Облыста қосымша білім беру қызметтерімен 161 033 бала қамтылған
Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қарағанды облысының білім беру жүйесіндегі негізгі өзгерістер инфрақұрылымды жаңартуға, қаржыландыру тетіктерін түзетуге бағытталды. Сондай-ақ, басқарудың цифрлық құралдарына кезең-кезеңімен көшуде ілкімді жұмыстар жүзеге асты. Жүргізілген жұмыстар, ең алдымен, білім берудің қолжетімділігін арттырып, аймақтың әртүрлі аумақтарындағы оқу жағдайларын теңестірді.

Мектепке дейінгі білім беру саласында екі жастан алты жасқа дейінгі балаларды қамту деңгейі 90,9 пайызды құрады. Жыл ішінде қосымша орындар енгізіліп, жаңа мектепке дейінгі ұйымдар ашылды, бұл қолданыстағы желіге түсетін жүктемені ішінара азайтуға мүмкіндік берді.
Қарағанды қаласында мемлекеттік және жекеменшік секторды қамтыған мектепке дейінгі ұйымдарды ваучерлік қаржыландыруды енгізу басталды. Бұл тетік қаржыландырудың ашықтығын арттыру және ата-аналар үшін қолайлылықты қамтамасыз ету құралы ретінде пайдаланылуда және 2026 жылдан бастап, облыс аумағына кезең-кезеңімен кеңейту жоспарлануда.
Әлеуметтік жағынан осал отбасылардан шыққан балалар үшін тегін тамақтандыру түріндегі қолдау шарасы сақталуда.
Мектепке дейінгі біліммен балаларды ұйымдардың меншік нысанына қарамастан қамтуды кеңейту міндеттерімен қатар, мектепке дейінгі білім беру мазмұны мен балаларда базалық дағдыларды қалыптастыру мәселелері де жұмыс бағытының негізгі назарында қалып отыр. Осыған байланысты, мектепке дейінгі ұйымдардың қызметінде педагог кадрлардың біліктілігін арттыруға, білім беру бағдарламаларын жаңартуға және оқу-тәрбие процесін сүйемелдеуге ерекше көңіл бөлінуде.
Балалары балабақшаға бармайтын отбасылар үшін 308 консультациялық пункттің жұмысы жалғасуда, олардың едәуір бөлігі (165) ауылдық жерлерде орналасқан.
Мектепке дейінгі білім берудегі басқару үдерістері SabiDamu платформасы арқылы біртіндеп цифрлық форматқа көшірілуде, бұл деректерді жүйелеуге және педагогтерге түсетін есептік жүктеменің көлемін қысқартуға мүмкіндік береді.
Орта білім беру саласында 2025 жылы орта білім беру инфрақұрылымын белсенді жаңарту жұмыстары жалғасты.
Жеті жаңа мектептің құрылысы аяқталып, 33 нысанда күрделі жөндеу жүргізілді, сондай-ақ, 232 нысанда ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылды.
Мектептердің материалдық-техникалық базасы едәуір жақсартылып, жаңа үлгідегі 78 пәндік кабинет сатып алынды, бұл физика, химия, STEM және роботтехника кабинеттерімен қамту деңгейін 90 пайызға жеткізуге мүмкіндік берді.
«Қазақстан халқына» қорының қолдауымен ауылдық жерлердегі тірек мектептерді дамыту жобасы іске асырылып, оның аясында 10 ауыл мектебі заманауи студиялармен және зертханалармен жабдықталды. Сонымен қатар, Теміртау қаласында 30 жалпы білім беретін мектептің спорттық базасы жаңартылды.
2025 жылы 71 680 оқушы тегін тамақпен қамтамасыз етілді, ал, тамақтану құны жаңа тамақтану стандартының енгізілуіне байланысты қараша айында ұлғайтылды.
