Білім сапасы күн тәртібінен түспеуі тиіс
Білім – баға жетпес үлкен рухани күш, сонымен қатар, аса зор өндіргіш құрал. Сол себепті де бүкіләлемдік жаңа идеология ең әуелі білімнің теңдессіз күшіне арқа сүйейді. Сондықтан да, жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан білімге үлкен басымдық беріп отыр.
Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты, ҰҒА корреспондент-мүшесі,
заң ғылымдарының докторы, профессор
Қазақстан Президенті Н.Назарбаев «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында: «Төртінші басымдық – адами капитал сапасын жақсарту. Ең алдымен, білім беру жүйесінің рөлі өзгеруге тиіс. Біздің міндетіміз – білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру. Оқыту бағдарламаларын сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттау қажет», деп атап өткен болатын.
Осыған байланысты экономиканы, соған сәйкес Білім және ғылым министрлігінің міндеттерін жаңғырту жолында білім беру жүйесінің рөлін қайта бір ой елегінен өткізудің маңызы ерекше. Біз бұл мақаламызда білім саласында жеткен жетістіктерімізді емес, қордаланған өзекті мәселелерге тоқталу мақсатын қойдық. Олардың біразын тізбектеп кетсек: жоғары оқу орындарында профессорлық-оқытушылар құрамы тұрақталмаған; білім беру бағдарламаларының мазмұны нарық талаптарына сай қамтылмаған; үш тілді білім беру бағдарламалары толыққанды енгізілмеген; жоғары оқу орындарының ғылыми әлеуеті тиімсіз пайдаланылады, университеттік ғылыми көрсеткіштер өте төмен; профильдік докторантурада кадрларды дайындауға грант бөлінбейді; постдокторантура жоқ; мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алған түлектерді жұмысқа орналастыру мәселесі шешілмеген; инновациялық құрылымды қолдаудың институттық нысандары толық дамымаған; өркениетті елдермен салыстырсақ, біздің ғылыми зерттеулер үлесіміз он есе төмен; қаржыландырылатын ғылыми-зерттеулік жобалардың 0,1% ғана коммерцияландырады; инновациялық парктер, стартап аймақтар және конструкторлық бюролар инфрақұрылымдары дамымаған; жатақханаларда студенттерге орын жетіспейді; университеттік ғылымды бизнес құлықсыз қаржыландырады, өндіріспен тиімсіз жұмыс жүргізіледі; ведомствоаралық кедергілер, сондай-ақ жеке секторда экономикалық ынталандыру шараларының болмағандығынан білім, ғылым және өнеркәсіп салалары тиімді біріге алмай жатыр…
Білім беру сапасының критерийі оқу орындары түлектерінің білімін аттестаттау емес, олардың еңбек нарығындағы кәсіптік қажеттілігі болуы шарт. Сонда ғана білім беру саласындағы өкілетті органның рөлі білім беру субъектілерінің қызметін бақылаумен ғана шектелмей, осы бағыттағы бірлескен күш-қимылдарды үйлестіруді, оларға қолдау көрсету және озық үлгілі идеялар мен технологияларды дайындап шығаруды қамтитын болады.
Барлық жоғары оқу орындарының дербестігі мен теңдігін заңдық тұрғыда бекіткен жөн. Шет елдердің тәжірибесі білім берудің сапасы сандық емес, ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру, оқыту, ресурстармен қамтамасыз ету, оқытушылар құрамының кәсіптік құзыреті және халықаралық қызметті ұйымдастыру деңгейлеріне, сондай-ақ, аккредиттеуден өтуі және басқа осы сияқты сапалық факторларға тікелей байланысты екендігін көрсетеді. Егер жоғары оқу орындарын лицензиялау жайында сөз етер болсақ, бұл ретте оқу орындарында мамандықтардың қайталануы және кадрларды ЖОО-ның өз профильдеріне сай емес мамандық бойынша даярлауына назар аударғым келеді. ЖОО-ның арасындағы бәсекелестіктің де қалыпты емес екенін айта кеткен жөн. Жоғары оқу орындарын мамандықтар бойынша емес, даярлау бағыттары бойынша лицензиялауға көшетін кез келді. Бұл әлемдік тәжірибеде бар: жоғары оқу орындары білім беру бағдарламаларын еңбек нарығының сұраныстарын ескере отырып, даярлықтың бағыттарының ішінде, өз беттерінше әзірлеп шығарады.
