Білім саласының жаңа белесі
Өткен жылдан бастап карантин жағдайында оқу процесін ұйымдастырудың ерекшелігі қашықтан оқыту болды. Мұғалімдерге жедел түрде жаңа цифрлық технологияларды игеруге, оқушыларға – оқытудың жаңа форматын үйренуге, ата-аналарға – оқу процесіне толықтай кірісуге тура келді. Өткен оқу жылын сараласақ, осы бір басты өзгерісті атап айтқан жөн.
Бұл кезде қалыпты өмір арнасы өзгерді. Білім саласы да айтарлықтай өзгерістерге бейімделді. Педагогтерді қайта оқытуды, мектептердің бір бөлігінің штаттық режимде қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету үшін қосымша компьютерлер мен санитарлық құралдар сатып алуды талап етті. Объективті қиындықтарға қарамастан, облыста тұрғындарды сапалы білім берумен қамтамасыз ету үшін жағдай жасау, бірыңғай білім беру кеңістігін сақтау бойынша мақсатты жұмыс жүргізілді.
Білім саласының бүгіні
Облыстың білім беру бюджеті 2020 жылы 187 млрд. теңгені құрады. Оның ішінде Білім беруді дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға 83,3 млрд. теңге бөлінді.
Бүгінгі таңда Қарағанды облысында 504 мектеп жұмыс істейді, оларда 204 мыңнан аса оқушы білім алады.
2020 жылы үш ауысымды оқытуды және апаттылықты жою мақсатында Жезқазған, Қарағанды қалаларында және Ұлытау ауданында 3 мектептің құрылысы аяқталды. Тағы 4 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның екеуі апаттық жағдайдағы және тағы екеуі үш ауысымдық мектепті алмастыратын болады. Тұтас алғанда, облыс бойынша 12 білім беру нысаны салынуда. Атап айтсақ, 4 мектеп, 2 балабақша, 2 оқушылар сарайы, 3 қосымша ғимарат және 1 жатақхананың құрылысы жүріп жатыр.
Апаттылықтың алдын алу үшін өткен жылы облыстық бюджеттен және «Еңбекпен қамту жол картасы» мен «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламаларының шеңберінде 448 білім беру нысанын жөндеуден өткізуге 17 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінді. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда, үш есе артық. Ал, биыл 4 млрд. теңгеге 99 нысанды жөндеуден өткізу жоспарланған.
Облыстың білім беру ұйымдарының цифрлық инфрақұрылымын дамыту үшін осы жылы 5 млрд. теңгеге 33,5 мың компьютерлік техника бірлігі сатылып алынды, КЖҚ-ге қосылу сапасын жақсартуға 307 млн. теңге бөлінді.
Биылғы жоспар ауқымды
Мемлекет басшысының мектептерді бейнебақылау жүйесімен жарақтандыру және ауладағы әжетханаларды мектеп ғимаратына ауыстыру бойынша тапсырмасы толық орындалды. Биыл атқарылатын жұмыстар барлық бейнебақылау жүйесін ақпараттықкоммуникативтік технологиялармен қамтамасыз етудің бірыңғай талаптарына сәйкестендіруге, қазандықтарды мектеп ғимаратынан сыртқа шығаруға, мектеп асханаларын қолма-қол ақшасыз төлемге кезеңкезеңмен көшіруге бағытталады. 2021 жылы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында облыстық 23 мектеп-интернаттың және облыс орталығындағы 5 мектептің асханаларын жаңартуға және пайдалануға бағытталған екі жоба іске асырыла бастайды.
Білімде жүйе бар
Білім беру мазмұны жүйелі және мақсатты түрде жетілдірілуде. Мектепалды жасындағы балалардың дайындық деңгейін көтеру үшін 2021 жылы 1 мен 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтуды 1 145 жаңа орынға көбейеді. Сонымен бірге, мектепке дейінгі жекеменшік ұйымдарда 1 320 жаңа орын ашу есебінен аталған деңгейді қамту 84%дан 84,4%-ға көбейту жоспарлануда.
