Қарағанды облысында директорлық кадрлық резерв жаңарады
Еліміздің білім беру жүйесіне жаңа реформалар мен бастамалар. Айталық, жаңа оқу жылынан бастап, оқушыларға біліммен қоса тәрбиеге баса мән беріліп, мектептерде жаңа бағдарламалар қолданылады. Ұстаздардың біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлініп, оқу пәндеріне жасанды интеллект элементтері енгізіле бастайды. Сонымен қоса, балалар қауіпсіздігі мәселесі назардан тыс қалмайды. «Жұмысшы мамандықтарының жылы» аясында колледждерде де бірқатар бастамалар қолға алынды. Ғылым және жоғары білім беруде де тың реформалар бар. Ендеше, тарқаталық.

Мектептердегі маңызды қадам
Жаңа оқу жылында орта білім беру жүйесіне енгізілетін өзгерістер көп. Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев педагогтердің тамыз конференциясында айтқан өзекті ойлары негізінде іске аспақ.
Білім тәрбиемен ұштасқанда ғана берекелі, сапалы болады. Осы орайда өскелең ұрпақты білімпаздыққа баулу қаншалықты маңызды болса, оларға дұрыс жол көрсету, бағдар беру де соншалықты маңызды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жастардың адал әрі еңбекқор боп өсуіне ерекше мән беру керек» деген болатын. Сондықтан «Адал азамат» мектеп қабырғасында қалыптасады» деді Президент. Осыған сай жаңа оқу жылынан еліміздегі барлық мектептерде біртұтас тәрбие беруге бағытталған «Адал азамат» бағдарламасы енгізілмек. Бұл оқушыларға адалдық, еңбекқорлық, патриотизм қасиеттерін сіңіру, мектеп пен қоғам арасындағы байланысты нығайту, ұлттық құндылықтарды дәріптеуді мақсат етеді. Қарағанды облысында бала тәрбиесінде ата-ананың рөлін арттыру үшін мектептер мен ата-аналар арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа үлгілерін енгізу бойынша 16 жоба іске асырылуда. Сондай-ақ, ата-аналар мен оқушылардың педагогикалық құзыреттілігін арттыру мақсатында өңірдің барлық мектептерінде «Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары» мен «Даналық мектебі» клубтары жұмыс істейді.
Жаңа оқу жылынан бастап, еліміздің мектептерінде ішкі безендіруді біріздендіру бойынша бірыңғай дизайн-код кезең-кезеңімен енгізілмек. Бүгінде 100-ден астам жаңа «Келешек мектептері» бекітілген брендбук негізінде салынып жатыр. Алдағы уақытта бұл стиль 1 300 мектептің жөндеу жұмыстары барысында да қолданылады. Келешекте дизайн-код елдегі барлық білім беру ұйымдарын қамтитын болады. Мектептің ішкі келбеті – ұлттық мәдениет айнасы болмақ. «Адал азамат» бағдарламасы негізінде Қарағанды облысының мектептері де брендбук пайдалануға көшеді.
Жаңа оқу жылында енгізілетін жаңалық – мектептерде «Цифрлық сауаттылық» және «Информатика» пәндеріне жасанды интеллект элементтерін қолдану. Орта білім беру жүйесінде AI-ды қолданудың этикалық стандарттары бекітілген. Оқушыларға арналған Day of AI онлайн-курстары, педагогтерге арналған біліктілікті арттыру бағдарламалары әзірленуде. Бұл туралы Қарағанды облысы педагогтерінің тамыз конференциясында да айтылған болатын.
Сонымен қоса, балалар қауіпсіздігі мәселесі назардан тыс қалмақ емес. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, барлық білім беру деңгейлерінде инклюзиядан бастап, бала құқықтарына дейінгі ең маңызды мәселелерді қозғайтын ауқымды бастама дайындалып жатыр.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша барлық білім беру деңгейінде енгізілетін кешенді «Қазақстан балалары» бағдарламасы әзірленуде. Құжатта балалардың құқықтарын қорғау, олардың әл-ауқатын арттыру, инклюзивті білім беруді дамыту және қауіпсіз орта қалыптастыру бағыттары қамтылған», – делінген ведомство мәлімдемесінде.
