Облыста өңірлік бюджеттің 48 пайызы білім саласына бөлінген
Адамзат тарихындағы жетістіктің баршасы – білімнің жемісі. Озық технология дәуірінде ғылым-білімсіз алға басу әсте мүмкін емес. Сондықтан, кез келген елдің экономикасы білімге тәуелді болмақ. Бұл – мемлекет саясатындағы ең маңызды бағыттардың бірі. Осы орайда Қазақстан дамыған елдер секілді, жыл сайын аталған салаға бөлінетін қаржы көлемін көбейтуде. Ел болашағына салынатын инвестицияның көлемі артса, демек, білім беру мен ғылым жүйесі дамудың даңғыл жолына түседі деген сөз.

Орта білім орнықты дамуда
Білім экономикасы адами капиталды дамыту мәселесіне жатады. Азаматтардың білімі мен қабілеті ел дамуының негізгі факторы болғандықтан, оған айрықша көңіл бөлу мемлекетке мол жауапкершілік жүктейді.
Қазақстан – білім мен ғылымды дамытуға көп қаржы құятын елдердің қатарында. Норвегия, Швеция секілді дамыған елдер аталған салаға жалпы ішкі өнімнің 8 және 7,7 пайызын жұмсайды. Еуропа елдері бастауыш және орта білімді дамытуға қаржы аямайтын көрінеді. Өйткені, білім саласының өркендеуі өзінің бастау бұлағына байланысты болса керек.
Ал, біздің елімізде биылғы республикалық бюджет көрсеткіші бойынша білім беруді дамытуға 1 трлн теңгеден аса қаржы бөлінген. Бұл 2024 жылғы деңгеймен салыстырғанда 116 млрд теңгеге ұлғайғанын көрсетіп отыр.
Қазақстан білім беруге салынған инвестициялар бойынша жақсы көрсеткішке ие. Мұны БҰҰ Даму бағдарламасының Адам дамуы жөніндегі сарапшысы, профессор Владимир Осколков айтады. Халықаралық сарапшының сөзінше, адами капиталға салынған инвестициялар экономиканың жетістігімен тікелей байланысты. «Білім беруді дамытуға Жалпы ішкі өнімнің кемінде 4%-ы бөлінген кезде Қазақстан маңызды экономикалық шекті деңгейге жақындап қалады», – дейді ол.
Орта білім демекші, Қарағанды облысында өңірлік бюджеттің 48 пайызы білім саласына бөлінген. Яғни, білім саласы облыстық бюджеттің жартысын құрап отыр. Мұны облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев тамыз конференциясында айтқан болатын. Демек, аталған салаға инвестицияның мол бөлінуі өңір экономикасының дамуын айқындайды.
Бұл нақты нәтижелерден байқалуда. Мәселен, өңірде жаңа салынған мектептер көбейіп, елдің инфрақұрылымын дамытуға баса көңіл бөлінуде. Бұл тұрғыда «Келешек мектептерін» атап өткен жөн. Бүгінде заманауи, жайлы мектептердің 5-еуі салынып жатыр. Ал қыркүйекте 4 жаңа мектеп өз жұмысын бастады.
Білім ошақтары күрделі жөндеуден өтіп, заман талабына сай жаңаруда. Биыл жалпы орта білім беретін 265 мекеме ағымдағы және күрделі жөндеуден өтті. Мектептегі кабинеттердің материалдық-техникалық базасы да нығайып, жаңа құрылғылармен толықтырылып келеді. Биыл мектептерде 77 кабинет жаңа құрылғылармен жабдықталған. Балалардың тегін тамақтануы мен тегін үйірмелермен қамтылуы да осы қатарға кіреді. Педагогтердің мәртебесі артып, жалақысы көбейгенін де атап өткен жөн. Мұның бәрі экономиканың негізгі тірегі боларлық білім саласының жақсы көрсеткішін айқындап отыр.
