Білім бәсекесі бағамен өлшене ме?
Бүтін бір ұлттың болашағын аманаттап жүрген жас ұрпақ телефонға телмірді. Осы құрылғы арқылы ата-ана мен ұстаз арасын жалғайтын облыстық білім басқармасы ұсынған республикадағы тұңғыш жоба қаншалықты тиімді.
Бұған дейін қоғам үшін қонақта, автобуста, театрда телефонның тиімділігі артқан. Оған қоса, үйде баласы мазасын алып, тынышын кетірсе, ата-анасы қолына ұялы телефонын ұстата қоятын. Енді, сол ата-ана мектепке барып әуре болмайды. Себебі, баланың оқу үлгерімі мен сабақ кестесін бақылайтын «Edu-Mark» мобильдік қосымшасы жарыққа шықты.
Білуімізше, оқушының сабаққа қатысуы мен үлгерімі туралы ақпаратты ата-аналарға тарататын мобильдік қосымша «Білімал» ақпараттық порталында жинақталған. Облыстық білім басқармасы мамандарының айтуынша, «Edu-Mark-ке» тең келер жоба Қазақстан бойынша әзірге жоқ. Қазіргі таңда облыстың 8 мектебіне пилоттық жоба ретінде енгізілуде. Алдағы уақытта бұл жүйе 310 оқу орындарында іске қосылмақ.
Алайда, ата-аналардық көпшілігі облыстық білім басқармасы енгізіп отырған жоба жұмысының жағымды тұсы – тек, заманауи технологияны меңгеруге бағыттағаны дейді. Сондай-ақ, баланың үлгерімін бақылауға сеп. Отандық ғалымдар телефондағы радиацияның қауіптілігін ескерткен сайын, ата-аналар одан баласын алшақ ұстауға тырысып бағуда. Сондықтан, бұл жобаны қолдайтын ата-ана аз.
– Мобильдік қосымша әрине, ата-ана мүддесі үшін. Алайда, «Edu-mark» жүзеге асса ата-ана мен ұстаз, мектеп арасындағы байланыс ажырайды. Бала баға үшін оқып, оның оқу үлгерімі мен сабақ кестесін тек ғаламтор арқылы бақылайтын боламыз. Осындай құнтталмаған жобалардың әсерінен бүтін ұрпақ болашағын бағамен өлшеп, рухани әрі адамгершілік тұрғыда дамудан қалады. Сондай-ақ, қосымша, әсіресе, ауылдық жерге тиімсіз. Елді мекен тұрғындарының сымсыз телефонға қолы жетпейді. Әрі кейбір ауылдарда желі жүйесі істен шыққан, – дейді Ақтоғай ауданының тұрғыны Сәуле.
Ал, офтальмолог дәрігерлердің айтуынша, аталмыш қосымша қағазбастылықтан арылтқанмен, ұстаздарды компьютердің алдына телміртіп қояды. Ғаламтор арқылы смартфонға байланған гаджеттер оқушының көру қабілетін төмендетеді екен. Адам қуатының 50 пайызын өзіне тартады. Сондықтан, еліміздегі балалардың 5 пайызы мектепке көзілдірік тағып барса, мектеп бітіргенде олардың саны 35 пайызға артады.
Сөйтіп, күн өткен сайын «жабық әлем» баланы жартыбастыққа әкеледі. Қазір олар – телефонға толығымен тәуелді. Таңнан кешке дейінгі уақытын мектепте өткізетін ұстаздар болса, денсаулығына алаңдап жүр. Ал, бұл жағдайда ата-ана баланың білімін телефонда талқылауға дайын ба?
Аяулым СОВЕТ