Білім

Білім мен бәсеке

Қарағанды қаласындағы С.Саттаров атындағы мектеп-лицейінде «Зияткерлік модернизация» жобасы аясында ағылшын тілінен қалалық дебат өтті. Қалалық білім бөлімінің және әдістемелік кабинетінің қолдауымен ұйымдастырылған пікірсайыс жоғары сынып оқушыларының тілдік құзыреттілігін дамытуға бағытталды. Биыл үшінші жыл қатарынан өткізіліп отырған дебатқа қала мектептерінен 16 команда қатысты.

Сурет ұйымдастырушылардан

Пікірсайыстың басты ерекшелігі – оның толықтай ағылшын тілінде өтуі. Қатысушылар өз көзқарастарын дәлелдеп, қарсы тараптың пікірлеріне жауап беріп, сыни тұрғыда ойлау қабілеттерін көрсетті. Дебат барысында жасанды интеллектінің әсері, дипломсыз табысқа жету мүмкіндігі және қазіргі қоғамдағы әлеуметтік мәселелер секілді өзекті тақырыптар талқыланды.

Қалалық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Төлеубике Байжігітованың айтуынша, дебат – «Зияткерлік модернизация» жобасының негізгі бағыттарының бірі.

– Жалпы, бұл дебат жоғары сынып оқушылары арасында. Негізгі ерекшелігі – ағылшын тілінде ұйымдастырылуы. Оқушылар пікірсайыс алаңында өз ойлары мен көзқарастарын ағылшын тілінде жеткізіп, дүниетанымдарын кеңейтеді. Жоба құндылыққа негізделген білім мен тәрбиені ұштастыруды көздейді. Осы орайда мемлекеттік тілді брендке айналдыру маңызды болса, шетел тілдерін меңгеру арқылы оқушылардың дүниетанымын кеңейтуге мүмкіндік жасалады. Биылғы турнирге 16 команда қатысып отыр, – деді ол.

Мектеп директоры Қаламқас Кулбулатова дебат турнирінің оқушылардың жан-жақты дамуына ықпал ететінін атап өтті.

– Қалалық білім бөлімінің және қалалық әдістемелік кабинеттің қолдауымен «Зияткерлік модернизация» жобасы аясында қазақ тілді мектептердің тілдік құзыреттіліктерін дамыту мақсатында өткізіліп жатыр. Бұл шара үшінші оқу жылы қатарынан мектебімізде ұйымдастырылып келеді. Дебаттың мақсаты – оқушылардың тілдік төрт дағдысын дамыту ғана емес, ағылшын тілінде өз пікірін дәлелдеп, еркін қорғай білуіне мүмкіндік жасау. Оқушылар айтылым, жазылым, пікірлесу және қарсы пікір айту арқылы өз ой ұшқырлығын көрсетеді. Байқау барысында үздік спикер, үздік дебатшы, үздік жетекші және үздік ағылшын тілі мұғалімі сияқты номинациялар бойынша марапаттар табысталады, – деді мектеп басшысы.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, дебат турниріне қатысуға ниет білдірген оқушылар саны көп. Іріктеу нәтижесінде ең дайын командалар таңдалып, пікірсайысқа қатыстырылған.

11-сынып оқушысы Айша Еркебек дебаттың оқушылар үшін тәжірибелік маңызы зор екенін жеткізді.

– Бұл дебат ағылшын тілінде өтіп жатыр, сондықтан ең басты мақсат – оқушылардың ағылшын тіліне деген бейімін дамыту. Тілді тек теория жүзінде біліп қана қоймай, күнделікті өмірде қолдана алатындай деңгейге жеткізу маңызды. Біз жасанды интеллект сияқты өзекті тақырыптарды талқыладық, – деді ол.

Аталған дебат турнирін ұйымдастыруға мектептің ағылшын тілі пәні мұғалімдері Индира Фазылова, Аягөз Бухаршина, Құндыз Жақыбай, Мадина Жанғабылова, Аида Сексеналина және Айзада Смағұлова белсенді атсалысты. Мұғалімдер оқушыларды дайындап, пікірсайыстың жоғары деңгейде өтуіне үлес қосты.

Қалалық дебат турнирі оқушылардың ағылшын тілінде еркін сөйлеуіне жағдай жасап қана қоймай, олардың ой-өрісін кеңейтіп, өз пікірін дәлелдей алатын белсенді тұлға ретінде қалыптасуына мүмкіндік берді. Осындай зияткерлік сайыстар жастардың білімін жетілдіруге және халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті болуына жол ашады.

Жамал СОВЕТҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button