Білім ордасындағы бірегей ансамбль
Сәрсенбі күні Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың Студенттер сарайында «Жарқын» халық би ансамблінің құрылғанына 40 жыл толуына орай, есеп беру концерті өтті. Білім ордасындағы бірегей ансамбльдің мерейлі кешіне біз де барып қайтқан едік.
«Жарқын» халық би ансамблі 1977 жылы аталған жоғары оқу орнының қабырғасында ірге қалап, бүгінгі таңда кеншілер шаһарына кеңінен танымал ұжымға айналған. Ансамбльдің негізін қалаушы және көркемдік жетекшісі – Қорлан Мұқатова болса, балетмейстерлері – Айман Тойболдина мен Айжан Оразбекова екен.
Би ұжымы облыстық конкурстарды айтпағанда, республикалық және халықаралық байқаулардың жеңімпазы атанып, Қазақстан, Ресей, Түркіменстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркия елдері мен Мәскеуде өткен Бүкіләлемдік жастар мен студенттер фестивалінің лауреаты ретінде алты құрлыққа атағы жайылды. «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалінде I орынды қанжығалап, Ш.Жиенқұлова атындағы II Республикалық қазақ би байқауының, аймақтық және Республикалық студенттер фестивалінің лауреаты атанды. Сөйте жүріп, Аустриядағы Қазақстанның Мәдениет күндері бағдарламасына да қатысқан болатын. 2002 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің ұсынысы бойынша, ансамбль Түркияда өткен Жерорта теңізі елдері студенттерінің VI халықаралық фестивалінде Қазақстанның студент жастары атынан өнер көрсетті. 2001, 2005, 2006 жылдары «Жас толқын» Қазақстанның студент жастары фестивалiнiң жүлдегері ретінде есімі елге танылды. 1998-2008 жылдары «Жастар – Қазақстан болашағы» атты аймақтық студенттер фестивалiнiң лауреаты атанып, 2010 жылы Ресейдің Орынбор қаласында өткен XXI Халықаралық студент жастары фестивалiнде жеңiс тұғырынан көрінді.
– Студенттеріміздің білім белесін бағындырып қана қоймай, өнер айдынында да өзіндік өрнегін қалдыра білгенін қашанда мақтан тұтамыз. Қолымыздан келгенше көмегімізді көрсетуге де дайынбыз. Міне, тереңге тамыр жайған беделді би ұжымына биыл 40 жыл толып отыр екен. Білім ордасындағы бірегей оқиғалардың бірі деуге әбден тұрарлық. Бұл – шетел сахналарының сәнін кіргізіп, елімізді әлем жұртшылығына танытуда талмай тер төгіп жүрген ұжымның көркемдік жетекшісі мен балетмейстерлерінің арқасы. Мың бұралып би билеп, көзіқарақты көрерменнің көңілінен шығып жүрген бұл ұжымға еңбектеріңіз жемісті болсын деуден өзге айтарымыз жоқ. Жастарымыздың жігерін жанып, өнерін өрістетіп жүрген ұжым бұдан биік белестерді бағындырарына толықтай сенімдімін, – деді аталған жоғары оқу орнының проректоры Абай Қалықов.
Ансамбльдің алғаш құрылғандағы мақсаты – жастар арасында қазақ би өнерін кеңінен насихаттау болса, бүгінгі таңда ұжым репертуары түрлі халықтардың биімен түрленіп келеді. Дегенмен, ұлттық нақыштағы қазақ би өнерінің басымдығы байқалады. Мәселен, «Кеңдала», «Тас аруақ», «Шашу», «Тұран аруы», «Ыңғайтөк», «Наурыз» билері. Мұнымен қоса, «Дойра», «Тәжік биі», «Араб биі», «Ирланд полькасы», «Аллилуйя» сынды билері тағы бар.
Кең сарайда кеңінен көсілген бишілер бір жарым сағаттың көлемінде көрерменге көз сүйсінер концерттік бағдарламасын ұсынды. Шын қуандық. Бір кездері өзіміз де осы білім ордасының шәкірті едік. Қанатымыз қатайып, ұштық та кеттік. Сондағы студенттік жылдардың сөнбес сәулесі – осы ансамбль. Қаламызда той-думаннан аспай жүрген ұжымдар онсыз да табылады. Ал, талабы тау қопарар студент жастардан құралған мұндай ұжым – аймағымызда саусақпен санарлық екенін ескерсек, қазақ биін кәсіби деңгейге көтеріп жүрген «Жарқын» халық би ансамблінің еңбегін айрықша құрметпен айтуымыз керек.
Рауан ҚАБИДОЛДИН