Білім

Аймақта 18 850 бала ерекше білім беруді қажет етеді

Жыл басында әр сала өз жоспарын айқындап, нақты міндеттерін белгілейді. Бұл үрдіс білім саласын да айналып өткен жоқ. 2026 жылы жаңа жобалар атқарылып, тың өзгерістер жүзеге аспақ. Мәселен, Мемлекет басшысының бала құқықтарын қорғауды күшейтетін жаңа заңға қол қоюы – саладағы маңызды өзгерістердің бірі. Аталған заң балалар арасындағы зорлық-зомбылықтың және оларға қарсы жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған. Сонымен қатар, балалардың демалысы, оқуы және сауықтыруы қауіпсіз әрі сапалы болуын қамтитын жаңа заң нормалары да бекітілді.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Ауыл мен қала мектептеріндегі оқушыларға заманауи білім беруді көздейтін «Келешек мектептері» жобасы аясында былтыр бес бірдей жаңа мектеп өз жұмысын бастады. Оның бірі – Талды ауылында апатты мектептің орнына салынған 200 орындық жаңа мектеп. Жоба биыл да жаңа мектептердің ашылуымен жалғасын таппақ. Мәселен, жуық арада Шет ауданындағы Ақсу-­Аюлы ауылында тағы бір 300 орындық білім ордасы ашылады деп күтілуде. Сонымен қоса, 2026 жылы Қарағанды қаласы мен Бұқар жырау ауданында салынып жатқан қалған төрт мектеп те кезең-кезеңімен пайдалануға берілетін болады. Бұл жоба ең алдымен қала мен ауыл балалары арасындағы білім теңсіздігін жоюдағы алғашқы қадам болып отыр.

Жаңа құрылыспен бірге ескі мектептерді жөндеу биыл да жалғасын таппақ. Мемлекет басшысының тапсырмасымен үш жылда ел бойынша 1300 мектепті бірыңғай заманауи форматқа көшіруді мақсат ететін реновация бағдарламасы қарқынды жүргізілуде. Мектептерді реновация­лау ескі ғимараттарды жаңартумен бірге балалар үшін заманауи білімнің ортақ кеңістігін қалыптастыруды мақсат етеді. Білім басқармасының мәліметінше, алдағы үш жылда бағдарлама аясында облыста 68 мектепті қамту жоспарда бар.

Өңірде 18 850 бала ерекше білім беруді қажет етеді. Ерекше балаларға лайықты жағдай жасау жыл сайын жалғаса бермек. Өңірде 10 арнайы мектеп-интернат, 3 арнайы балабақша, 6 ПМПК, 10 КППК, 2 оңалту орталығы және аутизмі бар балаларды қолдау орталығы қызмет көрсетуде. Мұның қатары артпақ. Бұқар жырау ауданында КППК ашу жоспарланған. Ал, биыл 2026 жылы №4 мектеп-интернатты интеллектуалдық дамуында бұзылыстары бар балаларға арналған облыстық №11 арнайы мектеп деп қайта атау жоспарда бар. 2026-2027 оқу жылында Теміртауда Аутизм орталығы ашылады.

Техникалық және кәсіптік бі­лім беруде еңбек нарығының сұранысына сай жаңа мамандықтар ашу көзделген. Биыл аймақ кол­ледж­дерінде маркшейдерлік іс, химиялық тазалау және бояу, графикалық және мультимедиялық дизайнды қоса алғанда, болашақ құзыреттерін қалыптастыратын 5 жаңа мамандық ашу жоспарлануда.

