Руханият

Білім ордасының биік белесі

1993 жылы Қазақ ұлттық университетінен кейін Қарағанды Бөкетов университетінде журналистика бөлімі ашылды. Кафедраның негізін қалаушы – М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Зарқын Тайшыбай. Содан бері осы мамандықтан екі мыңға жуық маман түлеп ұшып, еліміздегі жетекші бұқаралық ақпарат құралдарында еңбек етіп жүр. Кафедра мерейтойының аясында университетте біршама игі бастамалар қолға алынды. Солардың бірі – «Медиабілім беру бағытындағы журналистика және PR» форумы. Қарашаңырақ филология факультетінде ұйымдастырылған іс-шараға факультеттің 1998-2023 жыл аралығында бітірген түлектері, әр жылдары кафедрада қызмет еткен оқытушылар құрамы бас қосты.

Суреттерді түсірген Гүлнар ШОМЕНОВА

Іс-шараның ашылу салтанатына облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов те шараға арнайы қатысып, осы салада жүрген үздік журналист-түлектерді тілге тиек етті.

– Осы кафедраның түлектері тек өңірде ғана емес, республика бойынша еңбек етуде. Есімдері белгілі. Одан бөлек, шет елде қызмет істеп жүрген түлектеріміз де жоқ емес. Осының бәрін саралай келе кафедра мамандарының біліктілігін, деңгейін көруге болады. Баршаңызды осы бір атаулы мерекемен құттықтаймын, – деді Нұрлан Рахметуллаұлы.

Сонымен қатар, академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің Басқарма төрағасы – ректор Нурлан Дулатбеков сөз сөйлеп, «Buketov Radioсын» бас ғимараттан филология факультеті ғимаратына көшіру жайлы жаңалығымен бөлісті.

– Университет түлектері мен студенттері арасындағы байланысты нығайту – біздің басты мақсат. Мақсатымыз журналистика кафедрасының 30 жылдық мерейтойында іске асып отыр. Айта кетейін, жақында кафедра түлектерінің бірі шетелден біздің университетке сәлем жолдады. Ол өзінің университет қабырғасында алған білімінің нәтижесінде үлкен жетістіктерге жеткен. Сондай қуанышты жаңалығымен бөлісіп, университет ұстаздарына алғысын білдірді. Әрине, түлектерімізден осындай жылы лебіз есту – біз үшін үлкен сый. Біз әрқайсыңызбен мақтанамыз.

Өткен жолы студенттердің арасында біреуі тұрып, «Бізде жұмыс істеп тұрған «Buketov Radioс» неге Бас ғимаратта тұр? Бұл – журналистер үшін үлкен тәжірибе алаңы. Сондықтан, бұл оларға жақын орналасуы керек» деп ұсыныс айтқан еді. Сонда мен студенттердің өз ойын ашық әрі еркін жеткізе алатынына қуандым. Кейін осы мәселені қарап, радионы филология факультетінің ғимаратына көшіруді құп көрдік, – деді Нұрлан Орынбасарұлы.

Бүгінде журналистика және қоғаммен байланыс мамандықтарында оқитын білім алушыларға екі профессор, екі қауымдастырылған профессор және бір PhD доктор сабақ береді. Одан бөлек, тәжірибелі аға-оқытушылар мен бұқаралық ақпарат құралдары саласында қызмет істейтін білікті мамандар да дәріс оқиды. Студенттердің шығармашылығын шыңдау мақсатында оқу телевизиясы мен Buketov радиосы, «Жастар әлемі» журналы жұмыс істеп тұр. Осы жерде студенттер теориялық білімін практикамен ұштастырып, тәжірибе жинауда.

– Совет уақытында Қазақстандағы университеттерде журналистика мамандығы атымен болмаған. Ал, Мәскеу университеттеріне бұл мамандық 1943 жылдары кірген. Содан 1993 жылы Қазақ ұлттық университетінен кейін Қарағанды Бөкетов университеті журналистика мамандығын ашу бақытына ие болды. Осы кафедраны ашу кезінде сол жылдары ректор болып тұрған реформатор Жамбыл Ақылбаев менен: «Сен не оқытасың?» деп сұраған еді. Мен: «ҚазГУ-де оқытпаған дүниені оқытамын» дедім. Өте білімді кісі еді, сөзге келмеді. Қолымен алдында жатқан қағазды нұсқап: «Министрлікке хат жаз» деді. Сөйтіп, журналистика кафедрасын ашып, оны екі тілде оқытатынымыз жайында министрлікке хат жолдадым. Кафедра ашылғаннан кейін студенттерді қабылдау, оларға грант тағайындау, курстан курсқа көшу мәселесін өзіміз шешкен болатынбыз, – деді Зарқын Тайшыбай.

Форумға «Alatau – Aqparat» медиахолдингінің бас директоры әрі кафедра түлегі Ержан Төлек те арнайы қатысты. Әрі осы бір атаулы күні «Alatau – Aqparat» медиахолдингі Е.Бөкетов университетімен екіжақты меморандумға қол қойылды. Енді факультеттің «Журналистика» және «Қоғаммен байланыс» мамандығының студенттері «Almaty Aqshamу» медиахолдингі құрамындағы «Алматы ақшамы», «Вечерний Almaty» басылымдарында және медиахолдинг сайтынан өндірістік іс-тәжірибеден өте алады.

– Қазіргі уақытта журналистер ұлттық журналистикаға, ақпараттық саясаттың қалыптасуына, мемлекеттік сананың орнығуына өздерінің қалам қарымымен табысты еңбек етеді. Әріптестеріміз Қазақстанда ғана емес, шет мемлекетте де жемісті қызмет етуде. Журналистика саласында ғана емес, мемлекеттік қызметте, бұқарамен байланыс, үкіметпен байланыс саласында да еңбек етіп жүрген әріптестеріміз жетерлік. Біз әрқашан Бөкетов университеті журналистика кафедрасының түлегі екенімізді мақтанышпен айтып жүреміз. Алдағы уақытта да осы қарашаңырақта өз ісінің һас шебері атанатын, білімді де білікті мамандар шығатынына сеніміміз мол, – деді Ержан Қалымбайұлы.

Шараға жиылған түлектер ұстаздары, университет қабырғасындағы қызықты жылдар жайлы жылы естеліктерімен бөлісті. Ардагер ұстаздар Қуандық Шамахай, Мағауия Сембай, Кәрім Сауғабаев, Мартбек Тоқмырза сынды тұлғаларды еске алды.

Шара барысында қатысушыларға журналистика кафедрасының тарихы жайында әзірленген қысқаметражды фильм көрсетілді. Кейін форумға қатысушылар үш секцияға бөлініп, белгілі журналистер мен PR-мамандарының дәрісін тыңдады. Онда журналистика теориясы мен практикасы, медиаэтика және басқа да өзекті тақырыптар сөз болды.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button