«Әлеуметтік әмиян» енгізілді – бұл автоматты түрде рәсімделетін тамақтануға арналған цифрлық ваучер. Жұмыс алгоритмі қарапайым: отбасы баланың тегін тамақтану құқығы бар екені туралы хабарлама алады, ваучер eGov mobile қосымшасында іске қосылады, бала асханада QR-код, карта, Face ID немесе өзге де қолайлы тәсіл арқылы сәйкестендіріледі, содан кейін ата-анаға хабарлама келіп, қосымшада тамақ сапасын бағалау мүмкіндігі беріледі. Жобаны іске асыру үшін оқушылар саны 700-ден асатын облыстың 172 мектебінде аппараттық-бағдарламалық кешендер (АБК) орнатылды.
205 шағын жинақты ауыл мектептерінде «Бизнес-әмиян» мобильді қосымшасы қолданылуда, бұл білім беру ұйымдарының толымдылығына қарамастан барлығын қамтуға мүмкіндік береді.
Алыс елдімекендердегі балалар үшін оқу орнына дейін күнделікті тасымалдау қамтамасыз етілді, бұл мектеп білімінің қолжетімділігін сақтаудың маңызды шарты болып қала береді. Атап айтқанда, 102 шалғай елдімекеннен 987 бала күнделікті тасымалдаумен қамтылып, осы мақсатта 84 көлік бірлігі пайдаланылды.
Облыс оқушылары әртүрлі деңгейдегі олимпиадаларда жоғары дайындық деңгейін көрсетті. Халықаралық аренада мектеп оқушылары 95 қатысушының ішінен 53 жүлделі орынға ие болды, оның ішінде, 11 алтын, 27 күміс және 15 қола медаль бар. Облыс өкілдері Халықаралық химия олимпиадасына қатысу үшін ұлттық құраманың қатарына енді.
Ақпараттық технологиялар мен роботтехника саласында да айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді. Облыс оқушылары Еуразиялық және Жәутіков олимпиадаларының жүлдегерлері атанып, халықаралық роботтехникалық турнирлерде жеңіске жетті, «First Robotics» чемпионатында әлемнің үздік 20 командасының қатарына енді, сондай-ақ, Абу-Дабиде өткен «RoboCup 2025» халықаралық турнирінде бірінші орынды иеленді. Бұдан бөлек, облыс оқушылары Fibonacci EuroAsia Robot Olympiad Еуразиялық кезеңінде алтын медальдарды жеңіп алды.
«Қамқор», «Шабыт», «Smart bala» және «Балалар кітапханасы» сияқты өңірлік бастамалар табысты іске асырылуда, олар экологиялық, шығармашылық және зияткерлік бағыттарды қамтиды.
Рухтандыратын орта қалыптастыру мақсатында «Адал азамат» визуалды стилі енгізілуде. Ағымдағы жылы 31 мектепті толық тақырыптық безендіру тізімі бекітілді, оның ішінде, 7 мектепте жұмыстар толық аяқталды.
Балалардың жан-жақты дамуына және сабақтан тыс уақыттағы қамтылуына ерекше назар аударылуда. Қосымша білім беру қызметтерімен 161 033 бала қамтылып, бұл шамамен 92 пайызды құрайды.
Облыста «ақша баланың артынан жүреді» қағидатына және бірыңғай цифрлық кезекті пайдалануға негізделген балаларға арналған қосымша білім беруге бірыңғай мемлекеттік тапсырыс енгізілді. Жаңа тетік қаржыландырудың ашықтығын арттыруға және контингентті есепке алуды реттеуге бағытталған.
Қаржыландыру екі түрдегі ваучерлік жүйе арқылы жүзеге асырылады: мақсатты ваучерлер мемлекеттік ұйымдарда шұғылданатын балаларды есепке алу үшін қолданылады, ал, әмбебап ваучерлер көрсетілген қызметтер үшін мемлекеттік те, жекеменшік те жеткізушілерге нақты төлем жасауға пайдаланылады.
