Жаңалықтар

Білім берудегі жаңа бағыт

    Бүгінде қоғам алдындағы жауап­кер­шілігін абыроймен атқарып жүрген ұстаздың беделін көтеруде, кәсіби педагогикалық құрамды жасақтап шығаруда ғасырға жуық тарихы бар «Өрлеу» біліктілікті арттыру институты «Мұғалімнің мәртебесін көтеру қажет» деген Елбасының тапсырмасын орындауда бірқатар бастама көтеріпті.

Орта білім мазмұнын жаңартуда жоғары маңызға ие болған сала көптілде білім беру. Оның басты ерекшелігі – 12 жылдық мектеп түлегінің келешекте үш тілді меңгерген, ағылшын тілінде еркін сөйлей алатын тұлға ретінде қалыптастыру. Осы орайда институтта биология, физика, информатика, химия пәндерін ағылшын тілінде оқытуды бастау үшін 640 сағаттан тұратын бағдарлама әзірленіп, облыс мұғалімдерін біліктілікті арттыру курстарынан өткізуге дайын.

Мейрамгүл Асылбекова, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша ПҚ БАИ директорының оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары:

«Өрлеу» акционерлік қоғамы арнайы дайындаған бұл бағдарлама Үштілдік білім беруді жүзеге асыру бағдарламасы аясында дайындалған. Мақсатымыз биология, физика, информатика, химия пәндерін ағылшын тілінде оқытуға бағытталуы себепті, бұл өте күрделі құбылыс. Себеп – мұғалімдердің ағылшын тілін білмейтіндігінде. Сондықтан бағдарлама екі мақсатты көздеді. Біріншісі пән мұғалімдерін ағылшын тіліне үйретуді көздесе, екіншісі, пәнді ағылшын тілінде оқыту әдістемесіне үйрету.

Бағдарламада оқушының пәнді ағылшын тілінде жетік түсінуі үшін барлық жағдай да қарастырылған. Бұл жерде пәнді оқытып қана қоймай, баланың тілді жетік меңгеруіне де жағдай жасалады. Тіл мен пәнді ықпалдастыра оқыту 1960 жылдары Канадада негізі қаланып, әлемдік білім беру тәжірибесінде өзін дәлелдегендігін ескерсек, бұл аяғынан енді тұрып, тәжірибеге жаңа енді дейтін дүние емес, нақты нәтиже мен жақсы көрсеткіштерге жетуге мүмкіндік беретін оқыту әдістемесі. Ал мектеп мұғалімдеріне арнайы әдістеме мен тілді оқытатын тренерлер Алматы қаласынан «Халықаралық тіл орталығында» Кембридж Университетінен арнайы шақырылған ағылшын тілді оқытушылардан арнайы дайындықтан өтіп келген. Бұл жерде де екі мақсат көзделген. Институт тренерлері ағылшын тілін жетік білумен қатар, оқыту әдістемесін меңгереді.

Әрине, ең бірінші тілді меңгеру керек. Егер курс басталғанда ағылшын тілінің А2 деңгейін меңгерген болсаңыз, курсты аяқтаған кезде тілді В2 деңгейінде меңгеріп шығатын боласыз.

Институт робототехниканы дамыту бағыты бойынша да қалыс қалмаған. Мейрамгүл Асылбекованың айтуынша осы өзекті, жаңа бағыт бойынша институт оқытушылары өздерінің авторлық бағдарламасын әзірлеп, информатика пәні мұғалімдерін курстан өткізеді. Қарағанды облысын дамыту бағдарламасына сәйкес облысымыздағы робототехника бойынша зертханалар саны өсуіне байланысты 72 сағатқа негізделген курста мұғалімдер робототехника негіздеріне оқитын болады.

Салтанат ИЛЬЯШОВА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button