Руханият

Білім ордасында – бірегей бастамалар

2019 жыл Қазақстанда Жастар жылы деп жарияланды. Бұл мемлекеттің жастар саясатына, жастарды жан-жақты қолдап, дамытуға баса назар аударуын байқатады. Еліміздің түпкір-түпкірінде жастарды қолдауға қатысты түрлі шаралар өтуде. Соның дәлелі ретінде академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде де жүйелі жұмыс жүргізілуде.

Білім ордасында дарынды студенттерді анықтап, оларға әлеуметтік қолдау көрсетуге, жастардың зияткерлік, мәдени және шығармашылық әлеуеті мен әлеуметтік белсенділігін дамытуына ерекше көңіл бөлінеді.

Университет қабырғасында жоспарға сәйкес, түрлі жаңа форматтағы шаралар ұйымдастырылады. Солардың қатарында «Hack Day» идеялар фестивалі, облыстағы жоғары оқу орны студенттерінің, жастар ұйымдары көшбасшыларының қатысуымен «4К моделі: креативті, сыни ойлауды, тұлғааралық дағдыларды және топта жұмыс жасай білу қабілеттерін дамыту» тақырыбындағы аймақтық диалог алаңы, академик Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ ректорының Кубогі үшін өткізілген «Қазақстан жастарының белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыру» атты республикалық пікірталас турнирі бар. Сондай-ақ, «Нұр-Сұлтан – отандық ғылым мен білімді дамыту орталығы» республикалық студенттер форумы, «Жас Ұлан» әскери-патриоттық әндер фестивалі, ЖОО арасында «Қазақстанның болашағы менің қолымда» тақырыбында брейн-ринг» форматындағы республикалық зияткерлік турнир де қанат жаюда. Қазақстанның белгілі ғалымдарының, мәдениет және өнер қайраткерлерінің қатысуымен «KSUTEDTALKS» жастар конференциясы, ЖОО студенттері арасында «Kahoot!» зияткерлік ойыны, республикалық «Менің арманым» Startup жобасына аймақтық іріктеу кезеңі, балалар үйлерінде, қарттар үйлерінде қайырымдылық шаралары (концерттер, акциялар, кездесулер) да күн тәртібінен түскен емес.

Оқу орнында белсенді азаматтық және өмірлік ұстанымы бар жастарды жан-жақты қолдау, шығармашылығын шыңдауға барлық жағдай жасалған. Университетте Жастар жылын мерекелеу мақсатында алдағы қыркүйек айына дейін коворкинг орталығы, конференц зал, кафе-бар жұмыс істейтін «Жастар орталығын» іске қосу жоспарлануда. Бұл білім алушылардың бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік беріп қана қоймай, жастардың озық ойларын талқылап, жүзеге асыратын ашық алаңға айналмақ. Сондай-ақ, университет ғимараты мен жатақханалар арасында ашық заманауи футбол алаңы мен «Жастар» аллеясының құрылысы жоспарлануда. Қазіргі уақытта «Жастар» аллеясына 150-ге жуық ағаш отырғызылды. Алдағы жылдары университет басшылығы студенттерге арналған жаңа жатақхананың құрылысын қолға алуды мақсат етіп отыр.

Аталған білім ордасы талантты студент жастарды анықтау және қолдау мақсатында тұрақты түрде жұмыс жүргізіп келеді. Университетте Жастар жылын мерекелеу аясында жоспарланған шаралардың басым бөлігі жаңа форматта жүзеге аспақ. Оған студенттер пікірі мен белсенділігі дәлел бола алады.

Тәрбие қызметіне қатысты мәселелерді жүйелі шешуге студенттердің өзін-өзі басқару институты айтарлықтай ықпал етуде. Бұл – студенттік өмірдің маңызды мәселелерін шешуге, жастардың әлеуметтік және азаматтық белсенділігін дамытуға, оны университет өмірінің сапасын арттыру үдерісіне тартуға бағытталған дербес студенттік ұйым.

Елдос ТҮЙТЕ,

Академик Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры.

Басқа материалдар

Back to top button