Білім сапасы – назарда
Жақында өткен облыстың білім басқармасының алқа отырысына облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов қатысты. Педагогикалық қоғам алдындағы міндеттер мен білім беру саласының басты мәселелері талқыланған жиынға 300-ге жуық мұғалім қатысты.
Алқа отырысында мектепке дейінгі білім беруді дамытудың өзекті мәселелері айтылып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Тәрбие және білім» бағдарламасының жүзеге асырылу жайы талқыланды. Оған қоса, Балқаш қаласы, Абай, Бұқар жырау аудандарында «Білім туралы» Заң аясында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстары сөз болды.
Жалпы, биыл облыста «Тәрбие және білім» бағдарламасын жүзеге асырудың барлық бағыттары бойынша 142 мыңнан астам адамды қамтыған 586 іс-шара өткізілген. Іс-шаралардың басым көпшілігі білім беру саласының басым бағыттарын қамтиды. Мысалы, мектепке дейінгі білім беру жүйесін дамыту бойынша қазіргі таңда облыста 534 мектепке дейінгі ұйымда 51 мыңнан астам мектеп жасына дейінгі балалар тәрбиеленуде. Осы бағытта жыл басынан бері өңірде 1 230 орындық 17 мектепке дейінгі тәрбие ұйымы ашылды. Оның 15-і – жекеменшік (920 орын). Бұл бір жастан алты жасқа дейінгі балаларды 83,8-ден 84,1% – ға дейін қамтуға мүмкіндік берді. Жыл соңына дейін Жаңаарқа және Абай аудандарында 334 орынға арналған 3 мектепке дейінгі тәрбие ұйымын ашу жоспарлануда. Облыс бойынша ең төменгі қамту Жезқазған (73,4%) және Теміртау (78,2%) қалаларында байқалған. Соңғы бірнеше жыл ішінде Приозерск, Қаражал қалаларында, Ақтоғай, Ұлытау аудандарында жаңа орындар ашылмауы себепті өңірлерде кезек күту әлі күнге бар көрінеді.
Бұл жөнінде облыс әкімінің орынбасары бөбекжай топтарының санын арттыру жөніндегі міндеттерді тек бюджет қаражаты есебінен ғана емес, сонымен қатар, жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар желісін дамыту есебінен де шешу қажет екенін айтты. Мектепке дейінгі білім берудің алдында тұрған негізгі міндет білімнің сапасын арттыру екенін де тілге тиек етті. Сондай-ақ, жиында көпбалалы отбасыларды әлеуметтік қолдауды қамтамасыз ету жайы сөз болды. Бүгінгі таңда баланың тамақтану құнының 50% – ын өтеуді Шахтинск, Балқаш, Қарағанды, Саран, Сәтбаев, Приозерск, Абай, Осакаров, Шет аудандарының жергілікті атқарушы органдары іске асырып отыр. Бұл өңірлерде көпбалалы отбасылардан шыққан 2 194 бала жеңілдікпен қамтылған. Өкінішке қарай, Қаражал, Теміртау, Жезқазған қалаларында, Қарқаралы, Ақтоғай, Ұлытау, Жаңаарқа аудандарында өтемақы төлеу мәселесі әлі күнге дейін шешілмеген. Осы орайда облыс әкімінің орынбасары қалалар мен аудандардың білім бөлімдеріне 1 жастан 3 жасқа дейінгі балалар үшін бөбекжай топтарын ашу және жалпы үлгідегі балабақшаларда инклюзивті топтарды ұлғайту үшін жағдай жасауға тапсырма берді. Сондай-ақ, бірнеше аудандардың білім бөлімдеріне көпбалалы отбасыларды әлеуметтік қолдау жөніндегі жұмысты жандандыруды міндеттеді. Алқа отырысы аясында қалалық педагогикалық шеберлік орталығы қызметкерлері «4К дағдылары» семинар-практикум өткізіп, оған 250- ден астам білім беру қызметкерлері қатысты. Білім беру ұйымдарының оқутәрбие үдерісінде 4К моделін және оны жүзеге асыру тәсілдерін түсіндірген мамандар білім жүйесін дамытудың жаңа бағдарламаларына тоқталды.
Балалар мен жасөспірімдер сарайында өткен шараға облыстың білім беруді дамыту жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы М.Жошина, алқа және қоғамдық кеңесінің мүшелері, аудандық және қалалық білім бөлімдерінің басшылары, мамандандырылған мектеп-интернаттардың басшылары қатысты.
Өз тілшімізден.