Білім мен парасаттың үлгісі
Қазақстанның ғылымы мен білімінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті тұлғалардың бірі – академик Евней Бөкетов. Ол – парасатты ғалым, білікті басшы, ұлағатты ұстаз және ұлтжанды азамат ретінде халқымыздың рухани қазынасында ерекше орын алады. 1925 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген Е.Бөкетов жастайынан ғылым мен білімге құштар болып өсті. Ол өмірін химия ғылымына арнап, металлургия, органикалық химия және катализ салаларында іргелі зерттеулер жүргізіп, отандық ғылымды жаңа деңгейге көтерді.

Оның ғылыми еңбектері шетелдік басылымдарда да жарық көріп, халықаралық беделге ие болды. Е.Бөкетовтің есімі еліміздегі жоғары білім беру жүйесінің дамуымен де тығыз байланысты. 1972 жылы Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры болып тағайындалып, оны еліміздегі алдыңғы қатарлы оқу орындарының біріне айналдырды. Оның бастамасымен университетте ғылыми-зерттеу жұмыстары жанданып, жаңа факультеттер ашылып, мыңдаған жас маман тәрбиеленді. Ғалым ретінде ғана емес, адамгершілігі мол ұстаз ретінде де танылған ол шәкірттерінің бойына ғылымға деген қызығушылықпен қатар, отансүйгіштік, адалдық және еңбекқорлық сияқты қасиеттерді сіңіре білді.
Евней Бөкетов – өз халқының рухани кемелденуіне қызмет еткен, артында өшпес мұра қалдырған біртуар тұлға. Оның өмірі мен өнегесі – әрбір қазақ жасы үшін үлгі болары анық. Ректор ретінде Бөкетов басқарушылық қызметте жаңашыл, ұлтжанды, әрі талапшыл басшы болды. Ол ғылым мен білімнің өзара байланысына аса мән берді, студенттердің сапалы білім алуына, оқытушылардың ғылыми ізденіске араласуына жағдай жасады. Сонымен қатар, оның басқаруындағы университет білім ғана емес, мәдениет пен руханияттың да орталығына айналды.
Биылғы жылы университетімізде ғұлама ғалым Е.Бөкетовтің 100 жылдығына арналған түрлі ғылыми конференциялар, әдеби кештер, мәдени шаралар ұйымдастырылды. Студенттердің өлеңдер жинағы жарық көрді. Университет деңгейінде академиктің 100 жылдығына орай шетел тілдер кафедрасы ұйымдастырған университеттің тілдік емес бейінді оқу бағдарламаларының I курс студенттері арасында «Бақытты адам» атты ағылшын тілінде эссе байқауы ұйымдастырылды. Ғалымның өмірі, шығармашылығы мен еңбек жолы туралы І курс студенттері арасында бейнебаян конкурсы өтті. Конкурс барысында студенттер ұлы тұлғаның өмірбаянынан бастап ұстаздық пен басқарушылық қызметі жайында, ғылымдағы дара жолы туралы ағылшын, неміс және француз тілдерінде баяндап берді.
Бақыт БЕЙСЕНБАЕВА,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу
университетінің шетел тілдері кафедрасының аға оқытушысы