Білім капиталының іргесі берік
«Қазақстан халқына» қорының елдің білім потенциалын көтеруде сүбелі үлесі бар. Ауылдық жерлердегі тірек мектептерді дамыту, білім ошақтарын материалдық-техникалық қолдау, STEM білім беру инновациялық әдісін енгізуге жағдай жасау, сондай-ақ, спорттық нысандар ашу қор қызметінің ең бірінші әлеуметке бағдарланғанын көрсетеді. Бұл бағытта облысқа 7,2 млрд теңге көлемінде қайырымдылық көмегі көрсетілді, сегіз бағдарлама мен жоба жүзеге асырылды.

Солардың ішінде ауылдық жерлердегі тірек мектептерді дамыту жобасы ауқымды. Облыстың барлық қалалары мен аудандарында орналасқан 10 мектеп жобаға енген болатын. Бұл мектептердің әрқайсысын жабдықтауға орта есеппен 250 млн теңге жұмсалды, барлығы 2,5 млрд теңгеге жуықтайды. Жобаға қатысатын әрбір мектеп мектепалды даярлық және робототехника кабинеттерін, мультимедиялық кабинет пен STEM-зертхананы, заманауи жаңа зертханасы бар физика және химия кабинеттерін және басқаларын қоса алғанда, білім берудің барлық пәндері мен бағыттары бойынша жаңа заманауи модификация кабинеттерін алды. Сондай-ақ, жоба бойынша мектептің акт және спорт залдарында, мұғалімдер мен асханада, мектептің әкімшілік кабинеттері мен шаруашылық блогынан басқа жиһаздар мен жабдықтар жаңартылды.
Алдын ала жүргізілген зерттеулер ауыл мектептерінің білім алушылары білім сапасы қалалық мектептерге қарағанда оқу сауаттылығы бойынша 38 балға, математикалық сауаттылық 22 балға, жаратылыстану-ғылыми сауаттылық бойынша 23 балға төмен екені анықталды. Компьютерлік сауаттылық бойынша ауыл оқушылары қаладан 70 бал артта қалған. Сол себепті де жоба аймақтық және әлеуметтік-экономикалық жағынан білім сапасының алшақтығын азайту мақсатымен қолға алынды. Бүгінде ол толығымен орындалды. Ал, нәтижесі көп күттірмейді деген үміт бар.
Бұдан бөлек, облыстың арнайы 10 мектебі де материалдық-техникалық базасын нығайту мүмкіндігін алды. Бұл жобаға қордан 328 666 084 теңге бөлінген. Бұлар негізінен Қарағандыдағы, Теміртау, Саран мен Шахтинск қаласындағы арнаулы мектеп-интернаттар. Бағдарламаның мақсаты – көру қабілетінің жоғарылауына, мүгедектіктің төмендеуіне және пациенттердің өмір сүру сапасын арттыруға әкелетін көздің мүйізгек қабығының соқырлығын жою. Балалардың жекелеген ерекшеліктеріне, психикалық және физикалық мүмкіндіктеріне қарамастан бәріне бірдей жағдай жасау арқылы қор ол балалардың болашағына ықпал етті.
Ауыл мектептерінің, шағын қалалар мен моноқалалар мектептерінің оқушылары үшін қосымша білім берудің қолжетімді және сапалы ортасын құруға бағытталған «Болашақ инженерлер» жобасы да өңір үшін өзекті. Облыстың 46 мектебінің 2 мыңнан астам оқушысы заманауи жабдықталған робототехника кабинеттерінде оқу мүмкіндігін алды. Жоба ел көлемінде 362 мектепті қамтиды. Толығымен жабдықталған кабинеттер Абай, Ақтоғай, Бұқар жырау, Қарқаралы, Нұра, Осакаров, Шет аудандары мен Балқаш, Шахтинск, Теміртау, Саран қалаларында ашылып, балалар игілігіне берілді.
Қордың қомақты көмегінің арқасында әлемдегі ең танымал және беделді «Coursera» білім беру платформасының курстарын қазақ тілінде 20 мыңнан астам білім алушы оқыды. Платформаның курстары еліміздің 25 жоғары оқу орнына таратылды. Аталған платформа – әлемдегі 170-тен астам жетекші университеттердің соның ішінде, «Ivy League» университеттері, сондай-ақ, өз салаларының көшбасшылары болып табылатын Google, IBM, Microsoft және басқа да жетекші жаһандық компаниялардың ең танымал курстарының ортақ кітапханасы. Платформада жыл сайын 200 елден 110 миллионнан астам оқушы оқиды. Қазақстандық білім алушылардың да оқуы үшін қор 2,5 млрд теңге жуық қаражат бөлді. Оның 1 млрд теңгеге жуығы Қарағанды облысының 2 125 білім алушысына лицензия сатып алуға жұмсалды.
