Балқашта люкс-қонақүйлер бой көтереді. Нақтылап айтсақ, «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы Балқаш қаласында «4» және «5» жұлдызды қонақүйлер салуға әлеуетті инвесторларды шақырады. Бұл жоба Президент тапсырмасына сәйкес, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар құралдарын пайдалана отырып, «4» және «5» жұлдызды қонақүйлер салу жобаларын іске асыруға жәрдемдесу мақсатында жүргізілуде. Өңірдің туристік әлеуетін арттыру және инфрақұрылымын дамыту мақсаты көзделген.

Қала Балқаш көлі жағасында орналасқандықтан жазғы демалыс пен экотуризм үшін тиімді. Алайда, қазіргі уақытта жоғары деңгейдегі қонақүйлердің жетіспеушілігі туристер ағынының өсуіне кедергі келтіруде. «Сарыарқа» ӘКК осы мәселені шешу үшін инвесторларды тартуға ниетті. Балқаш көлінің жағалауында туризмді дамыту үшін 860 гектар аумақта 7 демалыс аймағын салу жоспарланған.
Бұл жобаларға 18 млрд. теңге инвестиция тарту да көзделіп отыр. Жаңа демалыс орындары мен қонақүйлердің салынуы 7000-ға жуық маусымдық жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Олардың салынуы туристерге сапалы қызмет көрсету деңгейін арттырады. Жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындарын ашады әрі қала бюджетіне қосымша салық түсімдерін қамтамасыз етеді. Өңірдің инвестициялық тартымдылығын жоғарылатады. Әр кешенде кемінде 60 нөмірден болуы тиіс. Бұл жобалар туризмнің дамуына және өңірдегі іскерлік белсенділіктің артуына ықпал етеді.
«Сарыарқа» ӘКК өкілдері Балқашқа қонақ үй салу арқылы туристерді тартудың бірнеше нақты жолы бар екенін айтады. Оның бәрі инфрақұрылымды дамыту мен маркетингтік стратегияны дұрыс үйлестіру арқылы іске асады. Мәселен, сапалы қонақүй – кез келген турист үшін сенімді орын. Осы мақсатта салынған «4» және «5» жұлдызды қонақүйлер шетелдік және отандық туристерге жоғары деңгейде қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді. Ыңғайлы бөлмелер, спа, мейрамхана, экскурсия қызметі – туристің қалада ұзақ уақыт қалуына себеп болады. Қонақүй туристік маршруттармен Балқаш көлі секілді тарихи орындар тығыз байланысты болса, келуші көп болады. Трансфер қызметтеріне әуежай, вокзал, қонақүй болса, бұл келуші үшін сенімділік тудырады.
Кәсіпкерлердің жобаларын жүзеге асыру үшін жер телімдерін «Сарыарқа» ӘКК ұсынады. Ал, жобалау және құрылыс жұмыстарын қаржыландыру, сондай-ақ, қонақүй кешендерін салу – ашық конкурс нәтижесінде анықталған инвестордың міндетіне кіреді.
Құрылыс алаңдарының инженерлік инфрақұрылымын жергілікті атқарушы орган қамтамасыз етеді.
«Сарыарқа» ӘКК өкілдерінің сөзіне сүйенсек, жобаның негізгі мақсаты – өңірдің туристік инфрақұрылымын дамыту әрі жаңа жұмыс орындарын құру. Жергілікті экономиканы ынталандыра отырып, Балқаш қаласының Қазақстандағы заманауи туристік орталық ретіндегі имиджін нығайту да жобаның маңызын арттырады.
Айта кеткен жөн, соңғы екі жылда Балқашқа туристік ағын 40%-ға артқан. Келушілер арасында тек қазақстандықтар ғана емес. Германия, АҚШ, Канада, Польша және Ресей елдерінен келген туристер де бар.
Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»