Жаңалықтар

Берлинге жеткен жауынгер

Әбдікәрім Құдайбергенов – Ұлы Отан соғысының ардагері, ІІ, ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденінің, «Отан соғысы» орденінің, «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Будапешті алғаны үшін» және басқа да мерейтойлық медальдардың иегері.

Аға сержант Әбдікәрім Құдайбергенов. 1944 жыл

Қара бұлтты сейілтіп, күн шуағын сыйлаған ардагерлер қатары жылдан жылға сиреп қалса да, фашизмге соққы берген аталарымыз болашақ ұрпақтың жарқын келешегін қамтамасыз ету үшін қасық қанын аяған жоқ. Арада қанша жыл өтсе де, қан майданда «Отан үшін!» деп алға ұмтылған, қаһармандық пен ерен ерліктің үлгісін көрсеткен жауынгерлер есімі ешқашан ұмытылмайды. Соғыс – адам баласының басына түсетін ең ауыр қасірет. Бүгінгі ұрпақ сол қасіретті көрмей-ақ өссе екен, оны болдырмау үшін егемен елінің іргесін нығайтатындай қажырлы еңбек етсе екен дейміз…

Әбдікәрім Құдайбергенов – Нұра ауданының Кеңжарық елді мекенінде, қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Әкесі терең діндар адам болған. «Бойындағы табиғатынан біткен емшілік қасиетінің арқасында қиын-қыстау заманда ат жоқ, өгіз, сиыр­ға мініп, ел аралап ауру сырқауларды, әсіресе, жас нәрестелерді емдеп, көпшілікке шапағатын молынан тигізген» дейді көзкөргендер.

Осындай отбасынан тәрбие алған Әбдікәрім ауыл мектебін бітіріп еңбекке араласады. Бірақ, сұм соғыс жас жігіттің арманының ойран-топырын шығарып жіберді. Сөйтіп, 18-ге жаңа толған жас қан майданға аттанды. Алғашқыда Орал қаласында әскери даярлықтан өтіп, 20-сыншы десанттық гвардиялық бригада құрамында, аға сержант шенінде бөлім командирі болып шайқасқа кіріскен. Ленинград майданы – соғыстың ең ауыр кезеңі болатын. Ұлы Отан соғысының тарихындағы ең ауыр беттердің бірі – Невадағы қаланы қорғау мен қоршалуына байланысты. Петрозаводск қаласын жаудан азат етуде жас атқыш Әбдікәрім Құдайбергенов ержүректігімен, мергендігімен жаудың шоғырланған отты нүктесін жойды. Осы қаланы азат етуде көрсеткен ерлігі үшін жас жауынгер III дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталды. Ол қоршауда қалған қалаға солтүстік-батыс шепте әскери жабдықтарды жеткізуде, Нева өзенінен өтуде, Ленинград қаласын жаудан азат етуде жауға қарсы жан аямай шайқасып, дұшпан армиясын елеу­лі шығынға ұшыратты. Осы майданда Әбдікәрім Құдайбергенов 1944 жылға дейін жанқиярлықпен шайқасты, бірнеше рет жараланса да, қайтадан майдан шебіне оралып отырды. Ленинград шайқасы 1944 жылы Выборг – Петрозаводск операциясының нәтижесінде аяқталды.

Одан кейін бірінші, екінші Украина майданы болды. 20-сыншы гвардиялық десанттық бригада құрамында жаудан елімізді тазарту үшін ерлікпен шайқасты. Осыдан кейін II дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталды. Тағы да жарақат, тағы да госпиталь, бірақ, жігерлі жас оңалысымен қайта майданға аттанды. Баласы Асқар: «Әкеміздің денесіне қарауға жүрексінетінбіз, себебі, денесі шұрқ-шұрқ тесік, ылғи оқ іздері болатын» дейді. Ленинград түбінде басталған майдан жорығы Берлинге дейін жалғасты. Екі ортада Украин қалаларын азат етуге, Белоруссияны жаудан тазартуға, Румыния, Венгрия, Австрия жерлерінде болған қанды ұрыстарға қатысты.

Сонымен, жас сарбаз Жеңіс күнін Германияның Дрезден қаласында қарсы алды. Бірақ, елге қайту жоқ еді. Енді, Еуропаны жаудан азат ету керек болатын. Сөйтіп, оның жауынгерлік жолы Югославия, Австрия, Венгрияға бағытталды. Елге тек 1947 жылы оралды.

Тарихи Жеңістен кейін жауынгер, ұрыс даласында алған жарақатына қарамастан, ел экономикасын көтеруде қажымай, талмай еңбек етті. Қай салада еңбек етсе де, ол кісі Отанына адал болды, өзіне тапсырылған міндетті асқан жауапкершілікпен атқарды. Еңбекке араласып, ұстаздық етті, отбасын құрып бейбіт өмірге енді. 1957 жылы партия қатарына алынды. Еңбекқорлығы мен адалдығы, жауапкершілігінің арқасында оны совхоздың партия комитетінің хатшылығына сайлады. Бұл міндетті де асқан жауапкершілікпен атқарды, жастарды тәрбиелеу ісіне аса қатты көңіл бөлді. Сұрапыл соғыста от кешіп, мұз жастанған оның денсаулығына, әрине, кесірін тигізбей қоймады, енді ғана бала-шағасының қызығын көріп келе жатқанда, 1991 жылы небәрі 67 жасында дүниеден өтті.

Жұбайы Мария екеуі үш бала тәрбиелеп жеткізді. Олар әке жолын жалғастыруда, әке туын биік ұстап, ұрпақтан ұрпаққа абыроймен жеткізуде. Әбдікәрім Құдайбергенов өмірі мен ерлігі ұрпаққа үлгі. Оның есімі ел есінде. Изенді ауылында батыр атында көше бар, есімі саябақтағы ескерткішке жазылған. Үлкенді-кішілі жұмыста жүргенде жұртқа адал қызмет еткен, адалдықты көңіліне тұмардай түйіп, жанына серік қылған майдангер есімі ел есінде мәңгі сақталады.

Бикен АХМЕТОВА,
Қазақстанның Құрметті журналисі.

Басқа материалдар

Back to top button