Білім көші – биік сатыда
Биыл Қарағанды облысы білім көшінде биіктен көрінді. Республикалық, халықаралық шеңберде. Олай дейтініміз, бiлiм берудi дамытуда мемлекеттiк бағдарламаны іске асырудың бірінші кезеңінің қорытындысы бойынша Қарағанды облысы республика көлемінде үздік үштіктің қатарында тұр. Республикалық олимпиада және ғылыми жобалардың жылдық қорытындысында үздіктер қатарындамыз. Облыстың білім көшіне өзіндік үлес қосқан көпке үлгі болар жандарды атап өтсек…
Билл Гейтс
шәкіртақысын бөктерді
№38 гимназияның 2016 жылғы түлегі Дарья Андрейченко әлемдік беделді Дьюк университетінің (АҚШ) студенті атанды. Бағдарлама жасаудағы әлемдік көшбасшы Билл Гейтс шәкіртақысын жеңіп алған Дарья – қазақстандық алғашқы оқушы.
АҚШ-тың Дарэм қаласында орналасқан Дьюк (Duke University) университеті – әлемдегі алдыңғы қатарлы он университеттің қатарына кіреді. Университеттің ерекшелігі сол – түрлі мамандық бойынша білім алатын студенттер, бағдарлама құру негізінде зерттеу жобасы арқылы жұмыс жасайды. Университетте 25 тілде түрлі салада курстар өтеді.
«Өз жұмысыңыздан ләззат алыңыз. Сол кезде ғана сіз өмір бойы жұмыс істемегендей сезімді бастан өткересіз» деген ұстанымның иесі, атақты Microsoft компаниясының негізін салушы және әлемдегі ең бай адам Билл Гейтстің бұл шәкіртақысын әлем бойынша тек 8 адам алады. Аталған жоғарғы оқу орнына тапсырған 32 мың адам болса, тек соның 1700-і оқуға түсетінін ескерсек, жас қарағандылықтың бағы мен бабы сай келген болуы керек. Білімде Қазақстанның атын биікке шығарар Дарья секілді жастардың қатары көбейсін. Әрине, білім көшіне жүйріктер дайындаған мектеп ұстаздарының мерейі үстем.
Ізденіп жетті мұратқа
Білім көшінде ұстаз біліктілігіне баға беріп, педагогикалық мамандықтың мәртебесін арттырар облыстың 2016 жылғы «Жыл мұғалімі» атағына Дамеш Аринова лайықты деп танылды. Бас жүлдені қанжығалаған Жаңаарқа ауданындағы Б.Амалбеков атындағы мектептің география пәнінің мұғалімі 350 000 теңге көлеміндегі ақшалай сыйлыққа ие болды. 34 жыл бойы география пәнінен сабақ беретін ұстаз «Мұғалім шәкіртке күн болып көрініп, нұр болып төгілу керек» дейтін педагогикалық ұстанымды биік қояды екен. Аудан халқы «Жаңаарқаның іскер әйелдері» қоғамдық бірлестігі, «Аналар кеңесінің» төрайымы Дамеш ұстазды Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай берілген медалімен құттықтап, сол марапатқа толық лайықты екенін айтады.
Абайды оқып,
алға озды
Бұқар жырау ауданы Ростовка тірек мектебінің 6-сынып оқушысы Назира Медет – облыстың бетке ұстар, талантты оқушысының бірі. Білім және ғылым министрлігі мұрындық болуымен Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында өткен XVII республикалық Абай оқуларына қатысып, елдің түкпір-түкпірінен жиналған 100-ден астам оқушы арасынан Абай мен Шәкәрімнің 327 туындысын мәнерлеп оқып, І орынды қанжығасына байлады. Назира Абайдың 203 өлеңін, 3 поэмасын, 20 қарасөзін жатқа біледі. Шәкәрімнің 101 өлеңін мүдірмей оқиды. Ұстаздарының айтуынша, есте сақтау қабілеті, актерлік шеберлігімен ерекшеленген оқушы 3-сыныптан бастап Абай шығармаларын жаттай бастаған екен. Облыс аманатын арқалаған Назирадай өрендердің жолы ашық, жұлдызы жоғары болары анық.
Аяулым СОВЕТ