АймақҚарқаралы

Бесоба ауылының мектебінде Алаш арысына музей бұрышы ашылды

Биыл «Алаш» қозғалысының көрнекті өкілі, ағартушы, публицист, педагог-ұстаз Имам Әлімбекұлының туғанына 140 жыл толып отыр. Осыған орай Қарқаралы ауданы Бесоба ауылының орта мектебінде Алаш арысына музей бұрышы ашылды.

Сурет автордан

«Қазақ» газетінде жарияланған Алаш партиясының бағдарламасындағы басты 10 мәселенің бірі оқу-ағарту, яғни ғылымбілімді үйрету болды. Сол себепті, XX ғасырдың басында ұлт зиялылары ағартушылық бағытқа бар күш-жігерін салды. Солардың қатарында Алаш қайраткері Имам Әлімбекұлы да бар. Ағартушы қайраткер 1924-1928 жылдары Қарқаралы ауданының Бесоба, Қызылту, Милыбұлақ және Қу, Ақтоғай аудандарының ауылдарына мектеп салғызу жұмыстарын қолға алғандығы тарих жадында. Музей бұрышының лентасын Алаштанушы, жас ғалым Алтынбек Құмырзақ пен Имам Әлімбекұлының жиені Сәуле Машаева кесті. Бұл тағылымды іс-шараға Алаш арысының ұрпақтары Гүлдана Мейрамқызы мен Гүлнар Баянқызы мұрындық болып, қайраткердің ұрпағы, кәсіпкер Асқар Әлімбек қаражатын көтерді.

– Бұл тек деректер мен құжаттар ғана емес. Біз архивтермен жұмыс істеп, әр фотоның, әр қағаздың артындағы тағдырды ашуға тырыстық. Музейде шынайы заттар болуы керек. Мен әлі күнге дейін 1930-1950 жылдардағы жәдігерлерді, ескі суреттерді, кітаптарды, тіпті, пионер галстугін сақтап келем. Өйткені тарих тірі куәгерлер арқылы ғана сезіледі, – дейді музей ісінің маманы, зерттеуші Дана Мейрамқызы.

Алаш қайраткері Имам Әлімбекұлының өмірін зерттеуге, есімін қайта жаңғыртуға Гүлнар Баянқызы мен оның туыстары көп күш сарп етті. Сол қажырлы ізденістерінің арқасында музей ашып, «Қайта оралған есім» атты Имам Әлімбекұлының өмірінен сыр шертетін кітапша шығарды.

– Менің арманым атамызға арнап бір музей ашу еді. Өткен жылы ашқымыз келді, бірақ қолымыздағы материалдар тек Алашқа дейінгі кезеңмен шектелді. Биыл Дана Семейге барып, архивтен көптеген құжат тапты. Сол сәттен бастап ізденісіміз тереңдей түсті. «Айқап», «Сарыарқа», «Қазақ» газеттерінің ескі нөмірлерін ақтарып, бұрын тек ауызша айтылып жүрген естеліктерге нақты құжаттық дәлелдер таптық, –дейді журналист Гүлнар Бұхарбаева.

Журналист Гүлнар Бұхарбаева Имам Әлімбекұлы туралы алғашқы мәліметтерді 1990 жылдары естігенін айтып, сол кезеңді есіне былай деп алды: – Атамның үлкен ұлы Мейрам атаның қамқорлығын көрдік. Ол
кісінің жұбайы Ақсия деген апамыз да елге танымал болатын. Өмірінің соңғы жылдарында жиырма жылдай көзі көрмей қалды. Бірақ үнемі радио тыңдайтын. Үйінде кішкентай ғана радио тұратын. Сол радионы таңертеңнен кешке дейін тыңдап отыратын. Бір келгенінде ол кісі: «Міржақыпты ақтады, Ахметті ақтады, Әлімхан Ермековті де ақтады. Біздің атамыз әлі ақталған жоқ», – дегенде, құлағым елең ете қалды. Осындай ұлы адамдардың аты аталғанда, «Олардың қатарында жүрген бұл кісі кім?» – деп ойладым. Ол кісінің бір ескі чемоданы бар екен. Тозығы жеткен, шеттері мүжілген ағаш чемодан. Соның ішінен сарғайған қағаздарды алып шықты. Онда Мағжанмен бірге Петропавлда жұмыс істегенін растайтын құжаттар, Мейрам атамның Мәскеуге жазған хаттары болды. Сол кезден бастап мен зерттей бастадым.
Музей бұрышының салтанатты ашылу рәсімінің соңы «Алаш қайраткері – Имам Әлімбекұлы» атты концерттік бағдарламаға ұласты. Соңынан құран оқылып, ас берілді.

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button