Білім мен тәрбиені ұштастырған мектеп
Балалар – еліміздің болашағы. Оларды жастайынан тәрбиелеу – қоғамдағы басты мәселе десек болады. Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы. Осылай дейді ұлы ойшыл Әл-Фараби. №1 білім-инновация лицей-интернатының шаңырағында білім алып жатқан бүлдіршіндерімізге сапалы білім, саналы тәрбие беруде жұмыстар жүйелі атқарылып жатыр.
Баланы жан-жақты дамыған тұлға етіп қалыптастыру, олардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру біздің басты мақсатымыз. Әр оқушыны елге, жерге, қоғамға еңбек сіңіретіндей етіп тәрбиелей алсақ, алға қойған мақсатамыздың орындалғаны.
Біз сынып тәрбиешісі болғаннан кейін оқушылардың жеке іс-құжаттарын, оқу үлгерімін, жатақханадағы бөлме тазалығын күнделікті қадағалаймыз. Одан бөлек, жылдық жоспар бойынша тәрбие сағаттарын жиі өткізіп тұрамыз. Лицейде үнемі пән апталығы өтеді. Осы арқылы оқушылар білімін тереңдетіп, жан-жақты дамиды, ғибрат ала алады.
Сонымен қатар, оқушыларымыз іс-шараларға, апталықтарға, олимпиадаларға белсене қатысып тұрады. Біз бағыт-бағдар беріп, жетекшілік етеміз.
Бізде балалардың кітап оқуы жүйелі жолға қойылған. Кітап арқылы тәрбиелейміз. Әуезов шығармаларына қатысты форум өтті. «Бояулар құпиясы» атты облыстық жас суретшілер байқауы да оқушыларымыздың шабытын шыңдай түсті. Тағы басқа балалардың қоғамдық жұмысқа қатысуына себепкер боламыз.
Әр тоқсан қорытындысы бойынша ата-аналар мен ұстаздар арасында педконсилиум өткізіп тұрамыз. Отбасылық спартакиадалық жарыстар да жиі болады. Бұл – балалар арасында бұқаралық спортты насихаттаудың бір жолы. Тағы сол сияқты ата-аналар арасында «Брэинг-ринг» интелектуалды сайысы өтіп тұрады. Ынтымақтастық айына орай волейболдан да сайыс өткіземіз.
Осы ай – Кемелдену айы. Балалар мен ата-аналар кітап оқып жарысады. Осылайша, біздің лицей тек білім беріп қана қоймай, тәрбие жұмысына да жіті мән береді. Біз мұны өзімізді өзге мектептерден ерекшелейтін жақсы үрдіс ретінде мақтан етеміз.
Салтанат СЫЗДЫҚОВА,
тәрбиеші