2026 жылы қосымша білім беруде жаңа өзгерістер орын алмақ. Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және білім беру-сауықтыру қызметтері мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Балаларға арналған қосымша білім беру мен лагерьлер жұмысындағы бұл өзгеріс­тер жеткіншектердің демалысы, оқуы және сауықтыруы қауіпсіз әрі сапалы болуы үшін енгізілді. Бұдан былай 2026 жылдан бастап қосымша білім беру ұйымдары екіге бөлінеді. Біріншісі – лицензиямен жұмыс істейтін ұйымдар (білім беру-сауықтыру қызметін көрсететіндер), екіншісі – хабарлама арқылы жұмыс істейтін ұйымдар (жеңілдетілген тәртіп). Бұл жүйе бақылауды жеңілдетіп, қызмет сапасын арттыруға көмектеседі. Сондай-ақ, балалар лагерьлері 2026 жылдың 1 сәуірінен бастап лицензия алуға міндетті. Бұл лагерьлерге ортақ қауіпсіздік және сапа талаптарын енгізу үшін қажет. Лицензия мерзімі 1 жылдан 5 жылға дейін ұзартылады. Бұл ұйымдарға құжаттарды жыл сайын сақталуына мүмкіндік береді және жұмыстың тұрақты болуын қамтамасыз етеді. Жалпы алғанда, заң балалар үшін қауіпсіз, сапалы демалыс пен білім алуға жағдай жасауға бағытталған. Қазіргі уақытта осы өзгерістерді іске асыру үшін қосымша ережелер әзірленіп жатыр.
Мемлекет үшін әр бала маңыз­ды. Оның тағдырына мемлекет бейжай қарамақ емес. Өйткені, әрбір баланың қауіпсіз балалығы – ұлттың ертеңгі болашағы. Осы мақсат жолында Мемлекет басшысы бала құқықтарын қорғау саласын жаңа деңгейге көтеретін «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Бұл құжат – тек құқықтық норма емес, ол балалық шақты қорғауға арналған өміршең бастама.

Жаңа заң кәмелетке толмағандар арасындағы және оларға қарсы жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алуды күшейтеді. Ерте ескерту, жедел әрекет ету, дер кезінде көмек көрсету – заңның басты қағидаттары. Осы мақсатта елімізде зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларға арналған арнайы көмек көрсету кабинеттері ашылады. Мұнда балаларға «бір терезе» қағидаты бойынша кешенді қолдау көрсетіледі. Атап айт­қанда, алғашқы психологиялық көмек беріледі, сот-медициналық сараптама жүргізіледі, бейінді мамандардың қатысуымен сауалнама алынады. Ең бастысы, мұның барлығы балаға қолайлы ортада жүзеге асады. Мұндай жаңашылдықтың өзегі – бала жанын жаралап алмауды, жан дүниесін қорғауды көздейді.

Сонымен қатар, білім беру ұйымдарында «баса назар аударуды қажет ететін кәмелетке толмағандарды педагогикалық сүйемелдеу» институты енгізіледі. Бұл – тағдыр тәлкегіне ұшырау қаупі бар балаларды ерте анықтап, оларға уақытында қол ұшын созуға негізделеді. Мұндай қолдау құқық бұзушылықтың алдын алып қана қоймай, баланың өмірге деген сенімін нығайтады.

Заң аясында өңірлік Балалардың құқықтарын қорғау басқармалары құрылмақ. Бұл құрылымдар бала құқықтарын қорғаудың бірыңғай жүйесін құрып, алдын алу жұмыстарын үйлестіруге, жедел қорғауға және «тәуекел тобындағы» балаларға жан-жақты көмек көрсетуге жауапты болады. Сондай-ақ, бала құқықтарын қорғау саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін лауазымды тұлғалардың дербес жауапкершілігі күшейтіледі.

Түйіндей айтқанда, білім саласындағы жаңа басымдықтар баланың қауіпсіздігі мен құқығын қорғауды, сапалы білімге қол жеткізуді және педагог мәртебесін нығайтуды басты мұрат етіп отыр. Заңнамалық өзгерістер білім беру жүйесін заманауи талапқа сай бейімдеп, әр баланың әлеуетін ашуға бағытталған. Әрине, мұның бәрі саналы қоғам әрекеті.

Гүлнұр Серікжанқызы,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button