«Бір бала – бір ваучер» саясаты аясында «e-daryn» және «OQU» жүйелері арасында деректердің автоматтандырылған алмасуы жолға қойылды, бұл нақты уақыт режимінде қолданыстағы ваучерлердің бар-жоғын тексеруге және қосарланған қаржыландыру жағдайларын болдырмауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, өңір дарындарды дамыту бағытында жоғары нәтижелер көрсетіп отыр.
Облыс тәрбиеленушілері Оңтүстік Корея, Чехия, Түркия, Ресей және ТМД елдерінде өткен халықаралық байқауларда 120-дан астам жоғары марапаттар (Гран-при және І орындар) жеңіп алды.
Роботтехника бойынша құрама командамыз Сеул қаласында өткен әлем чемпионатында ІІ орынды иеленіп, үздік командалардың қатарына енді, ал, жас экологтар Прагада өткен халықаралық форумда алтын медальға қол жеткізді.
Инклюзивті білім беруді қолдау басым бағыт болып қала береді. Қазіргі уақытта ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың 85,1 пайызы арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтылған. Инклюзивті білім беру балабақшалардың 91 пайызында, мектептердің 95,3 пайызында және колледждердің 100 пайызында енгізілген.
55 қолдау кабинеті және 12 ресурстық орталық жұмыс істеп тұр.
ТиПО жүйесінде кадр даярлау салалардың нақты сұраныстары мен жаңа мамандықтар Атласының басымдықтарын ескере отырып, жүзеге асырылуда.
ТиПО жүйесінде техникалық мамандықтарға қабылдау көлемі орта есеппен 60 пайызға артты, бұл жаңа мамандықтар Атласының басымдықтарына толық сәйкес келеді. Ең жоғары өсім автокөлік жасау саласында (67 пайызға), цифрлық техникада (59 пайызға) және жол құрылысы бағытында (51,3 пайызға) тіркелді.
Ұлттық сандық трансформация және жасанды интеллектіні қолдану міндеттерін ескере отырып, Қарағанды кәсіби-техникалық колледжі өз профилін өзгертіп, «Цифрлық технологиялар және дизайн колледжі» болып аталды.
2026 жылы болашаққа қажетті құзыреттерді қалыптастыратын бес жаңа мамандық ашу жоспарлануда, оның ішінде, маркшейдерлік іс, химиялық тазалау және бұйымдарды бояу, графикалық және мультимедиялық дизайн бар.
Дуальды оқыту формасы дамытылуда, оны 8 891 студент қамтып отыр, сондай-ақ, мақсатты даярлық жүргізілуде.
Аймақтың жетекші кәсіпорындарымен, мысалы, Qarmet, Kazakhmys және басқаларымен тұрақты әлеуметтік серіктестік орнатылды. Жалпы, 124 кәсіпорынмен 101 меморандум жасалды.
Биыл Қарағанды облысының құрама командасы «WorldSkills Kazakhstan 2025» республикалық чемпионатында үшінші орынды иеленіп, бес алтын және жеті күміс медальға, сондай-ақ, кәсіби шеберлік үшін 14 медальонға ие болды.
«Жұмысшы мамандықтарының жылы» аясында Қарағанды облысының колледждерінен 7 студент Қазақстан Республикасының «100 үздік колледж студенті» республикалық конкурсының жеңімпаздары атанды.
Жыл қорытындысы бойынша кадрлық қамтамасыз ету, ерте даму сапасы және облыстың әртүрлі аумақтарындағы білім нәтижелеріндегі айырмашылықтарды азайту көзделді. Бұл бағыттар бойынша атқарылатын жұмыстар өңірдің білім беру жүйесін одан әрі дамытуға негіз ретінде қарастырылмақ.
Дулат ЖЕКЕБАЕВ,
Қарағанды облысы білім басқармасының басшысы