Мектепке дейінгі ұйымдардағы әр баланы қамтамасыз етуді жан басына шаққандағы қаржыландыру нормаларына жеткізу жұмысы жүргізілді. Нәтижесінде бір балаға жұмсалатын шығын орташа есеппен 21,2 мыңнан 29,3 мың теңгеге көбейді. Биылғы жылы шығындарды 37 мыңға және одан жоғары арттыру жоспарлануда.
Қоғамдық рейтинг жүргізіледі
Мектепке дейінгі ұйымдардың жұмысын жақсарту үшін қоғамдық рейтинг енгізілуде. Қала мен ауыл арасында білім сапасының алшақтығын қысқарту мақсатында «Ауыл мектебі» және «Мектеп-интернат-колледж» жобаларын жүзеге асыру жалғасуда. Сонымен қатар, осы жылдан бастап «Уақытша отбасы» және «Ұтқыр мұғалім» жаңа жобаларын енгізу басталады. Бірінші жоба оқушылардың тірек мектебі орналасқан елдімекендегі отбасында тұруы үшін жағдай жасауға бағытталған. Ал, аталған екінші жоба шағын жинақтық мектептердегі білім сапасын жақсартуды көздейді.
Ауылдық жерде тұратын дарынды балаларды анықтау жүйесін енгізу жұмысы да жалғасуда. Осы жылы облыстың 41 оқушысы Елбасының «Ел Yмiтi» бастамасы бойынша өткен «Myń bala» республикалық ұлттық олимпиадасының жеңімпаздары атанды.
Инклюзивті білімге – ерекше назар
Өткен жылы ерекше білім алу қажеттіліктері бар балаларды қамту мектепке дейінгі ұйымдарда 30,5%дан 33,6%-ға, ал, мектеп қабырғасында 56,7%-дан 66,7%-ға артты. Мұндай көрсеткішке жетуге Қарағанды және Теміртау қалаларындағы мектептерде 96 топтың, 1 мыңнан астам инклюзивті сыныптың, 68 арнайы сыныптың, инклюзияны қолдау бойынша 3 ресурстық орталықтың ашылуы оң ықпал етті. Сонымен бірге, Абай қаласында ашылған психологтықпедагогикалық түзету кабинеті мен Теміртауда ашылған оңалту орталығы инклюзивті білім беруге айрықша назар аударылғанын көрсетеді.
Осы жылы инклюзияны қолдаудың 20 кабинетін, облыс орталығында тағы бір психо-мед и циналық – педагогикалық комиссияның, Қарағанды мен Сәтбаев қалаларында 2 түзету кабинетін ашу жоспарланған. Сондай-ақ, жұмыс істейтін арнайы ұйымдар мамандарының штаты көбейтілді. Осы қабылданған шаралардың арқасында мыңнан астам баланы оңалту көмегімен қосымша қамтуға мүмкіндік береді.
Үйірмелердің үйретері мол
Мектеп оқушыларының зияткерлік, рухани-адамгершілік және дене дамуын қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді. Оған қоса, қосымша білім беруді дамыту да басты назарда. Өткен жылы облыс бойынша қосымша біліммен қамту деңгейі 64%-дан 66%-ға артты. Бұған желілердің көбеюі арқылы қол жеткіздік. Өткен жылда ауыл мектептерінің базасында 21 қосымша білім беру ұйымының филиалы ашылды. Жаңаарқа және Ақтоғай аудандарында 2 қосымша білім беру орталығы, Бұқар жырау және Осакаров аудандарында 2 технопарк ашылды. Ағымдағы жылы Қарағанды мен Сәтбаев қалаларында оқушылар сарайын іске қосу жоспарланған.
Үйірмелер мен секцияларға әр баланың тартылуын нүктелік қадағалауға мүмкіндік беретін «Қосымша білім беру навигаторын» жасау жұмысы жүргізілуде.
«Рухани жаңғыру» жалғасуда
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында отбасындағы дәстүрлер мен рухани мәдениетті қайта жаңғырту мақсатында «Өнегелі өмір», «Бір отбасы – бір кітап», «Отбасы сағаты» жаңа онлайн жобалары жүзеге асырыла бастады.