Мұндай жағдайда жоғары оқу орындары қоғам алдында кадрлар даярлаудың сапасы үшін әлеуметтік жауаптылықта болады. Жұмыс берушілердің тікелей қатысуымен нақтылы кадрлар даярлау жүзеге асырылады. Бұл жоғары оқу орындары студенттерінің білім беру бағдарламалары бойынша контингентін олардың бәсекелестігі және еңбек нарығының сұранысы негізінде құрап шығаруға алып келеді.
Білім сапасы тек кәсіпорындармен тығыз байланыс орнатылған және қоғам алдында жауапты болған жағдайда ғана қамтамасыз етіледі. ЖОО қызметінің тиімділігі, ең алдымен, оның қаржылық тұрақтылығына негізделеді. ЖОО-ның тұрақты қаржылық жағдайы ғана оның сапалы академиялық, зерттеу және басқа да бағыттарын қамтамасыз ете алады. Бұл жерде ЖОО қызметін экономикалық реттеу тетіктерін енгізу мәселесін қарастырудың маңызы ерекше деп білемін. Атап айтқанда, ЖОО-ның жеке меншік (жарғылық) капиталына талапты күшейту және айыппұл санкцияларын енгізу қажет.
Қазақстанда PhD докторы дәрежесін Білім және ғылым саласын бақылау жөніндегі комитет береді. Бұл ЖОО ғалымдарына сенімнің жоқтығын білдіреді. Соған қарамастан ғалымдардың басым бөлігі жоғары оқу орындарында шоғырланғаны белгілі. ЖОО ғылымына қолдау жасау керек және ғылыми дәрежелер беру мәселесін ЖОО құзырына берген жөн.
Профессор-оқытушылар құрамының беделін көтеру мақсатында жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының ғылыми-педагогикалық қызметшілеріне қойылатын біліктілік талаптарына өзгерістер енгізуді ұсынамыз.
Ғалымдардың нөлдік емес импакт-факторы бар халықаралық ғылыми журналдарда жариялауға тиіс ғылыми еңбектеріне қойылатын талаптарды да қайта қарау керек, өйткені барлығы бірдей жарияланымдардың санын толтыруға ұмтылады, ал сапасы жақсарта түсуді қажет етеді.
Отандық ғалымдар еңбектерінің қазақстандық ғылыми метрикалық базасын құру қажеттігі пісіп-жетілді. Бізге отандық ғалымдар еңбектерінің беделін шетелдік ғылыми метрикалық мәліметтеріне қарамастан көтеру керек.
Біз министрліктің білім беру гранттарының санын тек жоғары білімге ғана емес, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруге де көбейту жөніндегі бастамасын қолдаймыз. Сонымен қатар, ол қазақстандық жастардың шетелдерге кетуі проблемасын шешудің бір жолы болып табылады.
Жоғары оқу орындарына түсудің шекті деңгейін сақтауға байланысты жас түлектердің қомақты бөлігінің шет елдерге кетіп қалуы орын алып отыр, шет елде қазақстандықтарға мұндай талаптар қойылмайды. Біздің азаматтардың бұл жағдайда жұмсайтын қаржысы шаш-етектен. Бұл жерде де мәселеге мемлекеттік тұрғыдан қарамау көрініс береді.
