. Облыстық кезеңнен үздік шыққан оқушы республикалық деңгейде бақ сынайды. Ал, республикадан топ жарса жоғарғы оқу-орындарының тегін гранты тағайындалады.

– Былтырғы олимпиаданың республикалық кезеңінің қорытындысы бойынша Қарағанды облысы үздік ондыққа енді. Ал, №1 білім-иновация мектеп интернаты – «Ең үздік мектеп» атанды. Сондай-ақ, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша өңірде 47 оқушы халықаралық деңгейдегі олимпиаданың жеңімпазы атанды. Әрі жеңімпадардан бөлек, 15 балаға жоғарғы-оқу орындарынан арайы грант тағайындалды. Биыл да сол жетістігімізді қайталаймыз деген үміттемін, – деді «Сарыарқа дарыны» аймақтық-ғылыми практикалық орталығы директорының міндетін атқарушы Асхат Кәкетаев.

Биыл Қарағандыдағы Н.Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-интернатынан 17 оқушы бақ сынауда. Қалалық деңгейден үздік нәтиже көрсеткен мектептің 9-сынып оқушысы Балжан Құдайбергенованың облыстық олимпиадаға бірінші мәрте қатысуы екен.   

– Қобалжып тұрғаным рас. Алайда, өзіме деген сенімім, дайындығым да тамаша. Біз отбасымызбен есепке жақынбыз. Сіңілім де түрлі деңгейдегі олимпиадаларға қатысып жүр. Кішкентайымнан есеп шығарып, физика пәніне деген қызығушылығым сол уақыттан арта түсті. Болашақта инженер болғым келеді, – дейді ол.

№2 лицейдің 11-сынып оқушысы Аңсар Сейітқали жастайынан химияға жаны әуес. Былтыр ол Президенттік олимпиадаға қатысып, үздік нәтиже көрсетіпті.

– Бұл олимпиаданың бізге беретін мүмкіндігі мол. Жаратылыстану-математика бағытындағы жаныма жақыны – химия пәні. Былтыр Президенттік олимпиадаға қатысып, жақсы нәтиже көрсеттім. Биыл осы олимпиададан топ жарып, республикалық кезеңге жолдама алғым келеді. Егер, ол кезеңнен үздік шықсам, ЖОО-да тегін оқимын. Оқуымды тәмамдаған соң мұғалім болып, шәкірт тәрбиелеймін, – дейді Аңсар Сейітқали.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button