БЕТКЕ ҰСТАР БЕДЕЛІМ
Әке – әр бала үшін дара тұлға, асқар тау. Алладан кейінгі анаңмен орын тірестірер құдіреттің иесі де – әке! Сондықтан, ол жайлы тебіренісің телегей теңізбен шектесіп жатса, оның ешқандай айыбы жоқ. Себебі, сенің тағдырыңа өзіңнен гөрі әкең көбірек алаңдайтыны сөзсіз.
Менің әкем Қайырбек СЫМАҚАНҰЛЫ да – өмірде үлгі болар ізі бар, өмірі мен еңбек жолы ұрпағына өнеге, бүгінде еңбегінің жемісін көріп отырған зейнеткер.
Әкем – жуасы мен жусаны бұрқыраған қарапайым қазақ ауылының бел баласы. Оның көзін ашып, алғашқы көрген қызығы, түсінік-танымы, тіршілігі туған өлкесі – Ақөлкенің таңғажайып табиғатымен біте қайнасқан.
Әкемнің әкесі Сымақан атам да – осы Ақөлкеде көп жыл бойы мал баққан адам. Атам өмірдің бейнетін де, зейнетін де бастан кешті. Өмірінің соңғы сәтіне дейін қажымай-талмай еңбек етіп, Отан дәулетін арттыруға орасан үлесін қосқан еді. Көзінің тірісінде балаларын еңбекке баулыды. Балалары да қаршадай күнінен әкенің өнегелі істерін жадына сақтап, еңбек дегеннің құдіретті күшін, оның адамға сыйлар қуанышын сезіне білді.
1965 жылы атам кенеттен қатты науқастанады да, төсек тартып жатып қалады. Бұл кезде бір отар қойға екі баласы Қайырбек пен Шыныбек ие болады. Менің әкем бұл кезге дейін жүргізуші болып жұмыс істеген. Атам меңдеп кірген аурудың енді шыға қоймайтынын сезгеннен кейін, үлкен ұлы Қайырбекті шақырып алып, өзінің кәсібін әрі қарай жалғастыруын сеніп тапсырады. Сөйтіп, 1965 жылы Шопан атаның таяғын қолына ұстап, әкесінің ұлағатты ісін одан әрі жалғастыруға бел байлайды.
Осы жылдан бастап әкесінің ақ таяғын қолына ұстаған әкем қой шаруашылығын өркендетуге 30 жылдан аса ат салысты. Талай жылдар бойы жүзден озған жүйріктер қатарынан көрініп, ел дәулетін еселеуге өз үлесін қосты. Орта есеппен әр жүз саулықтың соңына 100-ден, кей жылдары жүзден артық төл ерткен кездері де болды. Мал басын аман сақтап, әр қойдан 2-2,5 келіден жүн қырқып, етке тапсыратын еркек қозылардың енесінен бөлінгендегі орташа салмағын 35-40 келіге дейін жеткізді.
Бірде анамның қаймақ қатқан қою күрең шайын ішіп, күні бойғы қарбалас қимылдан дамыл алып, жайланған шақта, әкемнің бір мезет өзінің шопан таяғын қолына ұстаған кезін ойға алғанда: «Мен еңбекке ерте араластым. Ал, шопан таяғын қолыма алған кезде 28 жаста екенмін. Еңбекке араласқаннан бастап көңіліме түйгенім – ер жігітке қай жерде болмасын керегі – тұрақтылық пен қандай да болмасын кездескен қиыншылықтарды қажырмен жеңе білуі. Шопан болу маған оңай соққан жоқ. Үйреніп, жаттықпаған адамның алдында сан қилы қиындықтар, шешуін таппаған мәселелер тұрады. Соның бәрін бағдарлап, ақылға салып, сабырмен шешіп, ерінбей еңбек ете білу керек. Өз басым шопандық еңбегімде қатардан қалып көрген емеспін. Шынын айтқанда, еңбегім совхоз әкімшілігі, аудандық жоғары орындар арқылы бағаланып отырды. Сан мәрте сыйлық, алғыс алдым, сан рет жарыс озаты атандым. Еңбегімді елеген үкіметтің марапаттары да соның жарқын дәлелі. Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының грамотасымен, «Еңбек ардагері» медалімен марапатталдым. Әрине, бұл жетістіктің бәрінде де қолдаушым әрі көмекшім бола білген шешелеріңнің еңбегі ерекше», – деп айтқаны есімде.
Міне, әкем – сый-құрметті де, беделді де еңбектен тапқан жан. Әкемнің қолы босап, сәл тыным алар кез болса, қой шарбақты шегелеп, қора-қопсының кем-кетігін түзеп, ер-тұрман мен шідер-тұсауларды ретке келтіріп отыратын тынымсыз кездері әлі күнге дейін көз алдымда. Күні бүгінге дейін 80 жасқа келсе де, сол дағдысынан айныған емес.
Әкем – айтқан сөзінде тұратын, шындықты, адалдықты жақсы көретін еңсесі биік адам. Қандай жағдайда да адами қасиетті жоғары ұстайды.
Әкемнің бойындағы тағы бір ерекше қасиеті – адам баласына жасаған жақсылығын ешқашан міндетсінбейтіні. Қашан да туған-туыстарының, жақын-жуығының жағдайларын ойлап, көмек қолын созудан танған емес. Біздің отбасымызда әкемнің ағайын-туғандарының балаларын қосқанда, жаз бойғы демалыста жиырма-отыз шақты бала тату-тәтті өмір сүрдік. Тіпті, әрқайсысымызды азан шақырып қойған атымызбен атамай, еркелететін. Әсіресе, жазда бүлдірген теруге, қарақат жинауға, түйетабан мен биемшектің қалың жеріне алып баратын. Анамыз түйетабан мен биемшекті сүтке пісіріп беретін. Ал, кешкісін әкеміз төреші болып, қас қарайғанға дейін футбол ойнататын, күрес ұйымдастыратын, жаяу жарыс өткізетін.
1998 жылы дүниеден озған анамның жылын бергеннен кейін де әкеміздің адал сезімінің тұрақтылығы да шығар, орнына басқа жар алудан бас тартты.
Біздің отбасының сүйіктісі ісінің бірі – кітап оқу. Бұл да – әкемнің өнегесі. Әкем көркем әдебиетті көп оқитын. Оқыған шығармаларын, өзінің көргені мен естігені жайындағы әңгімелерін шебер айтады әрі әзілдеп, қалжыңдап отыратын әдеті тағы бар.
Ата-анам 4 ұл мен 5 қыз тәрбиелеп өсірді, әрқайсысымызды өз қатарымыздан қалыс қалдырмады. Түзу жолмен жүруімізге бағыт-бағдар беріп, тіршілік тауқыметіне мойымай, адалдыққа, адамгершілікке тәрбиеледі. Әке қабағымен, әділдігімен, ана сабырлылығымен, мейірімімен өсірген ұл-қыздан иман үзілмейтініне менің бүгінде анық көзім жетті.
Әкем – бетке ұстар беделім, алға ұстар айбыным!
Майра ҚАЙЫРБЕКҚЫЗЫ,
Қасым ауылының тумасы.
ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.