Әбікеева – әлем чемпионы!
Бокстан Сербияның Ниш қаласында өткен әйелдер арасындағы әлем чемпионатында 63 келі салмақта жұдырықтасқан жерлесіміз Аида Әбікеева алтын медаль иеленді. Әрі Қарағанды облысының бокс тарихында әйелдер арасындағы тұңғыш әлем чемпионы атанды. Осы чемпионатта ұлттық құрама спортшылары үш алтын, екі күміс және бір қола медаль жеңіп, жалпыкомандалық есепте ІІ орын иеленді.
Аталған чемпионатқа әлемнің 51 мемлекетінен кіл мықтылар қатысқан. Солардың қатарында 48 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен отандасымыз Назым Қызайбай қарсылас шақ келтірмей, ел қоржынына алғашқы алтынды салды. Әрі Қазақстан боксы тарихында тұңғыш рет үш дүркін әлем чемпионы атанды. Ел қоржынына екінші алтынды 50 келі салмақта сынға түскен Алуа Балқыбекова алып келді. Бұл спортшының әлем чемпионатындағы алғашқы алтыны еді. Үшінші алтынды Аида Әбікеева сыйлады.
Жерлесіміз ақтық бәсекеде таиландтық Тананья Сомнуекпен жұдырықтасып, айқын басымдылықпен жеңіске жетті.
Ал, 60 келі салмақта өнер көрсеткен Виктория Графеева мен +81 келі салмақта сынға түскен Елдана Тәліпова күміспен күптелді. Наталья Богданова 70 келі салмақта қола жүлдегер атанды.
Айта кетейік, байрақты бәсекеде облыс атынан үш спортшы өнер көрсеткен еді. 52 келіде жұдырықтасқан Анита Адишева мен 66 келіде бақ сынаған Жасмин Кизатованың бұл додада жұлдызы жанбады.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Сурет Туризм және спорт министрлігінен