Бас тақырып

Берік УӘЛИ: «Күн тәртібінде – ашықтық және қоғаммен кері байланыс»


– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Президенті қызметіне кіріскеніне 4 айдан асты. Жалпы, өзіңіз де білесіз, ақпараттық кеңістікте қалыптасқан дəстүр бойынша, үш айдың ішінде атқарылған шаралардың қорытындысы жасалатын еді. Алайда, жаңа Президенттің 100 күндік жұмысы жөнінде көп ресми ақпарат жарияланбады. Мұның қандай да бір себебі болды ма? Əлде Президенттің өзі айтпақшы, сөзден гөрі нақты іске ден қойды ма?

– Ең алдымен, тəуелсіз Қазақстанның тарихында екінші президенттің сайлануы – еліміз үшін үлкен тарихи кезең. Өздеріңіз де куə болдыңыздар, барша халықтың алдында ант бергеннен кейін Қасым-Жомарт Кемелұлы Мемлекет басшысы ретінде бірден жұмысқа білек сыбана кірісіп кетті. Міне, сол уақыттан бері көптеген маңызды іс-шаралар атқарылды. Халықаралық кездесулер өтті, өңірлерді аралады, шетелдерге сапарлады, келіссөздер жүргізді. Президент қызметінің 100 күндігіне қатысты ресми БАҚ-та мақалалар жарияланып, телеарналарда сюжеттер беріліп жатты. Бірақ дəл осы 100 күндік қарсаңында Арыста күллі Қазақстан жұртшылығын алаңдатқан төтенше оқиға болды. Ол Арыстағы ағайынның ғана емес, бүкіл қазақтың қабырғасын қайыстырған өте қиын жағдай еді. Президент жергілікті билікке, құзырлы органдарға шұғыл тапсырмалар берді. Кешкісін, жұмыс күнінің соңына қарай Арысқа ұшып барды. Енді ол кездегі ахуалды өздеріңіз де жақсы білесіздер, БАҚ-тан көрдіңіздер. Міне, осындай күрделі уақытта «мен 100 күнде не бітірдім» деп емес, дəл сол сəт те көмекке зəру, бірауыз демеу күткен ел дің жанынан табылуы маңыздырақ болды. Арыс халқы сол күні Президенттің тікелей қамқорлығын сезінді деп ойлаймын. Жалпы, Мемлекет басшысының наурыз айынан бері атқарған жұмысы халықтың көз алдында. Осы уақыт аралығында Қазақстан Президенті 14 облысқа жұмыс сапарымен барды, 4 мемлекетте болды, 2 ірі халықаралық саяси ұйымның жұмысына қатысты. Оның арасында, өздеріңіз білесіздер, сайлау науқаны өтті. Сайлаудың ертесі күні Қасым-Жомарт Кемелұлы баспасөз мəслихатын өткізді. Оған жалпы, 66 БАҚ-тан 107 журналист қатысты, оның 22-сі – Қазақстанда тіркелген шетелдік тілшілер. Сол пресс-конференцияда 3 тілде 30-дан астам сұраққа жан-жақты жауап берді. Яғни, Президент барлық жағынан, мейлінше ашық болды. Алдағы уақытта да солай боларына сенімдімін.

Жалпы, Мемлекет басшысы осы баспасөз мəслихатынан бөлек төрт айда БАҚ-қа қанша сұхбат берді?

– Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы төрт айда шетелдік жəне отандық БАҚ-қа 10 сұхбат берді. Олардың қатарында Мемлекет басшысының лауазымына кірісе салысымен өздеріңізге, яғни «Egemen Qazaqstan» жəне «Айқын» республикалық газеттеріне берген сұхбаты, ресейлік «Коммерсант», «Российская газета» басылымдары, «Россия» телеарнасы, Өзбекстанның «УзА» ұлттық ақпараттық агенттігі, америкалық White House Chronicle телехабары, Wall Street Journal газеті, израильдік Israel Hayom басылымы, Euronews телеарнасы, Bloomberg агенттігі жəне белгілі ресейлік журналист Алексей Пивоваровқа берген сұхбаттары бар. Соңғысы 21 шілдеде «31 канал» арнасынан фильм ретінде көрсетілді.

– Президенттің өз жұмысын өңірлерді аралаудан, жұртшылықпен жүздесуден бастағанын айттыңыз. Берік Уəлиұлы, барша журналистер қауымы осы сапарлар жөнінде алғашқы ақпаратты сіздің əлеуметтік желідегі парақшаңыздан алып отырды. Əр ақпаратты Мемлекет басшысымен келісіп отырасыз ба, əлде шұғыл хабар тарату үшін өзіңіз де шешім қабылдай бересіз бе?