Балаларды еліміздің тарихи-мәдени мұрасын зерттеуге қызықтыру мақсатында мектеп мұражайларын ашу жұмысы жалғастырылуда. Білім беру ұйымдарына тарихи тұлғалардың есімдерін беруге бағытталған «Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасы жүзеге асырылуда. Биылғы жылы 18 мектепке 18 есім берілді және 19 атаулық мұражай ашылды.
Балаға отбасы керек
Әлеуметтік жетімдіктің алдын алу және жетім балаларды орналастыруды насихаттау жұмысының нәтижесінде 2020 жылы 156 жетім бала отбасыларға берілді. Отбасылық балалар үйлері мен асырап алушы отбасылар саны 4-тен 6-ға көбейді. Тағы екеуін ашу жоспарда бар.
Жетім балаларға арналған 3 ұйым жабылғанын айта кету маңызды. Қалған 5 балалар үйі және Теміртаудағы КБО өмірлік қиын жағдайда қалған балаларды қолдау орталығы болып ауыстырылады.
Кәсіптік бағдар – бүгіннен
Оқушылар арасында кәсіптік бағдар беру жұмысына үлкен көңіл бөлінеді. Ерте бейіндеу негізінде үздіксіз кәсіптік білім беру моделі табысты жүзеге асырылуда, кәсіптік бағдар беру кабинеттері ашылды. Облыс бойынша олардың жалпы саны – 353. Оның ішінде 313-і жалпы білім беретін мектептерде орналасқан. Одан басқа, жеке қабілеттері мен тұлғалық қасиеттерін анықтау арқылы мамандықты саналы түрде таңдау үшін мектеп бітірушілерге арналған «MyCollege» жобасы жүзеге асырылуда. Оқу жылы ішінде каникул уақытында барлық колледждерде 9-11 сынып оқушылары нақты жағдайда түрлі мамандықтар бойынша кәсіптік сынақтамалардан өтетін болады. Бұл оқушыларға өздерін әр салада сынап көруге мүмкіндік береді.
Мұғалім мәртебесі – биік
Біз үшін мұғалімнің мәртебесі де маңызды. Биыл алғаш рет білім беру жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін 400 еселік айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі бір реттік төлемді қарастыратын жыл сайынғы «Қарағанды облысының Құрметті педагогі» мәртебелі марапаты тағайындалды.
«Қарағанды облысының білім берудегі 100 жаңа тұлғасы» кітабының бірінші басылымы жарық көрді. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан педагогтерге қызметтік пәтер бөлу жұмысы басталды. Осы жылы Саран қаласында, Ақтас кентінде 25 қызметтік пәтер беріледі.
Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде колледждерді жаңарту және қажетті мамандықтар бойынша білікті мамандарды даярлаудың халықаралық тәжірибесін енгізу мақсатында «Жас маман» республикалық жобасы табысты жүзеге асырылуда. Жоба облыстың 15 колледжінің базасында қолға алынған. Өткен жылы бұл колледждерде 376,6 млн. теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілді. 7 колледжде 1,8 млрд. теңгеге жабдықтар сатып алынды. Осы жылы 2,4 млрд. теңге көлемінде жаңа құзіреттер бойынша жабдықтар сатып алу жоспарланып отыр.
Білім берудің жаңа сапасы қалыптасады
Биылғы жылдың 1-қаңтарынан бастап 18 қала мен аудандардың білім бөлімдері, сондай-ақ, олардағы 840 білім беру ұйымы облыстық деңгейге көшті. Осылайша, әр мектептің және әр балабақшаның проблемалары мен қажеттіліктері облыстың бақылауына өтеді. Бұл қаржыландыруды жұмсау және арттыру жағдайын теңестіру мәселесін кешенді түрде шешуге мүмкіндік береді. Жаңа жылда білім беру жүйесін жетілдіру және Мемлекет басшысы мен Білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы қойған міндеттерді шешу жұмыстары жалғасатын болады. Бұл өңірлік білім беруді жаңа сапалы деңгейге шығаруға мүмкіндік береді.
Гүлсім ҚОЖАХМЕТОВА,
облыстық білім басқармасының басшысы.