Бертіс батыр
«Батыр… ғажайып құбылыс. Бұл құбылыс түркі текті тайпалардың ішінде тек қазақ халқына тән құбылыс екендігі шынында ғажап емес пе?»
М.Қозыбаев
Итальяндық философ Джованни Вико (XVII-XVIII ғ.ғ.) «Әр халықтың тарихында үш кезең – құдайлар кезеңі, геройлар – батырлар кезеңі және адамдық кезең бар» дегені белгілі. Қалай болғанда да, қазақ тарихында 1399 жылдан 1754 жылға дейін жоңғарлармен күрес заманы «батырлар заманы» болғаны хақ. Қазақ халқы осы бір жаугершілік заманда батырлар шоғырын дүниеге әкеліп, ұлан-байтақ жерді жан-жақтан анталаған жаудан қорғады.
Әз-Тәуке, Абылай заманында қазақ қоғамында батырлар көп болды. Солардың қатарын Қаракесек Бертіс, Беріш Ағатай, Тама Есет, Табын Бөкенбай, Албаннан Райымбек, Көкжарлы Барақ, Тобықты Көкенай, Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Ошақты Саурық, Бәсентиін Малайсары, Шанышқылы Бердіқожа, Керейт Тайлақ, Сіргелі Тілеуке, Шапырашты Қарасай, Шапырашты Наурызбай, Қыпшақ Деріпсалы, Уақ Баян, Шақшақ Жәнібек, Керей Жәнібек Ердәулетұлы, Олжабай Толыбайұлы тәрізді батырлар құрайды. Ұлт мүддесіне өмірін арнаған батырлар А.Байтұрсыновтың айтуынша, «Батырлар турасындағы әңгіме – халықтың жаны, рухы турасындағы әңгіме. Батырлары қандай болса, халықтың рухы да солай болған». (А. Байтұрсынов. Шығармалары. А.,1989.236 б.).
Есім хан – қазақты XVI ғасырдың 90-жылдарында билеген атақты Тәуекел ханның бауыры. 1598 жылы туған ағасы Тәуекел хан өлгеннен кейін таққа Есім отырады. Осы кезден бастап, Есім ханның дәуірі басталады. Бұл – Есім ханның әбден кемеліне келген кезі. 1599 жылы Бұхар хандығымен шарт жасасып, Ташкент қаласы мен оның айналасын Қазақ хандығына қосып алды. Осыдан бастап, Ташкент екі ғасыр бойы Қазақ хандығы билігінде болды.
Алайда, ол ел ішіндегі тыныштыққа бірден қол жеткізген жоқ. 1613 жылдан Ташкентті Тұрсын Мұхаммед сұлтан билеп тұрған еді. Ол Ташкент әміршісі Баба сұлтанының қолынан Хақназар ханмен бірге қаза тапқан Жалым сұлтанның ұлы болатын. Қазақ қолдарымен болған шайқастар нәтижесінде оның Ташкент әмірі ретіндегі лауазымын Бұхар ханы мойындаған. Тұрсын Ташкент аймағының ханы ретінде мүлдем тәуелсіз болғысы келді. Ташкент аймағының Мауреннахр ханына бағынбайтын дербес тәуелсіз хандық екенін көрсету үшін ортағасырлық «Имамқұл ханнаме» шығарма авторының мәлімдеуінше, өз теңгесін шығарды. Ол күллі қазақ ханы Есімге адалдығын айтып, екі рет ант берген, алайда екеуін де өзі бұзған еді. Бірақ, қантөгіс болдырмау мақсатында Есім хан онымен келісімге келген, өзімен тең құқылы санап, оған біршама еркіндік берген болатын. Ташкент аймағының билеушісі Тұрсын сұлтан Бұхара ханының әскерімен шайқасып, жеңіске жетті. Осы жәйт оның тәбетін