Жаңалықтар

IT-технология біліктілік арттырды

Ғаламтор тілін білгендердің мүмкіндігі мол. Осыған сай жастарды IT-технологияға оқыту кеңінен өріс алып келе жатыр. Бүгінде ақылы курстармен қатар, мемлекеттік бағдарламалар арқылы тегін біліктілікті арттыруға болады. Осы мақсатта кеше «Терриконовая долина» IT-хаб алаңында жастар арасында кәсіптік дағдыларды қалыптастыру бойынша оқыту курсының бірінші сериясы аяқталып, қорытындысы шығарылды.

Аталған шараға облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Біржан Әлімжанов қатысып, курсты тәмамдағандарға сәттілік тілеп, ашық диалог құрды.

Айта кеткеніміз жөн, жастарға берері мол курсты облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының ұйытқы болуымен Қарағанды облысының жастар мен балалар ұйымдарының одағы өткізуде. Басқарма басшысы курстың тренерлеріне үлкен алғысын жеткізді. Қазір компьютер тілін меңгеріп алудың жастар үшін аса маңызды екенін атап өтті.

– Басты мақсат – жастардың кәсіптік дағдылары мен әлеуметтік құзыреттерін қалыптастыру арқылы олардың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету үшін жағдайлар жасау. Курсқа қатысушыларға сертификаттар табысталды. Жалпы тәжірибелі жаттықтырушылардың септігімен 60 адам оқытудан өтті. Қатысқан жастардың алғыр екенін айтады курс оқытушылары. Қолдарына алған сертификаттары кәдеге жараса, біздің бұл жобамыздың жемісін бергені. Алған білімдеріңіз тұлғалық, кәсіби дамуларыңызға және ел игілігіне қызмет етсін, – дейді Біржан Нұржанұлы.

Оқу бағдарламасына қазір қажетті кеңселік, іскерлік, цифрлық және қаржылық пакеттерден тұратын курстар енгізілген. Курсты толық оқыған жастар Word, Excel, PowerPoint және Access сияқты «Microsoft Office» кеңсе өнімдерінде жұмыс істеу дағдыларын меңгеріп алды. Сонымен қатар, телеграм-бот, лендинг парақшасын, мультисілтемелерді құруды, мемлекеттік қызметтердің электрондық және мобильді қосымшаларын пайдалану негіздерін үйренген.

Сондай-ақ, курстар отбасылық бюджетті, тұрғын үй-жинақ, білім беру депозиттерін тиімді басқару және зейнетақы жинақтарын пайдалану дағдыларын игеруге мүмкіндік береді. Мұнымен қоса оқу барысында коммуникация және іскерлік келіссөздер, этикет, түйіндемені жасау және іскерлік хат жазу бойынша сабақтар өтті.

Мұндай цифрлық сауатыңызды ашатын курстан сіз де құр қалмаңыз. Барлық ниет білдірушілердің қыркүйек айында өтетін курстың екінші сериясында оқуға мүмкіндігі бар. Қатысу үшін «JASPROKRG_BOT» Telegram бот арқылы онлайн тіркеуден өтуіңіз қажет.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button