БілімРесми

Білім саласының жаңа белесі

2022 жыл аяқталуға жақын. Барыс жылында облыстың білім беру саласы қандай табысқа жетті? Жаңа жылға жоспар қандай? Осы және өзге де мәліметтерді Қарағанды облысы білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.

БАЛАБАҚШАЛАРДА ЖАҢА ӨЗГЕРІС

– Білім беру жүйесінің негізгі міндеттерінің бірі – мектепке дейінгі білім берудің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету. Қазіргі таңда балаларды балабақшамен қамту – 79,5 пайыз. Биыл 2 мыңға жуық жаңа орын ашылды, оның ішінде 10 жаңа балабақшада 610 орын және жұмыс істеп тұрған балабақшалар 1 364 орынға кеңейтілді. Келесі жылы тағы 840 жаңа орын ашылады деп жоспарлап отырмыз, – деді Гүлсім Қожахметова.

Балабақшаларда ерекше білім беруді қажет ететін балаларға да жағдай жасалып жатқаны айтылды. Биыл Теміртау, Балқаш, Шахтинск қалаларындағы 9 балабақшада 14 инклюзивті топ ашылған.

2023 жылдан мектепке дейінгі ұйымдарда бірқатар өзгерістер болмақ. Мемлекеттік тапсырысты орналастырудың жаңа ережелері қабылданды. Жаңа жылдың 1 қаңтарынан барлық балабақшалар мен жекеменшік нысандар конкурстан өтеді. «Енді мектепке дейінгі ұйымдар өздерінің құқық белгілейтін және рұқсат беретін құжаттарын ұсынуы, сондай-ақ, өрт қауіпсіздігі талаптарына сай болуы және білікті педагогикалық кадрлармен қамтамасыз етуі тиіс», – деді басқарма басшысы.

АЙМАҚТА 20 МЕКТЕП ЖАҢҒЫРТЫЛАДЫ

Ауыл мен қала мектептерінің оқыту сапасында алшақтық бар. Осы алшақтықты жою мақсатында ауыл және шағын қала мектептерін жаңартуға ерекше көңіл бөлінуде.

Биыл облыста 47 мектеп жаңартылған. Оған бюджеттен 2 млрд. теңге жұмсалған.

«2023 жылы 997 млн. теңге сомасына тағы 20 мектепті жаңғыртуды жоспарлап отырмыз. 2 мектеп күрделі жөндеуден өтеді. Оған 350 млн.теңге бөлінеді. Ал, 297 млн. теңге сомасында 7 мектепке жөндеу жұмыстары жасалады», – деді Гүлсім Шабданқызы.

Бұдан бөлек, мектеп асханалары, мектеп жиһазы, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған құрылғылар және кей мектептердегі пәндік кабинеттер жаңартылатынын айтты.

Биыл «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» қайырымдылық бағдарламасы аясында Ақтоғай ауданындағы К.Бәйсейітова атындағы тірек мектебінің материалдық-техникалық базасы толығымен жаңартылды. 2023 жылы облыстың 4 мектебінде, атап айтқанда Абай, Бұқар жырау, Осакаров, Шет аудандарындағы мектептің материалдық-техникалық базасы жаңартылады.

8 ЖАҢА АВТОБУС БЕРІЛЕДІ

Оқушыларға әлеуметтік қолдау көрсету жұмыстары жалғасуда. Биыл жалпыға бірдей білім беру қорына қаражат бөлу, ыстық тамақ пен тасымалдауды ұйымдастыру жұмыстарына ерекше көңіл бөлінді. Мәселен, оқу жылының басында материалдық көмек ата-аналар шотына жіберілді. Бұл ата-аналардың мектеп формасы мен қажетті кеңсе тауарларын өз бетінше алуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, жан басына шаққандағы қаржы көлемі ұлғайтылды.

 Облыстың 7 ауданының 118 елді мекенінде 1 554 оқушы тасымалданады. 2022 жылы тасымалдауға қажетті көліктер жаңартылды. Жаңа автобустар сатып алынды. Қараша айында 19 автобус ауыл мектептеріне пайданалуға берілді. Енді 8 автобусты жеткізу жоспарлануда.

Қазіргі таңда облыста 2748 мүмкіндігі шектеулі бала білім алуда. Шахтинск қаласында аутизммен ауыратын балаларға қолдау көрсету орталығы, психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация, 3 инклюзивті қолдау кабинеті ашылды. 2023 жылы Саран қаласында психологиялық-педагогикалық түзету кабинетін ашу жоспарланған.

ОҚУШЫЛАР САРАЙЫ АШЫЛАДЫ

Облыста 93 мектептен тыс қосымша білім беру ұйымы жұмыс істейді. Бюджет қаражаты есебінен 3100 үйірме мен 4597 секция тегін қызмет етеді, оған 75176 бала қатысады. Жалпы, биыл 126 мыңға жуық бала (125 927 немесе 75,3%) қосымша біліммен қамтылған.

– Балаларды қосымша біліммен қамту мемлекеттік тапсырыс аясында жүзеге асырылады. Биыл осы бағыт бойынша 69 млн.теңгеге жуық қаражат бөлінді. Бұл 2 мыңнан астам баланы тегін үйірмелермен қамтуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар биылғы оқу жылында Нұра ауданында 50 орындық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығы өз жұмысын бастады. Сондай-ақ, 2025 жылға дейін Теміртау және Қарағанды (Пришахтинск және Майқұдық) қалаларында 600 орындық екі Оқушылар сарайын салуды жоспарлап отырмыз, – деді басқарма басшысы.

ЖАҢА МЕКТЕПТЕР САЛЫНАДЫ

2025 жылға дейін облыста 22 жаңа мектеп салу жоспарда. Оның төртеуі жергілікті бюджеттен, 18-і «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынады.

Апатты мектептердің орнына Қарқаралы ауданындағы Талды ауылдық елді мекенінде 200 орындық, Бұқар жырау ауданының Новостройка ауылында 150 орындық жаңа мектеп құрылысы басталды. Оны 2023 жылы аяқтау жоспарлануда. «Оқушы орындарының тапшылығын жою үшін Қарағанды қаласында 2 мектеп салынады. Күнгейде 600 орындық, қаланың Оңтүстік-Батыс бөлігінде 900 орындық мектеп салу мәселесі қарастырылуда. Бүгінгі күні олар бойынша жобалық-сметалық құжаты әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға жіберілді», – деді Гүлсім Шабданқызы.

Білім басқармасының басшысы облыстың білім беру жүйесін дамыту жұмыстары әрі қарай жалғасын табатынын айтты.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button