оята түсті. Есім хан жорықта жүрген шақта Тұрсын сұлтан «Тұтас қазақ елінің ханы болсам» деген дәмемен, қалың әскерімен Ташкенттен шықты да, қазақ астанасы Түркістан қаласына шабуыл жасады. Қаланы талан-таражға түсіріп, тонады. Есім ханның отбасын тұтқынға алды. Осылай ол Қазақ мемлекетінің ішкі бірлігіне, тұтастығына қауіп төндірді. Сонда Есім хан қазақ әскерлерінен үлкен күш жинап, оған қарсы жорыққа шықты. Шешуші ұрыстар жүрді. 1627 жылы әуелі Сайрамда, одан Ташкент маңында болған қанды шайқастарда Тұрсын ханның әскерін тас-талқан етіп жеңді. Ташкентті алды (Б.Қойшыбаев). Міне, осы кезде Есім хан жасағының ішіндегі өткір, бір бет ақын Марғасқа:
«Ей, Қатағанның хан Тұрсын,
Кім арамды ант ұрсын…
Алтын тақта жатсаң да,
Ажалы жеткен пақырсың,
Еңсегей бойлы Ер Есім,
Есігіңе келіп тұр,
Алғалы тұр жаныңды
Шашқалы тұр қаныңды»,
– дейді. (Ерте дәуірдегі қазақ әдебиеті. А.,1983. 248 б.)
Есім хан Тұрсынды өлтіріп, Қазақ хандығының билігін қайтадан толық өз қолына алып, бір орталыққа бағынған ірі мемлекет құрды. Есім хан ойрат қалмақтарымен күресте ерлік пен батырлықтың өнегесін көрсетіп, «Еңсегей бойлы ер Есім» атанады. Есім ханның қалмақтар мен Тұрсынға қарсы күресінде Қарасай, Алатау, Жалаңтөс, Жарылқамыс, Сүлеймен, Сиқымбай, Маянбай, Сарыбұқа, Көксерек, Жақсығұл, Ағынтай, Жиембет, Шаншар (қаракесек) батырлар ерлігімен көзге түскен. (Айбын. Энциклопедия. А.,2011.315б.). Жиембеттің «Уа, Еңсегей бойлы Ер Есім» деп басталатын жыры осы кезде туған.
Шаншар Бұлбұлұлы Арғын тайпасының «Бес Мейрам» тобына жататын қаракесек руынан тарайды. Шежіреде оның ата-тегі Қаракесек – Ақша – Бошан – Таз – Бұлбұл – Шаншар болып тарайды.
Есім хан Әлібек (Ұлы жүз ), Шаншар (Орта жүз), Жидебай (Кіші жүз) билердің қатысуымен заңдар жинағын шығарды. «Есім салған ескі жол» атанған оған қазақтың тұрмыс дәстүрі мен салт-санасын реттейтін талап және тәртіп баптары енді. Қазақ хандығының ішкі және сыртқы жауларына қарсы күрестегі өлшеусіз еңбегі мен жеке басының ерлігі, шешендік-билік қасиетіне құрмет белгісі ретінде Есім хан оған биліктен тайған Тұрсын ханның үш қызын – Айбике, Нұрбике, Қызданбикені берген. Есім хан төңірегіндегі Шаншар би 1595-1680 жылдар аралығында ұзақ өмір сүріп, абыз атанған. Текті әулеттен шыққан аналардың есімдері де шежірелерде берік орын алған. Бірқатар аталарда сол аналар атымен аталып кеткен (Арғын Қаракесек ішіндегі Шаншар аталары Айбике, Нұрбике, Қызданбике). Айбике – Шаншар бұтағынан тарихта белгілі Келдібек би, одан Қаздауысты Қазыбек, одан Бекболат, одан Тіленші, одан Алшынбай билер, Нұрбике – Шаншар бұтағынан Бердібек (Бертіс), Тұрлыбек, Тілеубек дүниеге келген. Қызданбике – Шаншар бұтағынан Алсай туады.
