Білім

Білім бәсекесінде бәсіміз биік пе?

Қарағанды облысында мектепке дейінгі білім беру саласында 35 мыңнан астам баланы қамтитын 407 мектепке дейінгі ұйым бар. Жыл басынан бері балабақшаларда 1324 орын ашылды. Оған қоса 106 ауыл мектебінде жоғары жылдамдықты интернетке қосу бойынша жұмыс жүрді.

2025 жылдың басты жа­ңалығы балалары балабақшаға бармайтын ата-аналар үшін іске қосылатын «SabiDamu» виртуалды плат­­формасы болмақ.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

«Ұстаз-Өрлеу» – өңірдегі жаңашылдық

Өңірлік коммуникациялар қыз­метінде өткен брифингте жылды қорытындылаған облыстық білім басқармасының басшысы Гүлбақыт Жүнісова, облыста алғаш жүзеге асатын «SabiDamu» виртуалды платформасы – 0-ден 6 жасқа дейінгі балалардың ата-аналарына арналған әдістемелік нұсқау болатынын атады. Бұл платформа балаларды тәрбиелеу мен оқытудың виртуалды көмекшісі болмақ. Мұнда ата-аналар кез келген маманнан кеңес ала алады. Өмірлік жағдайларда баланың дамуы мен әлеуметтенуін барынша арттырады.

Облыста сондай-ақ, «Ұстаз-Өрлеу» педагогикалық қыз­мет­­керлердің біліктілігін үздіксіз арттыру ұлттық платформасы арқылы мұғалімдерді аттестациядан өткізу бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылуда. Платформа бүгінде облыстың барлық білім беру ұйымдарында орнатылған.

Платформада 8 076 сертифи­кат­­талған педагог тіркелген, олардың 4 971-і біліктілік санатын растауға өтініш берді. Аттестаттау комиссиялары 3425 мұғалімге қатысты шешім шығарды.

Апатты мектептер азая ма?

Басқарма басшысы атап өткендей, облыста барлығы 404 жалпы білім беретін мектепте 174 мыңнан астам бала білім алады.

Жаңа оқу жылында Қарағандыда 2 мектеп жұмысын бастады. Атап айтсақ, «Кең дала» шағын ауданында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2000 орындық және «Күнгей» шағын ауданында жергілікті бюджет есебінен 600 орындық мектеп салынды. Бұл мектептер оқушылардың орын тапшылығын айтарлықтай азайтып, жақын маңдағы мектептер жүгін жеңілдетті.

– Бұқар жырау ауданындағы Новостройка ауылындағы апатты жағдайдағы мектептің мәселесі оның орнына жергілікті бюджеттен жаңа мектеп салу арқылы шешімін тапты. Жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарлануда. Сонымен қатар, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Қарағанды қаласында 2 мектеп ашу жоспарлануда.

Қарағандыдағы апатты жағ­дай­дағы №44 мектептің орнына жаңа мектеп салу үшін облыстың құрылыс басқармасы мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысымен жобалық-сметалық құжаттаманы әзірледі. Ал, Қарқаралы ауданы Талды ауылында 200 орындық мектеп құрылысы жалғасуда, – деді Гүлбақыт Серікжанқызы.

Алдағы уақытта апатты 5 мектептің мәселесі де шешілуге жақын. Қарағандыдағы №42 және №137, Ақтоғай ауданындағы Тасарал мектебі құрылысының жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу жоспарда. Жобалық құжаттаманы әзірлеу үшін Шет ауданындағы Дария орта мектебі, Нұра ауданындағы Ш. Уәлиханов атындағы орта мектебіне инвестициялық ұсыныстар әзірленуде.

Биыл «Ауылдағы тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы аясында «Қазақстан халқы» қоры өңірдегі 8 ауыл мектебін заманауи сынып бөлмелерімен және жиһаздармен жабдықтағанын айта кеткен жөн.

Жобалар жанданып келеді

Биыл өңірде орта білім беруде кітап оқуға қызығушылық пен оқу мәдениетін дамытуға бағытталған «Цифрлық мұғалім» республикалық жобасы мен «Кітап оқу – қуаныш» жобалары жүзеге асуда. Осы орайда облыстағы 70 мектеп республикалық «Мың мектеп» жобасына енді. Бұл жоба мектепішілік сараптау және білім үдерістерін бағалау арқылы сапаны арттыруға бағытталған.

Пәндерді оқытудың инновация­лық әдістерін енгізу мақсатында Digital matematika – жасанды интеллект арқылы дербестендірілген математиканы оқытуға арналған цифрлық платформа жүзеге асуда. Өткен оқу жылында облыстағы 180 мектепте пилоттық режимде сынақтан өткен-тін. Оған 780 математика мұғалімі қатысты.

Ал, «BilimTest» – ҰБТ, PISA және MODO-ға дайындыққа арналған мобильді қосымша. Заманауи оқушылар мен студенттердің қажеттіліктерін ескере отырып жасалған. Қолданба әртүрлі тәжірибелік сынақтарға және пайдалы оқу материалдарына қол жеткізуге мүмкіндік береді. Тесттерді тапсыру нәтижесінде студенттер жеке ұсыныстары бар талдау картасын алады. Жоба ағымдағы жылдың сәуір айында іске қосылды.

Сұранысқа ие мамандықтар бар

Бүгінде облыстағы 54 колледжде 32 766 студент оқиды. Кадрларды дайындау 126 мамандық және 178 біліктілік бойынша жүзеге асады. Студенттерді оқытуда мақсатты мемлекеттік тапсырыстар бойынша 31 кәсіпорынмен келісім-шарт жасалды. Дуальды оқыту 40 колледжде 300-ге жуық кәсіпорынның қатысуымен енгізілді.

Колледждерді дамытудың стратегиялық жоспарларын ескере отырып, 2025-2026 жылдары «Полимер өндірісінің технологиясы», «Жылжымайтын мүлікті басқару», «Газбен жабдықтау жүйелерін орнату және пайдалану», «Жаңа мамандықтарға лицензия алу жоспарлануда. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың инженерлік жүйелерін орнату және пайдалану», «Ет және ет өнімдерін өндіру» де бар.

Кадрларды сапалы дайындау мақсатында «Жас маман» жобасы бойынша жабдықталған білім, құрылыс, көлік, энергетика, IT және коммуникациялар, тау-кен өнеркәсібі, жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы сияқты 8 жетекші бағыттағы колледждерді кластерлеу жұмыстары басталды. Бүгінде әрбір сала бойынша колледждердің облыстағы мектептермен, кәсіпорындармен өзара байланысы көрініс тапқан.

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button