Жаңалықтар

Білім алудың жаңа мүмкіндігі

Жуырда облыс әкімдігімен бірлесіп МБА Академиялық бағдарламалар орталығы басшысының орынбасары Әсет ӘБЖАҚОВТЫҢ қатысуымен мемлекеттік қызметшілердің ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясына оқуға түсу мәселелері бойынша семинар өтті. Семинарға қатысушылар өз сұрақтарын қойып, оларға толыққанды жауаптарын алды.

Іс-шараға мемлекеттік қызметшілер қатысты. Мемлекеттік басқару академиясына оқуға түсерде талапкерден жоғары білімі сұралады және оның еңбек өтілі бір жылдан кем болмауы керек. Қызметі мен санаты маңызды емес. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару Академиясы академиялық бағдарламалар орталығы басшысының орынбасары Әсет Әбжақов мәлімдеді.
– Талапкерлер он бағдарламаның біреуін таңдай алады. Оның алтауы – магистратура, төртеуі – докторантура мамандығы. Магистратурада мемлекеттік менеджмент, өңірлік даму, халықаралық қатынастар, мемлекеттік саясат, мемлекеттік басқару және экономика бағыттары бойынша білім беріледі. Докторантурада мемлекеттік басқару, экономика, халықаралық қатынастар, мемлекеттік менеджмент мамандықтары бойынша білімді жетілдіру мүмкіндігі бар. Академияның биылғы жылы жаңа білім беру бағдарламасында «сандық мемлекеттік басқару» бар. Бұл бағыт қазіргі уақытта мемлекеттік басқару саласында өте өзекті, себебі республикамызда «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы қабылданған. Мемлекеттік аппарат алдында цифрлық қызмет дамуына байланысты қағазсыз іс-қағаздары айналымына ауысу жүктелді. Мемлекеттік қызметшілер магистратурада бір жыл, докторантурада үш жыл білім алады. Мансаптық өсу мүмкіндігіне қол жеткізіп, әлемнің жетекші жоғары оқу орындарында тәжірибеден өтуге, сондай-ақ, кәсіби және тұлғалық құзыреттіліктерін арттыруға мүмкіндік бар. Білім алушыларға барлық жағдай жасалған. Бүгінгі күнде академияның 1440 түлегі Қазақстанның әр аймағында қызмет етіп жүр, – деді Әсет Әбжақов.
Сонымен қатар, академияға түсу үшін мемлекеттік қызметші болу, мемлекеттік органнан жолдама алу, мемлекеттік қызметте жұмыс өтілінің және ағылшын тілін меңгеру жөніндегі сертификаттардың болуы керектігін тілге тиек етті. Оқуға түскен жағдайда, білім алушыға оның соңғы жұмыс орнындағы жалақысы мөлшерінде шәкіртақы төленеді екен. Бір айта кетері, шәкіртақыдан ешқандай әлеуметтік жарна ұсталмайды. Ең бастысы – мемлекеттік қызметшінің жұмыс орны сақталады. Ол келісім-шарт бойынша атқарушы органда 3 жыл еңбек етуі тиіс. Өзге өңірлерден келіп оқитындар академияның арнайы жатақханасымен қамтылады. Онда отбасымен тұруға рұқсат етілген.
Биыл құжаттарды қабылдау 1 наурыз бен 13 шілде аралығында өтеді. Құжаттарды «eGov» электрондық үкімет порталы арқылы тапсыруға болады. «АРТІS» қабылдау тестін тапсыру үшін 10 шілдеге дейін тіркелу керек. Тест тапсыру 17-18 шілдеге белгіленіп отыр. 30 шілдеден 4 тамызға дейін сұхбаттасу өтеді. Қажетті ақпарат академияның ресми сайтында «pa-academy.kz» көрсетілген.

Нұрдос Кәрім

Басқа материалдар

Back to top button