Бертіс ержүрек батыр, майталман шешен, дарынды ақын, өнерлі күйші болған. Мәшһүр Жүсіп: «Қаракесектің сөйлемпаз, сөз тапқыштары осы Бертіс ұрпағынан болады. Бектемірден туады: Битен, Шитен, Мүшеке. Мүшекеден – Қазанғап. Қазанғаптан: Тәттімбет, Ерімбет, Жақсымбет. Тәттімбет Мұса Секербай заманында Қаракесекте үштің бірі болып, атағы шыққан. Өзі бай, өзі өнерлі, өзі бет біткеннің сұлуы, өзі шешен, айыр көмей темір жақ, домбыра тартып, ән қосқанда, алдына адам түспеген. Күні бұл күнге шейін «Тәттімбеттің сылқылдағы» десіп тартады. Құлатай, Қожатай, Қонтай, Тонтай, олар да осы Бектемірден шықққан: байлықта бірінен-бірі өтеді, соның ішінде Тонтайдың сөйлемпаздықпен аты шыққан (Мәшһүр Жүсіп. Ит дүние. А.,2008. 356, б.). Бертіс XVII ғасырда жоңғар-қазақ соғысының майдандарында ерлік пен тапқырлық көрсеткен тұлға. Ескіден жеткен аңыз әңгімелерде Бертіс биліктен тайған ханның орнына әмір болып, Ташкентті басқарғандықтан «Қарқаралы хан Бертіс» аталыпты дейді. Бертіс аты бүкіл Арқа өңіріне әйгілі болғаны анық. Оған дәлел Бертіс есімімен Балқаш көлі жағасындағы шығанақ, темір жол стансасы, Қарқаралы ауданындағы тау жотасы, бұлақ аталады. Бертістің ұрпағы Тәттімбеттің «Бертіс» күйін баба рухына тағзым деп қабылдау керек. (Қарағанды. Қарағанды облысы. Энциклопедия. А.,2006.182 б). Кемпірбай ақынның Бертіс би туралы:
«Түркістан әмір еткен қаласы бар,
Сарыарқа туып-өскен даласы бар.
Қазақ түгіл басқаға үлгі болған,
Жиені – Абай атты данасы бар,
Кемпірбай өлерінде сәлем айтқан,
Қарқаралы хан Бертіс қаласы бар.
Әбілхайыр, Әлібек, Ер Қазыбек,
Бертістің Әзіретте моласы бар», – деген жыр жолдары бар.
Көне заманнан бері атамыз қазақ «Ағаш – тамырымен, адам ұрпағымен мың жасайды» немесе «Адам өзі – мың жасамайды, ұрпағымен мың жасайды» дейді, расында ұлағатты ұл мен қыз – адамның жасын да, атын да ұлағаттап, ғасырларға ұзартады. «Кісі – қылығымен танылар» демекші, сөзіне – тұратын, ісіне – мығым, адамға ықыласты, туыстыққа мұқият бүгінгі Бертіс баба ұрпақтары Сейітбатталұлы Бағдат, Акашев Бекен Тахауиұлы, Қорабаев Рымбек Бекенұлы жігіттің сұлтандары. Осындай ұрпақтары бар баба есімі мәңгі жасайтыны сөзсіз.
Батыр – ел қорғаны. XVII-XVIII ғасырларда жаугершілік заманда қазақ батырлары елін, жерін қорғауда жан аямай соғысып, есімдерін халық жадында мәңгі өшпестей етіп қалдырды. Бертіс Шаншарұлы (1633-1707) – сондай батырлардың бірі.
Бүгінгі ұлан-байтақ жеріміз, Тәуелсіз бейбіт өміріміз осы батырлардың ерен ерлігі мен қажырлы еңбегінің арқасы. Сондықтан да, Бертіс сияқты батырлардың есімін ұрпақ жүрегіне ұялату – әрқайсымыздың парызымыз.
Ерғазы ҚАДАШҰЛЫ,
тарихшы