«Биебау» бердіңіз бе?
Боз қырау түспей суалмас боз биені байлап күрпілдетіп күбі піскен қазақтың қарасы көп. Ауыл түгілі қаланың әр қалтарысында «Қымыз сатамын» деушілердің қатары артуда. Мамыр айы туысымен бие сүті қасқалдақтың қанындай сұралады. Нарықта «майский қымыз» деген ұғым содан қалса керек. Ел ішінде осы бір «майский» атанған қымыздың әуелгі атауы уыз қымыз емес пе еді?! Атадан бергі сусынның атауы алмасап, салты қалыс қалып бара жатқаны қалай?! Тіпті, ақ сатып, ақша тапқан ауылдағы ағайынның өзі желі басындағы жоралғаны жасай бермейтін көрінеді…
Әркімнің кәсібі – нәсібі, ол жағына дау жоқ. Ал, кенжелеген салтқа ше? Оған дауа жоқ па? Жиылған жерде руымыздың батырын, ақынын айтып мақтанғанда, алдымызға қара салмаймыз. «Түпкі қалыбымыз – тарихымызда, шежіреміз – біздің ел болуымыздың ең басты элементі» деп жаздық та, айтудамыз. Бірақ, сол шежіреге тізілген жеті атамыздың салтын сақтау санада тұрмайтыны несі?!
Қымызмұрындық (биебау) – алғашқы уыз қымызға берілетін құдайы ас. Ертеде бір үйдің биебауында бәйге, көкпар, күреске дейін берілетін болған. Күндіз ұланасыр той болса, кешкісін жастар алтыбақан теуіп, ақсүйек ойнаған.
Ескі салтты еміс еске түсіретін хәлге жеттік. Оған себеп күнделікті күйбең тірлік, пайдакүнемдік шығар. Қарап тұрсаңыз, бүгінде көршінің үйіне себепсіз кіре алмайсың. Бұрын ағайыны аралас, малы қоралас көршінің үйінің есігі айқара ашық, қатар тұрған екі-үш үй біріне-бірі кіріп-шығып күңкілдесіп қымызын ішіп, жүре беретін. Қазір, көрші үйге кіре қалсаңыз, келген себебіңді айтып ақталуға тура келеді. Ал, бие байлаған үйлерге барсаңыз, есіктен шыққан келіні қымыз литрінің құнын айтып тақылдап тұрады. Меніңше, бұған ешкімді кінәлауға болмас. Кінә – өзімізден. Әуелгі салтқа деген сенімге түрлі діни ағыммен селкеу салып алдық. Оның үстіне, ескі салттан бейхабар жастар жетіліп, үй иесіне айналды. Қалада өскен балаға дала тәрбиесін бермеген ата-ана баласының сараңдығын айтып мақтанып тұрады. Пайымынша құдайы қонаққа «сымбыл» татырмай, сыбағасыз шығарып салу малсақтық, баюға жасаған алғашқы қадамы көрінеді. Дәл осылай жорыған атаның салт айтқаны не теңі?!
«Мен сізге айтайын, олар бие сүтін ақ шарап тәрізді ішеді, шемиус (қымыз) деп атайды және ол – өте дәмді сусын. Олар ол сусынды әр келген қонағына ұсынады. Жер бетіндегі ең қонақжай қауым» – деп жазыпты әйгілі жиһанкез Марко Поло.
Бұл аз десеңіз, бірде атақты Бейбарыс сұлтан бастаған салт аттылы ауыл іргесінен өтіп бара жатып, шеткері үйге түсіп сәлемдескенде, үй бәйбішесі ағаш тостақпен әмірге қымыз ұсынады. Мұны әмірдің жасауылы көріп әлгі әйелдің қолын қағып оған жекіп тастайды. Сонда Бейбарыс әлгі жасауылды сол қылығы үшін жазалап, «Бұдан былай Мысыр елінде де келген қонаққа бие сүті ұсынылсын», – деген жаңа жарлық шығарады.
Расында, елімізді өзге ұлттан ерек етер салттардың арқасында қазақты ел таниды. Бір қымызмұрындық салтының өзінде тұтас тәрбие мен жөн-жоралғы жатыр. Мысалы, көктем шығып биесі аман-есен құлындаған қыр қазағы құлындар қарақұлақ болып кетпей, желі керіп, оларды ноқтаға үйреткен. Бұрыннан сауылатын биелерді ноқталап, құлындарын желіге таңып, қозы қарындағы сары маймен желі басын, құлынның маңдайын майлаған. Бұл – ақ мол болсын деген ырым. Дәл осы көрініске өткен-кеткен көрші-қолаң куә бола қалған жағдайда олар да салттан жығылмай «Сауар көбейсін!» деп дауыстай өткен. Шынжырдың шығырындай бір-бірімен астасып жатқан көне салттың көксегіні – бірлік, аңсағаны – ынтымақ еді. Бір дастарқан басына малдас құрған бұрынғының қонағы мен үй иесінің диологында да талай тағылым бар. Қымыз құйылған тостақты ішпес бұрын әлгі қонақ оны көтеріп тұрып, үй иесіне «Мінекейіңіз!» деп үн қатады. Үй иесі «Бұйырсын!» дегенде ғана қонақ тостақты аузына апарған. «Ас иесімен тәтті» деген тәмсіл аптап ыстықта ақырған қымызды сіміріп мағмұрлана тамсанған қонақтан қалса керек. Ал, қазір қаладағы көп қымыз сатушыдан «Биебеу бердіңіз бе?» деп сұрай қалсаңыз, «Ол не?» деп, немесе «Жоқ, ол неге қажет?» деп таңырқай жауап қататындар жоқ емес. Әрине, салт ол ант емес орындалмаса киесі атар. Алайда, салттың сақталғаны сақ баласы үшін анттың орындалғанынан да маңызды болар. Қыс болса да, қысыр сауып қымыз ішер қазақтың шоқтығы – салтында. Ал, сіз ше құрметті оқырман бие байлап, «Биебау» бердіңіз бе?…
Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz