Білім бәйгесі мәреге жетті
Қарағандының Балалар мен жеткіншектер сарайында ауыл оқушыларына арналған олимпиаданың және жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінің жеңімпаздары марапатталды. Дарынды жоғары сынып оқушыларын облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын құттықтап, облыста үздік оқушылардың зияткерлік әлеуетін дамыту көзделгенін атап өтті.
– Олимпиада – жалпы білім беру пәндерін тереңдетіп оқитын зияткер оқушылардың барлық пәндерден білімдері сарапқа салынатын бірегей жоба.
Білім бәйгесі жоғары білімді оқушыларды тәрбиелеуге бағытталған. «Жаста оқыған оқу – тасқа жазғанмен бірдей» демекші, оқушылардың келешекте өз ісінің білгірі атануына олимпиададағы жеңісі ықпалын тигізетініне кәміл сенеміз, – деді Ерлан Құсайын.
Биыл Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен жалпы білім беретін пәндер бойынша өткен республикалық олимпиада ауыл мектептерінің оқушыларына да ерекше мүмкіндік берді. Дарыны мен қабілетін анықтап, таңдау пәндері бойынша қолдау білдіру мақсаты көзделген.
Республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде қалалық Ж.Тәшенов атындағы мектептің 10-сынып оқушысы Азат Қобланды ІІІ орынды жеңіп алды. Ұстазы Майда Оспанова Азаттың алғыр оқушы екенін айтады.
– Ел дамуының алтын қаруы – білім. Білім бар жерде жетілу, кемелдену бір сәтке толастамайды. Олимпиадада Азат секілді үздік оқушылар ерекшеленді. Республикалық олимпиада мен ауыл оқушыларына арналған олимпиада қатысушылары білім көкжиегінде қалықтап, Жаңа Қазақстанды жаңа биіктерге көтерсе екен, – дейді Майда Оспанова.
Білім басқармасы берген мәліметке сүйенсек, жалпы білім беретін пәндерден 9-11 оқушыларына арналған республикалық олимпиаданың аудандық кезеңіне – 4 235, облыстық кезеңіне – 761 оқушы қатысты. Олимпиаданың облыстық кезеңінде 374 оқушы жеңімпаз атанды. Ал, 71 оқушы республикалық кезеңге жолдама алды.
Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz