Бетпердеден құрт шықты, елден шу шықты
Жуырда ғана «медициналық бетпердеден құрт шықты» деп дүрліккен жұрт мәселенің байыбына бармастан, «шыт» іздеп, базарға ағылды. Жан деген тәтті ғой, шіркін! Әлем бойынша 3 миллионға тарта адамның жанын алған коронавируспен салыстырғанда көзге көрінбейтін құрт туралы құйтырқы әңгіме әлдеқайда әсерлі болып шықты. Абырой болғанда, халықтың көріп жүргені құрт емес, бар болғаны материалдың ыстық бумен синтезделу нәтижесінде көрінетін құбылыс екен.
Мектепте-ақ оқылатын қарапайым физиканы білгеннің бұл ақпараттың жалған екенін сезері анық. Бірақ, олай болмады. Әлеуметтік желі арқылы тарап, қала берді, бір-бірімізге айтып қорқытып, «отқа май тамызғандай» лаулаттық та жібердік.
Жалпы, коронавиурс індеті басталғаннан-ақ әлеуметтік желіде фейк ақпарат тіпті қаулап кетті. Үрейді алған ақпараттар жаппай тарап, коронавирустың жалғыз емі зімбір екен дегеннен бастап, бүкіләлемдік астыртын қастандық деңгейіне де жетті. Жақсы мен жаман қатар айтылса, әуелгіде естігенімізге талдау жасамай, жаманын қабылдайтынымыз тәрізді, талай байбалам салғандардың арқасында зімбірдің құны шарықтап кетті. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітті» деген – осы.
Бір қызығы, білім деңгейі ақпараттың жалған немесе шындық екенін айыруға еш әсері жоқ екен. Француз социологы Жан-Ноэль Капфебер 1970 жылдары «Жалған ақпаратты кім таратады және соның салдарынан болған жаппай үрейді кім қолдайды?» деген сұраққа жауап табу мақсатында «танымал сусындар құрамында канцерогенді заттар бар» деп жалған ақпарат таратады. Соның салдарынан жаппай дүрбелең туындап, аталған өнімдер өтпей қалған. Ал, осы мәселеге қатысты мұғалімдер мен дәрігерлер арасында жүргізілген сауалнама нәтижесі олардың көпшілігі ақпаратқа сенгенін көрсеткен. Бірақ, бір де біреуі тиісті орынға қоңырау шалып, мәселенің байыбына бармаған. Сондықтан, білім де, мамандық та жалған ақпаратты анықтауда ешқандай роль атқармайды. Оның үстіне, фейк-ақпарат неғұрлым қорқынышты бола түскен сайын оның тарау жылдамдығы да соғұрлым жылдам.
Мұның барлығын неге айтып отырмыз? «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» десек те, коронавирус салдары онсыз да психикасы әлсіреген тұрғындардың көңіл-күйіне кері әсер етіп, ел арасында дүрбелең тудыратыны анық. Оның бір ғана дәлелі – «құрт шыққан бетперделер». Ал, мұндай ақпараттардан көз сүрінеді.
Сонымен, медициналық бетпердеден зиян көрмейсіз. Оның үстіне, денсаулық сақтау министрлігі де қарап қалған жоқ, жаппай тексеруге кірісті. Ал, санитарлық эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев аталған ақпаратқа қатысты «Бүгінде медициналық бетперде арасында қандай да бір құрт, я болмаса, «личинка» бар деген ақпарат шындыққа жанаспайды» деді.
Салтанат ІЛИЯШ