Елордамыздың 25 жылдық мерейтойына орай бес бірдей әлеуметтік нысан ашылды. Яғни, Шахтинск қаласында балалардың үш ойын алаңы мен бір көпсалалы корт және қала аумағына енетін Жаңа Долинка кентінде де тағы осындай бір корт салынып, пайдалануға берілді.
Сол күні қаланың Жеңістің 40 жылдығы көшесінде ашылған алғашқы корттың салтанатында Шахтинск қаласының әкімі Мұрат Қыдырғанбеков, оның орынбасары Сәрсенбай Жаппаров және қалалық мәслихаттың депутаттары болды. Қала әкімі Мұрат Қыдырғанбеков нысандардың балалардың ойнап, тынығуына, тіпті, ересектердің спортпен шұғылданып, қала тұрғындары арасында саламатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал ететінін айрықша атап көрсетті.
Іске қосылған кешенде жаз мезгіліне сай көгал төселіп, екі қақпа, екі баскетбол қалқаны, алты жарықтандырғыш бағандары, сыртта үш қатар көрермендер мінбері орнатылған. Бұл жерде жазда футбол, баскетбол ойнауға ал, қыста мұз айдынын құйып, хоккей ойнауға толық мүмкіндік бар.
Ержан ИМАШ,
ШАХТИНСК
Ortalyq.kz