Педагог мамандардың еңбегіне ақы төлеу өте өзекті мәселелердің бірі болып қалып отыр. Еліміздегі білім саласы қызметкерлерінің орташа еңбекақысы Қазақстан бойынша орташа еңбекақының 62 пайызын құрайды. Ал педагогтер арасында барынша аз алатындар – мектепке дейінгі білім педагогтері – 41%. Жоғары оқу орындарының орташа еңбекақысы жөнінде айтар болсақ, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына кіретін елдердегіден әлдеқайда төмен. Мысалға, Латвияда оқытушылар шамамен 1112 АҚШ доллары мөлшерінде еңбекақы алады, бұл дегеніңіз, біздегіден 3 еседей артық. Қазақстан білім беру жүйесінің жағдайы және оны одан әрі дамыту жөніндегі Ұлттық баяндамада аталып өткендей, педагогтердің біліктілік деңгейін және еңбекақысын көтеру үшін олардың қызметтік өсуінің жаңа жүйесін қалыптастыру қажет. Педагогикалық қоғамдастық ұсынып отырғандай, мұғалімдерге 25-30 жыл еңбек сіңірген қызмет өтілін қайтару және зейнеткерлікке мерзімінен бұрын шығу мүмкіндігі туралы мәселені қарастыру қажет. Педагог үшін 63 жаста зейнеткерлікке шығу – педагогикалық кәсіп бойынша өте азапты, ауыр жол. Кез келген психолог бұл кезеңде кәсіптік «тоқырау» өріс алатынын айтады. Өзіңіз алаңда балаларды қуалап, олармен түрлі қимыл-қозғалысқа түсетін ойындар ойнап жүрген 63 жастағы балалар бақшасының тәрбиешісін көзіңізге елестетіп көріңізші. Тағы бір маңызды мәселе, мектеп мұғалімдерінің дені әйелдер болып отырғандығы. Қазіргі таңда еліміздің білім беру мекемелерінде еңбек ететін қызметкерлердің, нақтырақ айтсақ, ұстаздардың 80-85 пайызы әйелдер. Мектеп директорлары мен олардың орынбасарлары қызметінде де әйел мұғалімдердің қарасы қалыңдап келеді. Тіпті, денешынықтыру, әскери тәрбие пәндерінен де қыз-келіншектер сабақ беретініне етіміз үйреніп қалды. Міне, осы үрдіс енді жоғары оқу орындарына да ауыса бастаған сияқты. Себеп белгілі – еңбекақы аз, ынталандыру мардымсыз. Әлбетте, балалар үшін әке қандай қажет болса, ер мұғалімдердің де сондай маңызы бар. Жастарымыздың бойында еркекке тән өжеттік, мәрттік, батылдық рухы әлсіреп бара жатқаны туралы пікірлер жиі айтылады. Осыған орай білім беру жүйесінде еңбек ететін ер-азаматтардың үлес салмағын көбейтуге қатысты іс-шаралар кешенін жасап, жүзеге асыруға да мемлекеттік маңыз беретін уақыт жеткен сыңайлы.
Қорыта келгенде, экономиканы жаңғырту жолындағы білім беру жүйесінің рөлі барынша арта, маңыздана түскені көзге ұрып тұр. Бұл ретте, кадрлар даярлаудың сапасына, сондай-ақ салалық министрліктер, ұлттық компаниялар және бизнес өкілдері де жауап беретінін есте ұстауымыз керек. Мысалға, «Болашақ» стипендиясын беру рәсіміне айқындық беру үшін үміткерлерді іріктеу жөніндегі комиссияның құрамына ірі ұлттық компаниялардың, холдинг, кәсіпорындардың өкілдерін енгізу керек. Өйткені, нақ солар әлеуетті жұмыс берушілер болып табылады.
Бүгінде ел игілігі үшін тер төгіп жүрген «Болашақ» түлектері көп. Дегенмен, солардың барлығы дерлік мемлекет тарапынан жасалған қамқорлықты, артылған сенімді ақтады ма? Меніңше, жоқ. Мәселен, мемлекет қаржысы есебінен шетелдерде оқып, елге қайтпай қалғандар да жетіп-артылады. Алдағы уақытта бұл бірегей жобаны да ұдайы назарда ұстап, «Болашақ» үшін жұмсалған қаржы-қаражатты еселеп қайтарып алудың тетіктерін жан-жақты ойластырған жөн.
«Ертеңін ойламаған ел азады», дейді халық даналығы. Барын бағалап, жоғын саралап отыратын, өскелең ұрпағына талапқа сай байыпты білім, қалыпты тәрбие бере білетін ел озады. Сол тұрғыда қазақстандық жоғары білім жүйесі де бәсекелестікке қабілетті болуы шарт. Өйткені, бәсекеге қабілетті білім бәрін жеңеді.
(«Егемен Қазақстан» газетінен).