Спорт

Биікке бастайтын белес

Қарағанды төрінде тұңғыш рет үстел теннисінен ел чемпионаты өтті. Бұл – еліміздің спорттық тарихындағы жаңа бетбұрыс қана емес, шапшаңдық пен шеберлікті серік еткен жас дарындарға бе­рілген зор мүмкіндік. Ал­ты күнге созылған ау­қымды додаға 250-ден астам спортшы бақ сынап, үміт пен сенімнің көркем көрінісін көрсетті. Ел чемпионатының ашылу салтанатында Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев спортшыларға сәттілік тіледі.

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

Облыс әкімі құттықтау сө­зінде өңірден шыққан Алан Құрманғалиев және басқа да спортшыларды тілге тиек етіп, құттықтау сөзін жеткізді.

– Бұл турнир болашақ чемпиондар үшін шеберлік, ерекше бәсекелестік және нағыз достық мектебіне айналғанына сенімдімін. Чемпионат елімізде үстел теннисін дәріптеуге және саламатты өмір салтын нығайтуға қуатты серпін берді. Қарағанды облысы бұл оқиғаны мақтанышпен қабылдады. Біздің лайықты спорт мектебіміз бар. 13 мыңнан астам жерлесіміз осы спорт түріне әуестенген. Олардың төрт мыңға жуығы ауылдық жерлерде. Әлем біріншіліктерінің тұғырын бағындырған Алан Құрманғалиев осындай жарыстардан бастап, әлемдік турнирлерді бағындыр­ды. Бүгінгі қатысушылар арасында оның жетістігін қайталап, тіпті, одан да асып түсетіндер де бар деп ойлаймын, – деді өңір басшысы.

Үстел теннисінен өткен рес­публикалық чемпионат жас спортшылар үшін тартыс­қа толы, ерекше дода болды. Атал­ған бәсеке 2014 жылы туған жә­не одан кіші спортшылар ара­сында ұйымдастырылып, елі­міздің түпкір-түпкірінен келген талантты өрендер бақ сынады. Жарысқа барлығы 19 ерлер және 16 қыздар командасы қатысып, спортшылар командалық, жекелей, жұптық және аралас разрядтарда сынға түсті. Әр қатысушы өз шеберлігін ортаға салып, ел мерейін асырмаққа тырысты.

Осы дүбірлі додада Қарағанды облысы атынан қатысқан спортшылар жоғары нәтиже көрсетіп, өңір намысын абыроймен қорғады. Жерлестеріміз жарыс қорытындысы бойынша 2 алтын және 2 қола медаль жеңіп алып, үздіктер қатарынан көрінді.

– Қатысушылар бұл додаға тыңғылықты дайындықпен келген. Көбі үшін бұл чемпионат алғашқы турнирлері болды. Содан болса керек, қобалжу байқалды. Дегенмен, кеткен қателіктерге түсіністікпен қарап, оларды бірге талдадық. Қатемен жұмыс істедік. Спортшылардың алға қойған мақсаты айқын. Ынта-жігерлері де жоғары. Алдағы уақытта олар дайындықтарын жалғастырып, ірі чемпионаттарға да қатысатынына сенім мол, – деді Қарағанды зерттеу университетінің дене тәрбиесі кафедрасының аға оқытушысы, 2018 жылдан бері үстел теннисі спортынан бірінші санаттағы төреші ретінде қызмет етіп келе жатқан Нұрсұлтан Саликов.
Қарағанды облысының намысын қорғап, жүзден жүйрік шыққан жерлесіміз Адия Косубаева қарсылас шақ келтірмей, І орын иеленді. Қыздар арасындағы додада шеберлігімен, шапшаңдығымен ерекшеленген жас спортшы кезекті рет өзінің қарымын дәлелдеді. Спорт әлемінде табысқа жету үшін тек талант аздық етеді. Күнделікті еңбек, үздіксіз дайындық пен темірдей тәртіп – жеңістің басты кепілі. Бұл орайда Адияның спорттағы жолы өзге жастарға үлгі боларлықтай.
– Осы спортпен төрт жасымнан бері шұғылданамын. Ата- анам мені қолдап, үстел теннисі үйірмесіне әкелген болатын. Осы жолғы жарыс мен үшін ерекше болды. Өйткені, қабілетімді дәлелдеудің үлкен мүмкіндік туды. Қарсыластарымның бәрі тәжірибелі ойыншы. Дегенмен, ата-анамның қолдауы мен табандылығымның арқасында алға суырылып шықтым. Алда әлі үлкен турнирлер бар. Қазір келесі жарысқа қарқынды дайындықты бастап кеттім, – деді спортшы.

Аталмыш чемпионатқа Шымкент қаласынан келген бапкер Фарида Разметова 15 шәкіртін қосқан. Жас спортшылардың әрқайсысы бапкер үмітін ақтауға тырысып, өз шеберлігін паш етті. Тартысты өткен турнир қорытындысында Фарида Разметованың төрт бірдей шәкірті алтыннан алқа тақты.

– Бұл чемпионат – балалар үшін үлкен мектеп. Мұндай жарыстар тәжірибе жинап, өзіңді шыңдауға таптырмас мүмкіндік. Біз турнирге ұзақ дайындалдық. Спортшыларым бар күш-жігерін салып ойнады. Әрқайсысының көзінде от бар, жеңіске деген жігер бар. Төрт бірдей алтын алу – біз үшін зор жетістік, – дейді бапкер Фарида Разметова.

Жарыс қорытындысы бойынша жалпы командалық есепте Қарағанды облысының атынан шыққан қыздар құрамасы І орын иеленді. ІІ орынды Шымкент қаласының спортшылары еншіледі. Ал, ІІІ орынды Қызылорда және Ақтөбе облысының құрамасы өзара бөлісті.

Ал, ұлдар арасындағы тартысты бәсекеде шымкенттік спорт­шылар қара үзді. ІІ орынға Түр­кіс­тан облысының спортшы­лары табан тіреді. Қарағанды және Қос­танай облысының спортшылары ІІІ орыннан көрінді.

Шынар ЖҰМАЖАН,
Қарағанды зерттеу университетінің ІІ курс студенті

Басқа материалдар

Back to top button