Қолдау мол, нәтиже қандай?
Соңғы жылдары елімізде ғылым саласына бөлінген қаржы саны айтарлықтай артты. Мәселен, ғылымды дамытуға 2023-2025 жылдарға 3 млрд теңге бөлінсе, 2024-2026 жылдарға арналған қаржыландырудың жалпы сомасы 9 млрд теңгені құрап отыр. Яғни, қаржыландыру жыл сайын үш есе артуда. Ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар бойынша жас ғалымдарды гранттық қаржыландыруға арналған жобаларға бөлінетін қаражат сомасы бірнеше есе артқаны белгілі.
Ал жоғары білім және ғылым саласында студенттер стипендиясы және оқытушылық құрамның жалақысы артуда. Елімізде отандық жоғары оқу орындарында шетелдік университеттердің филиалдары ашылуда. Жетілдіретін тұстарын айтпағанда, жоғарыда аталғандардың бәрі көзге көрінетін айшықты дүние болып отыр. Бұл бастамалар білім мен ғылым саласының болашақтағы рөлін бағамдайды.
ХХІ ғасыр – білім мен инновация ғасыры. Қазір әлемде елдің экономикалық дамуы тек табиғи ресурстарға ғана емес, интеллектуалды капиталға, яғни ғылым мен білімге салынатын инвестицияларға да тікелей байланысты. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық зерттеу университеті экономика факультетінің менеджмент кафедрасының профессоры, экономика ғылымдарының кандидаты Тұрлыбек Белгібайұлының айтуынша, дамыған мемлекеттердің тәжірибесі көрсеткендей, білім мен ғылымға, технологияға көңіл бөлу тұрақты экономикалық өсім әкеледі.
– Білім беру жүйесіне бағытталған қаржы – ел болашағына салынған инвестиция. Жоғары білімді, кәсіби мамандар түрлі салаларда қызмет етіп, инновациялық жаңалықтар енгізеді. Қазақстан үшін бұл фактор адами капиталдың сапасын, еңбек өнімділігін арттырудың тиімді құралы болып отыр. Осы арқылы біздің еліміз халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті елге айнала алады, – деп түсіндіреді профессор.
Ол үшін заман көшінен қалмай, ізінен еру маңызды. Әлемдік ғылымға зер салсақ, сәт сайын жаңа технологиялардың дамып жатқанын көреміз. Бұл тұрғыда біздің еліміз де білім және ғылым саласында цифрлық экономика, жасанды интеллект, нанотехнология, биотехнология, IT сынды бағыттарын дамытуға баса назар аударды. Бұл елдің экономикалық құрылымын жаңғыртып, жаһандық нарыққа шығуға мүмкіндік береді.
– Білім мен ғылымға инвестиция салуды тек материалдық жағдай деп түсінбеу керек. Ол – стратегиялық маңызы бар капитал. Еліміздің жаһандық өзгерістерге бейімделуі осы саладағы саясаттың дұрыс жүзеге асырылуына тікелей байланысты, – деді Тұрлыбек Белгібайұлы.
Білім беру және ғылымды дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы бойынша жүзеге асырылатын реформалар қайта зерделенді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осыдан бірнеше жыл бұрын 2025 жылға дейін білім саласына бөлінетін қаражат 6 есе, ғылымға бөлінетін қаржы 7 есе өсетінін айтқан болатын. Негізгі себеп, «экономика – білімге тәуелді». Орта білімді айтпағанда, ғылымды дамытуға мол қаржы бөлінген еді. Дегенмен, нәтижесі мардымсыз, қайтарымы шамалы болып отыр. Елді елең еткізер отандық ғылыми жаңалықтар ашылмай келеді. Бір ғана медицина ғылымына тоқталсақ, отандық ғалымдар дәрі-дәрмек шығарудан артта қалып келеді. Дәрі бағасы шарықтап тұр, бәрі шетелден әкелінеді. Елімізде 89 отандық өндірушінің 2 пайызы ғана дәрі-дәрмек шығарады екен. Қалғандары бетперде, шприц және өзге де жеңіл медициналық бұйымдармен шектеліп отыр.