– Иə, жаңа айтқанымдай Президент 100 күнде емес, тіпті алғашқы екі айдың ішінде өңірлерді аралап шықты. Барған жерінің бəрінде жұртшылықпен кездесті. Қарапайым еңбек адамдары, кəсіпкерлер, бюджет қызметкерлері, жастар, бəрі де өз өңірінің дамуына аз болса да қолғабыс жасағысы келеді. Осындай маңызды кездесулер кезінде кейде Мемлекет басшысының бізге нұсқау, тапсырма беруге не месе біз таратқалы отырған ақпаратқа көз жүгіртіп шығуға қолы тие бермейді. Ондай жағдайда, əрине Президент Əкімшілігі Басшысының немесе бірінші орынбасарының келісімін алып жатамыз. Жауапкершілікті өз мойныма алуға тура келе тін сəттер де болады. Қазіргі ең жедел ақпарат тарату құралы – əлеуметтік желілер. Сондықтан көп жағдайда ақпаратты əлеу меттік желі арқылы таратуға тырысамыз. Мемлекет басшысы атап көрсеткен түйткілді мəселелердің шашауы шықпай, бұрмаланбай, елге шұғыл жетуін қам тамасыз етеміз, қадағалаймыз. Мысалы, төтенше жағдай болған Арыс қаласына баратынын Президент екі кеш тің арасында айтты. Шамамен түнгі сағат 22:00-ге таяу Арысқа жеттік. Прези дент бірден арыстықтар орналасқан кө мек көрсету штабына атбасын тіреді. Халықпен кездесті, пікірлесті. Осы сəтті біз дің қырағы камераларымыз да қалт жібер мей, түсіріп жатты. Өте жылдам əре кет ету керек болды. Мəселен, екі-үш ны санның арасы 15-20 минуттай ғана. Осы уақыт аралығында түсіріп алған бейнематериалды орталыққа жіберіп үлгермейсің. Оның үстіне қауіпсіздік үшін Арыста электр энергиясы сөндірілген, интернет өте əлсіз болды. Осындай кезде бар жауапкершілікті мойныма ала отырып, өзімнің ұялы телефоныма түсірген бейнематериалдарды əлеуметтік желіге əрең жүктеп, хабар таратуыма тура келді. Өйткені тек біз дің əріптестеріміз – журналистер ғана емес, күллі жұрт Арысқа қарап алаңдап отырған болатын. Барлық сайттар, телеарналар менің сол материалымды бөлісіп, шартарапқа таратып жатты. Президенттің Арыстағы оқиға орнында болған сəтінен жəне Шымкенттегі ауруханада зардап шеккендермен кездесуінен түсірген фото-бейне жазбаларымды сол сəтте ғана 3 мыңнан астам адам əлеуметтік желіде бөлісті. Мұны не үшін айтып отырмын? Кейде осындай шапшаң шешім қабылдауға тура келеді. Бұл жалпы ел үшін керек. Олай жасамасақ, жағдай күрделене түсетін еді. Өйткені əлеуметтік желілерде əркім жағдайды сан-саққа жүгіртіп жатты. Ал бұндай жағдайда əбжіл қимылдау керек, бірақ ешқандай қателікке жол берілмейді. Яғни, оперативтілік жауапкершіліктен босатпайды. Бəрі қолмен қойғандай, көзбен көргендей анық, нақ болуы керек.

– Мемлекет басшысы алғашқы сапарын Түркістаннан бастады. Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне, одан кейін киелі Маңғыстауға, Бекет атаның басына зиярат етті. Жалпы, еліміз киелі жерлерге кенде емес. Президент сол жерлердің бəрін аралап, бабалар рухына тағзым жасады. Шыны керек, бұған дейін Қасым-Жомарт Кемелұлы көбіне сыртқы саясатта, дипломатиялық миссиямен шетелдерде жүргендіктен, жұртшылық жалпы жақсы қабылдағанымен, ол кісіден дəл осындай қазақилық күтпеп еді…