Білім алушыларға арналған тағы бір көмек – «Қазақстан халқына» қорының білім гранттары. Білім беру гранты атаулы болып табылады, бір рет беріледі. Білім беру грантының иегерлеріне оқу жылына 1 миллион теңгеге дейін оқу ақысы төленеді және бүкіл оқу мерзімі ішінде 40 мың теңге мөлшерінде ай сайынғы шәкіртақы төленеді. Қарағанды облысы бойынша 2023-2024 оқу жылына 139 грант бөлінген. Оның иегерлері – ауылдық жерлерден шыққан әлеуметтік аз қамтылған отбасының балалары. Сонымен қатар, қаңтар оқиғасы кезінде және табиғи апаттар салдарынан қаза тапқан азаматтардың балалары да осындай көмекке ие бола алады.
«Жаздық жолдама» – балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруды мақсат еткен қор жобасы. Оған ел бойынша 20 мыңға жуық бала қатысты, ал, біздің облыстан 1 322 бала демалды. Жобаның мақсаты – ауылдық жерлерден келген 5-8 сынып оқушыларын зияткерлік және шығармашылық дамуына ықпал ететін бағдарламамен қауіпсіз және жайлы демалысты қамтамасыз ету, сондай-ақ, оларда патриоттық сезімдерді қалыптастыру, білім беру мүмкіндіктерін, перспективаларын кеңейту үшін мәдениет-дәстүрлермен танысу. Аймақ оқушыларының демалысы үшін қор 173 млн теңге бөлді.
Білім алушылардың жан-жақты дамуы үшін «Білім-Инновация» лицейлерінің тәжірибелерін енгізу жұмысын да қолға алған қор болатын. Соның негізінде физика, химия, биология пәндері бойынша кабинеттер ашылып, арнайы бағдарламамен 36 600 оқушы қамтылды. Бұдан басқа, оқытушылардың да біліктілігін арттыру жұмысы жасалды. Нәтижесінде бағдарламаға 4700 педагог қатысты. Қор осы жобаны іске асыру үшін былтыр 3 млрд теңгеге жуық қаражат бөлді.
Осы ретте STEM білім беруді енгізу де қордың қайырымдылық жобаларының бірі. Ол аймақтың жеті қосымша білім беру ұйымында ашылды. Атап айтқанда, Абай, Қарқаралы аудандарында, Саран, Теміртау, Шахтинск қалаларындағы қосымша білім беру ұйымдарында 21 үйірме жаңадан ашылса, 35-і жаңғыртылды.
«Қазақстан халқына» қоры іске асырып жатқан әлеуметтік жобалардың ішінде спорттық нысандардың ашылуы – айрықша орын алады. Қордың арнайы «100 балалар спорт залы» жобасының облыстағы жалпы бюджеті – 71 653 046 теңге. Оның аясында Қарқаралы ауданының үш ауылында, Бұқар жырау ауданының үш ауылында және Нұра ауданының екі ауылында балалар спорт залы ашылып, 500-ден астам бала спорттық секциялармен қамтылды. Арнаулы мектеп-интернаттары мен балаларды қолдау орталықтарының тәрбиеленушілерін дене шынықтыру және спорт бағытында қолдауға 10 арнаулы мектеп таңдап алынды. Оларға 1 589 бала қатысып жүр. Арнаулы мекемелердің тәрбиеленушілерінің бейінді дене шынықтырумен айналысуына, спорттық секциялар, шаралармен қамтуды көздейтін жобаға 546 млн теңге қарастырылған.
Қордың қайырымдылық көмегін көрсету туралы және қайырымдылық жобаларын жүзеге асыру туралы шешімдері барынша әділ критерийлерге негізделеді, заңнаманың талаптарына сүйенеді, мамандар мен сарапшылардың ресми ақпараты мен жан-жақты пікірлері ескеріледі.
Қазақстан – Конституция бойынша әлеуметтік мемлекет. Республикалық бюджеттің жартысынан көбі әлеуметтік салаға жұмсалатыны мәлім. Бірақ бұл жеткіліксіз болып жататыны рас. Сондықтан, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осыдан үш жыл бұрын «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қорын құруды тапсырды. Ол денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау салаларындағы нақты мәселелерді шешумен айналысады. Президенттің өз сөзімен айтсақ: «Мысалы, сирек кездесетін аурумен ауыратын балаларға көмек көрсетеді. Шынында да, балалардың көпшілігі үшін емделу құны қолжетімсіз. Қалаларда, аудандарда, кенттерде, ауылдарда балалар үшін спорт нысандарын саламыз. Қабілетті балаларға көмек көрсетеміз. Біз мәдениетті қолдаймыз». Дегенмен, бұлар тек жеке мысалдар екенін тілге тек еткен Мемлекет басшысы бұл Президент, Үкімет немесе қандай да бір мемлекеттік органның қоры емес екенін де баса айтты. «Бұл – барлық қазақстандықтың қоры. Бұл – халық қоры. Ол әкімшілік немесе Үкімет жанынан жұмыс істемейді», – деді.
Құрылғанына аз уақыт өтсе де, қор бірқатар әлеуметтік мәселелердің шешілуіне қолдау көрсетіп, мұқтаж жандарға қол ұшын беріп, елде әділетті әлеуметтік саясаттың қалыптасуына зор ықпал етуде.
Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»