«Соңғы он жылда бар болғаны 2 отандық препарат шығарылған. Соның бірі – калий йодиді, бірақ ол да қолданылмайды. Оған 4,6 млрд теңге жұмсалған. Елде клиникалық зерттеулер жоқ, ғылыми гранттар мардымсыз, жеке инвестициялар мүлде жоқ», – деген болатын Парламент мәжілісінің депутаты Асхат Аймағанбетов.
2022-2024 жылдары еліміздегі медицинаны дамытуға 58 млрд теңге бөлінген. Бірақ саланың әлеуеті 15 пайыздан әрі аспай тұр. Ғылыми зерттеулердің нәтижесі төмен. Фармацевтика саласына жүргізілген аудит қорытындысы бойынша 5 іс Бас прокуратураға жолданған. Салада осындай көзге көрінер кемшіліктер бар, бұл талаптардың шешім табатын күні әлі белгісіз. Ал, салалық ғылымның әрқайсысында мұндай жағдайлар кездеседі. Ғылымға бөлінген қаржы ақталмай қалып жатады. Талапкерлерге бөлінетін грант туралы да осыны айтуға болады. Мемлекет жыл сайын техникалық мамандықтарға бөлінетін грант санын көбейткенімен, оқу бітірген түлектер мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Осыдан барып әр салада маман жетіспеушілігі туындайды.
Биылғы Жолдауында Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәселеге баса назар аударды. Білім экономикасына ерекше тоқталып, ғылым, білім және инновация саласын басқару тәсілдерін өзара байланыстыру өте маңызды екенін атап өтті.
– Ғылым саласында әлі де мемлекеттің үлесі басым. Бірақ бюджет қаржысының қайтарымы шамалы болып тұр. Жаңа патенттер, технологиялар мен өндірістер сияқты көзге көрінетін нақты нәтиже жеткілікті емес. Инновациялық саясатты Ғылым және жоғары білім министрлігінің құзырына берген жөн. Министрлік пен Ғылым академиясы бірлесіп, ғылыми институттар мен жоғары оқу орындарын үйлестіру ісімен белсенді түрде айналысуы керек. Жасанды интеллектіні кеңінен қолданатын университеттерге көбірек дербестік беруге болады, – деген ой айтты Президент.
Мемлекет басшысының бұл сөзін профессор Тұрлыбек Белгібайұлы да қуаттайды. «Инновацияларды қаржыландыруды бірыңғай орталықтан басқару өте тиімді. Ол салалық және жергілікті аймақтық құрылымдар арасында теңдей үлестірілгенде ғана нәтиже болады», – дейді экономист.
Сондай-ақ, ол тиісті министрлік бөлетін қаржыны ҚР Ғылым академиясына қарайтын ғылыми зерттеу институттарына, салалық зерттеу орталықтарына және елдегі жоғары оқу орындарының ғылыми зерттеу зертханалары мен орталықтары арасында олардың бағыты мен әлеуетін ескере отырып, оңтайлы бөлу қажет екенін де атап өтті.
Түйін
«Ғылым – ұйымдасқан білім» деген екен ағылшын философы Г.Спенсер. Мұнда автор қоғам үшін өзекті саналатын ғылыми білімнің маңызын айқындайды. Рас, ғылым ұйымдасқанда ғана тезірек қолға түседі. Мұны мемлекеттің адами капиталды дамытуға, отандық ғылымды қолдауға ден қоюы мен оны жүзеге асыратын ғалымдардың бірлесуінен туындайтын дүние деп пайымдау керек. Ал ортақ жетістікке жету – уақыт еншісінде.
Гүлнұр Серікжанқызы,
«Ortalyq Qazaqstan»