Педагогтердің үздіксіз кәсіби дамуына ерекше мән берілуде. Осы орайда Оқу-ағарту министрлігі педагогтердің кәсіби дамуын қолдау және олардың үздіксіз білім алуын қамтамасыз ету үшін «Ұстаз» онлайн-платформасын іске қосты. Платформа педагогтерге цифрлық ресурстарға, әдістемелік материалдарға және кәсіби даму курстарына қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Келесі оқу жылында мектеп бағдарламаларының мазмұнын жаңартып, тұлғаны жан-жақты дамытуға басымдық беретін жаңа білім стандарты қабылданады. Оқу-ағарту министрінің 2025 жылғы 23 қаңтардағы №12 бұйрығымен бастауыш және негізгі орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты бекітіліп, 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап күшіне енеді. Жаңа редакция білім мазмұнын оңтайландыруға, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды үйлестіруге, білім сапасын арттыруға бағытталады.
Сонымен қатар, мектеп әкімшілігін реформалау бойынша ауқымды жұмыс басталмақ. Осылайша, басқарудың жаңа моделі қалыптаспақ.
Ал, Қарағанды облысында жаңа оқу жылынан бастап, директорлық кадрлық резервті қалыптастыруға бағытталған «Болашақ басшы» жобасы басталады. Осы мақсатта барлық білім беру деңгейіне арналған «Білім берудегі өңірлік көшбасшылық: инновациялар және жасанды интеллект» атты модульдік оқыту бағдарламасы әзірленген.
Кәсіптік білім – кәсіби сұранысты өтейді
Биыл «Жұмысшы мамандықтарының жылы» аясында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалау жүзеге асуда. Мәселен, Оқу-ағарту министрлігі Үкіметпен бірлесіп, жұмысшы мамандықтар жылын ұйымдастыру жөніндегі республикалық жоспар бекітті, сондай-ақ кәсіптік-техникалық білім беруді трансформациялаудың 2025-2027 жылдарға арналған Жол картасын қабылдады.
Қарағанды облысында техникалық және кәсіптік білім беретін 52 колледжде мемлекеттік тапсырыс көлемі ұлғайып, биыл 9 300 орынды құрады. Оның 60 пайызы техникалық мамандықтар үлесінде. Атаулы жыл аясында салаға баса назар аударылып отыр. Сондай-ақ, студенттер стипендиясы екі есе өскенін атап өткен жөн.
Техникалық және кәсіптік білім беру саласында бұдан басқа жаңа кәсіптер мен құзыреттер атласы, техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялау, халықаралық деңгейдегі сертификатталған мамандарды дайындау, жұмысшы орындарын құру, жұмысшы мамандардың құқықтарын қорғау және мәртебесін көтеру қамтылған. Кәсіпорындармен бірлесіп, еліміздің мектептерінде 1000 бейінді сынып ашу жоспарланды. Оның 205-і Қарағанды облысында жұмыс істеп тұр. Мамандыққа бағыттау жұмысы жаңа мазмұнға ие болып, оқушылардың көптеп қатысуын мақсат етіп отыр. Облыстық білім басқармасының мәліметінше, өңір мектептеріндегі бейіндік сыныптарда медицина, педагогика, экология, АӨК, IT және «Жас сақшы» құқықтық жобасы қамтылған. Жаңа оқу жылынан бастап, тағы 50-ге жуық сынып ашу жоспарланған.
Сондай-ақ, мектептерде «ProfiWay» цифрлық платформасы іске қосылады. Платформада сұранысқа ие мамандықтар, оқу орындары және өңір кәсіпорындары туралы ақпарат ұсынылады. Осылайша, жоғары сынып оқушыларын практикалық дағдыларға және колледждер базасында алғашқы жұмыс кәсібіне оқыту тәжірибесі енгізілуде.
Бүгінде колледждерде теория мен тәжірибені ұштастыруға мүмкіндік беретін дуальды оқыту жүйесін дамыту жалғасуда. Қарағанды облысында дуальды білім беру жүйесі енгізілген 38 колледж 300-ге жуық кәсіпорынмен тығыз байланыс жасайды. Оған шамамен 7 мың студент қамтылған. Оқыту жүйесі бойынша кәсіпорындардың сұранысына сай мақсатты кадрлар даярланып, оқу бітіргеннен кейін міндетті түрде жұмысқа орналастыруды қамтамасыз етеді. Аймақта 1 000 студент жұмыс берушілердің тікелей тапсырысы бойынша білім алуда. Негізгі серіктестер қатарына Qaz Tehna, Qarmet және ҚТЖ компаниялары бар.
Кәсіптік білім беру орталықтарын халықаралық стандарттарға сәйкестендіру жұмыстары жүргізілуде. «Қазіргі таңда бес колледж халықаралық аккредитациядан өтті. Сонымен қатар, Қытай, Германия, Түркия, Финляндия және басқа елдердің білім беру ұйымдарымен тәжірибе алмасу жұмыстары басталды», – делінген білім басқармасының мәліметінде.
