Жаңалықтар

Білікті маман, келісті келін бола білді

Сурет автордан

Соғыстың алдында дүние есігін ашып, ел басына күн туған сол бір шақта өмір сүрген ұрпақта «бақытты балалық шақ» деген ұғым сірә да болып көрмеген шығар. Тіпті жат жерге бас сауғалап, тек естерін жиғанда ғана туған жерімен қайра табысқандар аз ба? Балшекен Қанайқызының отбасы қазақ елін жайлаған ашаршылықтан тоз-тоз болып кеткен елмен бірге ауып, Башқұртстаннан бірақ шыққан екен. Содан тек 1956 жылы тарихи отаны – Батыс Қазақстан облысы, Шыңғырлау ауданының Қарағаш селолық кеңесіне оралады. Бірақ бөтен елде, бөгде адамдар арасында тұру, жоқшылық пен таршылықтың азабын көру адамды ерте есейтіп, шыңдайтыны да шын екен. Орта мектепті ойдағыдай бітіргеннен кейін оқуға зерек, орысшаға жетік Балшекен ауылды айналшықтамай, өндірісті қала – Магнитогорскіге барып, бухгалтерлік курс бітіріп шығады. Бір-екі жыл «Алмазная» совхозында есепші болып, Петровка ауылсоветінің төрайымы болып та істейді. Бірақ білім алуды аңсап, 1962 жылы алыстағы Қарағандының Долинка деген жерінде ашылған ауыл шаруашылық техникумына түседі.

Тағдырдың жазуымен осы оқу орнында өзі сияқты білім аңсап келген Амангелді (Михаил) Жақыпов деген көкшетаулық жігітпен танысып, көп ұзамай екеуі үйленеді. Содан не керек, Қарағандыға бауыр басып, екеуі бұдан кейінгі бар саналы өмірін көмірлі қалаға арнайды. Бақыттарын осы жерден табады. Сол Долинкада қызы Гүлмира дүниеге келеді, екі жылдан кейін Қарағандыда Ермек атты ұлды болады.

Жасыратыны жоқ, Амангелді Қарағандыға үлкен ағасы Бәйкенді қарайлап келген еді. Бәйкен Әшімов ол кезде Қарағанды облыстық атқару комитетінің төрағасы сияқты үлкен лауазымды қызметте еді, кейін Хрущевтің «реформалары» тұсында ауыл шаруашылығы обкомының 1-хатшысы да болды. Қазақтың абыз ақсақалы атанған ағасы мен асыл жеңгесі Бақыт Әсетқызының бұларға мамандық алып, аяқтанып кеткенше жасаған жақсылықтары ұшан-теңіз. Бәйкен ағасы жоғарылап, астананың төрінен бірақ шықса, одан кейінгі ағасы Қажынаби да Қарағандыны жерсініп, Нұра және Қарқаралы аупарткомдарының 1-хатшысы, облатком төрағасының орынбасары сияқты лауазымды қызметтер атқарды. Ал Амангелді мен Балшекен болса зеректіктерінің арқасында техникумда алған білімдерімен-ақ өз салаларында абыройлы болды. Аужекең совхоздың механигі, бас инженері, коммуналдық шаруашылық автобазасының, құрылыс-жөндеу (РСУ), жол-пайдалану (ДЭУ) басқармаларының бастығы болып, Қарағанды орман шаруашылығының директоры қызметінен зейнетке шықты.

Балшекен болса қызметін облыстық статистика басқармасында экономист болып бастап, машинамен есептеу станциясының бас бухгалтері болады, Аужекең ауыл шаруашылығында жұмыс істеуіне байланысты Майқұдық құс фабрикасына ауысып, партком хатшысы болып сайланғанда обком оны Алматы жоғары партия мектебіне оқуға жібереді. Партия мектебін сырттай бітіргенімен «партократ» болуға зауқы соқпай статистикаға қайтып оралады. Мұнда оның жұмысқа тиянақтылығы мен алғырлығы ескеріліп, үнемі жауапты қызметтер жүктеліп отырған екен. Мәселен, есептеу орталығының инженері, бөлім бастығы, басқарма бастығының орынбасары, Есептеу орталығының директоры, «Қарағанды облмашформа» директоры қызметтерін атқарады.

1985 жылы Балшекен Жақыповаға жаңа міндет жүктеліп, мемлекеттік зейнетақыларды төлеу орталығының бастығы болып тағайындалады. Одан кейін өзі зейнетке шыққанша зейнетақыларды жеткізу жөніндегі орталықтың бастығы – облыстық әлеуметтік қамсыздандыру басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарады. Бұл тәуелсіздіктің елең-алаңында реформаларды жүзеге асырудың қиын кезеңі еді. Зейнетақылар мен жәрдемақылар қамкөңіл қарттарға уақытылы жеткізілмей, арыз-шағым көбейіп кеткен болатын. Балшекен Қанайқызының іскерлігі арқасында зейнетақы жеткізу жұмысы ретке келтіріліп, бір мінездемесінде көрсетілгендей, бұл көрсеткіш 97-98 пайызға дейін көтеріледі. Қанаттас қалалар мен селолық аудандарға тиісті көмек көрсетіледі. Облыста республика бойынша алғашқылардың бірі болып зейнетақы төлеудің компьютерлеу жүйесі енгізіледі. Бұл жұмысты анағұрлым жеңілдеткені сөзсіз. Осынау еңбегі үшін Балшекең «Қазақстан Республикасы алдында сіңірген еңбегі үшін» зейнетақысына ұсынылады. Бұдан бұрын еңбегі жанып, «Құрмет белгісі» орденімен, «Еңбек ардагері» медалімен марапатталғаны бар.

Балшекен өз ісінің білікті маманы болумен қатар шуағы мол, құтты шаңыраққа келісті келін болып түсіп, жақсы жар бола білді, осы әулеттің абырой-беделіне дақ түсірмеді. Қазақи қалпынан айнымай бала бағу, немере өсіру, ағайын-туыс, жолдас-жора күтудің жөн-жобасын білетін қазақ әйелі ретінде ұлттық дәстүрді келер ұрпақ бойына дарытудан жалықпады. Аужекең мен Балшекең алпыс жыл бірге тұрып, тату-тәтті өмір сүрді. Жақын туыс, араласқан адам, қызметтес әріптестер туралы газет-журналдарда басылған материалдардың басын қосып «Навсегда в моем сердце» деген жинақ шығарулары да көрегендік көрсетулері деп білеміз.

Балалары Қарағандының политехникалық институтын бітіріп, өмірден өз орындарын тапты. Гүлмирасы шешесіне ұқсап, экономист мамандығын алса, Ермек көліктік бақылау комитетінің жауапты қызметкері. Өз кіндіктерінен Зарина, Нариман, Ақбота, Бәйкен (бұл есімді үлкен ағасы 80-ге келгенде ырымдап рұқсат алып, әдейілеп қойған), Ажар атты немере-жиен сүйіп, олар Астана мен шетелдің беделді оқу орындарынан білім алды, қазір Астана, Алматы қалаларында тұрып жатыр. Нариман мен келіні Ажардан Адия атты шөбере сүйіп, қуанышқа молынан кенеліп отырған еді. Өкінішке қарай, отанасы осыдан 40 күн бұрын 87-ге қараған шағында мамыр айының 24 жұлдызында қайтыс болып кетті. Топырағы торқа, жатқан жері жайлы болсын!

А.ЖАНҒОЖИН
№253

Басқа материалдар

Back to top button