Білім

Білім әлеміндегі бас қала бренді

«Қаламыз дарынды және зиялы азаматтар шоғырланған орталыққа айналуға тиіс. Бірақ бұған кедергі болып отырған жайттар бар. Соның бірі – балабақшадағы және мектептегі орын тапшылығы. Қазір Астанада балабақша кезегінде 45 мың бала тұр. Кезінде осы мәселе арнайы мемлекеттік тапсырыс арқылы шешілуі керек еді. Бірақ жекеменшік балабақшаларға қаржы бөлінсе де, ахуал түзелмей отыр. Әрине, олардың қызмет сапасына қатысты талап болуға тиіс. Дегенмен орынсыз тексеру жасап, жекеменшік балабақшалардың жұмысына кедергі келтірмеу керек. Қалада кейбір мектептер әлі күнге дейін үш ауысыммен оқытады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Астананы дамытуға арналған кеңес отырысында.

Суреттер Астана қаласы әкімдігінің сайтынан

Президент сондай-ақ, орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты екенін атап өткен. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында елімізде 2021-2025 жылдарға арналған «Білімді ұлт» сапалы білім беру» Ұлттық жобасы әзірленген. Қазақстанның бас қаласында сәтті іске асып жатқан ұлттық жобалар нәтижесінде оқу орындарының саны артқан. Білім басқармасының мәліметінше, қалада қазіргі білім сапасы – 59,7 пайыз. Алдағы уақытта білім сапасын арттыруға бағытталған бірнеше жобаларды жүзеге асыру жоспарланған.

Елорданың білім басқармасы берген мәліметке сүйенсек, бүгінде қалада 365 544 баланы камтып отырған 757 білім беру ұйымы бар. Оның ішінде 525 балабақша, 172 мектеп, 32 колледж, 11 қосымша білім беру ұйымы және 15 арнайы білім беру ұйымдары жұмыс істеуде. Өткен жылы білім беру ұйымдарының саны 102-ге артқан. 2023 оқу жылында Астананың 15 жоғары оқу орнында 67 211 студент білім алды.

Биылғы оқу жылында үш ауысымды мектептер мәселесін жою мақсатында жаңадан 9 мектеп жұмысын бастады. Келесі жылы 2 ауысымда оқытатын 13 мектеп салу жоспарлануда. Жұмысын бастайтын білім ошақтарының әрбірінің 4 мың оқушыны қабылдауға мүмкіндігі жеткілікті.

Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкеннің атап өтуінше, 2023-2026 жылдар аралығында барлығы 177 200 оқушыға арналған 65 мектеп пайдалануға беріледі. Қабылданған шаралар мектептердің шамадан тыс жүктемесін шешіп, болашақта орын тапшылығы мәселесін толығымен жояды.

Сондай-ақ, бүгінде бас қаланың мектептері «Буккросинг» бұрыштарын ашуымен ерекшеленген. Фойелерінде оқушыларға арналған коворкинг аумақтар орналастыру арқасында бас қала сауатты да саналы ұрпақ тәрбиелеуде.

Астана қаласы білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазиевтің айтуынша, жыл сайын мектеп оқушылары санының өсуіне байланысты 2026-2027 оқу жылына қарай Астанада 5 мың мұғалімге қажеттілік туындайды. Бүгінде Мемлекет басшысының Елордада педагогикалық жоғары оқу орнын ашу туралы тапсырысын орындау мақсатында, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы аясында педагогикалық колледжді педагогикалық университетке трансформациялау жұмысы басталған. Осы мақсатта Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің базасында, Абай атындағы ҚазҰПУ-дің филиалы ашылады.

Басқарма берген ақпаратқа сүйенсек, бүгінде Астана қаласындағы жекеменшік мектептер саны 70-ке жуықтаған. Шетелдік мектептер филиалдарының оқу ақысы миллион теңгеден асып түседі. Мәселен, Haileybury As­tana халықаралық мектебі 13-сыныпқа дейін білім береді. Оқу құны жылына – 13 млн 345 мың теңге. Тек англиялықтар сабақ беретіндіктен, балалар ағылшын тілінде білім алады. Көптің сұранысына ие Мирас, Spectrum, Astana Garden School мектептері де ағылшын тіліне басымдық береді. Елордадағы Мирас халықаралық мектебінде жылына оқу құны – 4 млн 441 мың теңге болса, ал, Spectrum халықаралық мектебінде оқу құны жылына – 7 млн 350 мың теңге.

Мектеп мұғалімдерінің айту­ынша, Spectrum халықаралық мектебінде білім беру бағдарламасы Қазақстанның мемлекеттік оқу бағдарламасы мен Кембридж халықаралық бағдарламаларына негізделген.
Дегенмен, элиталық қазақ мек­тебіне де сұраныс жоқ емес. Болашақтағы бәсекелестіктің кілті білімде жатқанын түсінген ата-­аналардың жекеменшік мектептер ақысын төлеуді қалтасы көтермегенмен, «жайлы мектептерден» көп үміт күтеді. Не десек те, елдіктің айбарына айналған Астананың білім беру жүйесінің өркениет үрдісіне сай болуы – Мемлекет басшысының қойып отырған бас­ты талабы.

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button