Елімізде бірінші ақпаннан бастап коронавирусқа қарсы жаппай вакцина басталғалы белгілі. Алдымен бірінші компоненті, кейіннен үш аптадан кейін екінші компоненті салынатын вакциналау алдымен медицина қызметкерлеріне жүргізілді. Ерікті түрде салынатын екпе кезегі – педагогтарда. Облыстағы 30 мыңға тарта педагогтың әзірге батылдық танытып, вакцина салғызуға келісімін бергендері – 6 мың ғана. Бұл бастапқы цифр. Мамандар күн сайын екпе аламын деген педагогтар саны артып келе жатқанын айтады.
– Бибігүл Райханқызы, медицина қызметкерлері вакцинаның бірінші компонентін алғалы үш аптадан аса уақыт өтті. Біразы екінші компонентін де алып үлгерген шығар. Осы екпе алғандар коронавирус инфекциясынан қорықпаса да болатын шығар?
– Иммунитеттің қалыптасуы адамның ағзасына байланысты. Мәселен, бірінші компонентінен кейін антиденелер бір апта ішінде қалыптаса бастаса, екінші компонентін салғаннан соң қырық күннің ішінде толық қалыптасуы мүмкін. Бірақ, бұл қатып қалған қағида емес. Екпе алдым деп, арқаны кеңге салуға болмайды.
– Наурыз айында педагогтарды вакциналау басталды. Облыста барлығы 30 мыңға тарта педагог бар десек, барлығына вакцина жете ме?
– Әрине, жеткілікті. Қазір қолда бары 7 мың доза. Енді Қарағандыдан шығатын вакцинаны күтіп отырмыз.
– Облыста екпе жұмыстары жүргізілетін қанша кабинет бар?
– Облыста вакцина егетін 115 кабинет ашылды. Мысалы, Қарағандыда ашылған 4 орталықта 15 кабинет бар. Одан бөлек, Теміртау, Саран, Шахтинск, Жезқазған қалаларында да 40 кабинет дайын тұр.
– Екпенің екінші компонентін алатын медицина қыметкерлеріне вакцина қалай салынуда?
– Педагогтермен бірге медицина қызметкерлеріне де вакцина салу қатар жүргізіле береді. Екінші компонентінен бөлек, денсаулық жағдайына байланысты екпе алу кейінге шегерілген қызметкерлер де қазір, кабинеттерге келіп, вакцина алуда. Осыған дейін айтып келгеніміздей, екпе алу – ерікті.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Салтанат ІЛИЯШ.