Жаңа оқу жылынан бастап, Теміртау жоғары политехникалық колледжінде «гидротехникалық құрылыс» және «мелиорация» бағыттары бойынша су шаруашылығы компетенциялары орталығы жұмыс істей бастайды. Бұл орталық қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған, заманауи оқу-өндірістік база болмақ. BYD (БИД) компаниясымен бірлесіп, аталмыш колледж базасында электромобильдерді жөндеу және қызмет көрсету бойынша оқу орталығы ашылады деп күтілуде. Орталық халықаралық стандарттар мен тұрақты даму принциптеріне сай жұмыс істейтін болады.
Сонымен бірге, келесі жылы Балқаш технология және сервис колледжінің базасында туризм саласының мамандарын даярлау мақсатында қонақ үй кешені форматындағы заманауи оқу зертханасы ашылады.
Ғылымды қолдау – ұлттық мүдде
Жоғары білім мен ғылым саласында жүргізілген реформалар Қазақстанды әлемдік білім беру кеңістігінде бәсекеге қабілетті елге айналдыруға ықпал етті. Мемлекет білім мен ғылымға салынатын инвестицияларды одан әрі арттырып, инновациялық дамуды қолдайтын бастамаларды жүзеге асыруды жалғастыруда. Атап айтқанда, бакалавриат, магистратура, докторантураға түсушілерге мемлекеттік білім беру гранттарын ұлғайту, шәкіртақыны арттыру, жоғары оқу орындары профессор-оқытушылар құрамының еңбекақысы мен ғылыми ұйымдар қызметкерлерінің лауазымдық жалақысын көтеру, жас ғалымдарды қолдау және университеттерге жасанды интеллект негізінде жаңа бағдарламаларды енгізу мәселелері бойынша жүйелі жұмыс жасалуда.
Нәтижесінде 2019 жылдан бастап мемлекеттік тапсырыс бойынша оқитын студенттердің саны 45,2%-ға өсті. Бакалавриат студенттерінің шәкіртақысы 2020 жылғы базалық деңгейден 100%-ға артты, бұл 170 мыңнан астам студентті қамтыды. Магистратура шәкіртақысы 60%-ға, докторантура шәкіртақысы 1,6 есе өсті. ЖОО оқытушыларының орташа жалақысы 30%-ға артты.
2024 жылы QS рейтингінде алғаш рет 21 жоғары оқу орны (2019 жылы – 10) кірді. Бұл қатарда Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті де бар. Жақында ғана «Ұлттық» мәртебесін иеленген Қарағандының беделді университеті халықаралық QS рейтингінде 981 орында тұр.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, өңірлерде шетелдік университеттердің филиалы ашылып жатыр. Бұл – озық халықаралық тәжірибе арқылы білім сапасын арттыруды көздейтін оң бастама. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қарағанды өңірінде Ұлыбританияның беделді университеттерінің бірі – Эксетер жоғары оқу орнының филиалы ашылатынын айтты.
Қазақстан әлемнің барлық негізгі өңірлерінен серіктестерді тарта отырып, Орталық Азияның білім беру хабына айналуда. Бүгінде Қазақстанның жоғары оқу орындарында 31,5 мың шетелдік студент білім алуда. Жыл сайын 200 жоғары білікті ғалымдар шақырылып, елдің ғылыми әлеуетін нығайтуға ықпал етуде. Мәселен, Қарағанды медицина университеті – денсаулық сақтау жүйесі үшін білікті кадрларды даярлау бойынша Қазақстанның жетекші медициналық жоғары оқу орны. Шетелдік студенттер арасында жоғары сұранысқа ие. Студенттер жыл сайын Үндістан, Иордания, Йемен, Египет, Палестина, Пәкістан, Польшадан және ТМД елдерінен келеді.
Ғылым және жоғары білім министрлігі құрылғалы жаңа реформалар қабылданып, ғылымды дамыту үшін қаржы көлемін арттыруды қолға алды. 2019 жылдан бері ғылыми ұйымдар саны көбейіп, ғылымға бөлінетін қаржы көлемі айтарлықтай артты. Мемлекет бұл қаржының сапалы әрі сұранысқа ие зерттеулер жүргізетін университеттер мен ғалымдарға ғана бөлінуіне баса назар аударады. Осылайша Қазақстан ғылым мен білім саласындағы осы маңызды қадамдар арқылы халықаралық аренада бәсекеге қабілеттілік пен сапалы білім беруді қамтамасыз етуді көздейді.
Гүлнұр Серікжанқызы,
«Ortalyq Qazaqstan»