– Иə, айтпақ ойыңызды түсіндім. Қазақ – ата-бабасының рухын қастерлеген халық. Мемлекет басшысы өзінің алғашқы сапарын Түркістаннан бастағанын нағыз түркілік ұғымнан туындаған дүниетаным деп айтуға болады. Бұл Қасым-Жомарт Ке мелұлының шетелде көп жүргенімен, ата-баба дəстүрін берік ұстанатынын жəне ұлттық рухы мықты екенін көрсетеді. Соны мен қатар Қазақстанның сыртқы саяса тының салмағын қара нардай көтерген Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақы қалпынан еш айнымағанын, бабалар салған салтқа берік екенін білдіреді. Мемлекет басшысы ретінде жауапкер шілігі аса зор міндетті киелі жерлерге келіп, бабалар рухына тағзым етуден бастағаны – ізгіліктің белгісі. Осыған байланысты Президенттің «Түркістанның жаңғыруы жəне жаңаруы даму жолымыздың дұрыстығын көрсетеді» дегенін де білесіздер. Киелі жерлері мен дана тұлғаларын ерек ше қадірлей білген қазақ халқында «Ме динеде – Мұхаммед, Түркістанда – Қожа Ахмет, Маңғыстауда – пір Бекет» деген ұлағатты сөз бар. ШҚО сапары барысында Жидебайға арнайы атбасын бұрып, Абай атамыздың басына барды, Алматыда Райымбек бабаға зиярат етті. Сондықтан Мемлекет басшысының еліміздің қасиетті жерлеріне зиярат жасап, айтулы тұлғаларына Құран бағыштап, халқының амандығы мен жұртының тыныштығын тілегені – өскелең ұрпаққа үлгі. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген дана халқымыз. Сондықтан Президент аса үлкен лауазымды қызметке кірісер алдында осылайша бабалар рухына тағзым етіп, олардан рухани күш-қуат алған болар. Бұл əдептің дəстүрге айналуы түркілік тегіміз бен қазақы қанымыздың мықтылығын айшықтай түседі. Орайы келгенде айта кетейін, Мемлекет басшысы өткен Рамазан айында да мұсылман қауымымен бірге болып, мешітке барып, Құран оқытып тұрды. Яғни, қазақылық – Қасым-Жомарт Кемелұлының қанында бар қасиет.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық беделі зор. Тұңғыш Прези дентімізді күллі əлем қауымдастығы біледі, құрметтейді. Қасым-Жомарт Тоқаев қызметіне кіріскен сəттен бері бірнеше мемлекетке сапармен барды. Жалпы, Қазақстанның жаңа Президентін шетелдіктер, оның ішінде əлемдік сая сатқа ықпалы бар саясаткерлер қалай қабылдады?

– Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасымыз – əлем қауымдастығына сыйлы, өте беделді саясаткер тұлға. Егемен елі міздің дүние жүзіне танымал болуы, өзге елдермен терезесі тең мемлекетке айналуы Елбасының еңбегі екені сөзсіз. Елбасымен қатар еліміздің сыртқы саясатын қалыптастыру, əлемнің өркениетті елдерімен терезесі тең болуы жолында бүгінгі Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының да сіңірген еңбегін ешкім жоққа шығармас. Əлемдік қауымдастыққа да өте танымал жəне ықпалды саяси тұлға. Сон дықтан жаңа Президентімізді əріптес тері, басқа мемлекеттердің басшылары үлкен құрметпен қабылдады деп айта аламын. Осы аз ғана уақыттың ішінде, Мемлекет басшысы Ресей Федерациясына ресми сапармен, Өзбекстан Республикасына мемлекеттік сапармен, сондай-ақ Шанхай ынты мақтастық ұйымы жəне Азиядағы өзара ықпалдастық жəне сенім шаралары жөніндегі Кеңестің саммитеріне қатысу үшін қырғыз еліне, одан əрі Тəжікстанға барды. Қай елде болмасын, өте жылы қабылдап, Президентімізге үлкен құрмет көрсетіп жатты. Бұл – біріншіден, əрине, Ел басының осыған дейінгі салған сара жолы, беделі, екіншіден, Қасым-Жомарт Кемелұлының əлемдегі ең ірі, ықпалды халықаралық саяси ұйым – БҰҰ-ның Бас хатшылығында жоғары лауазымда болуы, Женевадағы бөлімшесін басқаруы – мұның бəрі оның жеке басының саясаткер ретіндегі абыройын, беделін көрсетсе керек. Одан кейін Нұр-Сұлтан қаласында Астана экономикалық форумы, Еура зиялық экономикалық одақтың мерейтойлық саммиті, жақында ғана Президент жанындағы ше телдік инвесторлар кеңесінің жиыны өтті. Осы жиындар қарсаңында шетелдік де легациямен жеке құрамда, кейін кеңейтілген құрамда кездесулер өтіп жатты. Сонда байқағаным, əр елдің делегация сын қабылдағанда əуелі қазақша сөйлеп, барлық мемлекеттік рəсімдерді толық сақтап отырды. Кейін олармен аудармашысыз-ақ, солардың тілінде еркін əңгімелескеніне куə болдым. Мысалы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бес тіл білетінін елдің бəрі біледі. Бірақ бір күнде бес тілде сөйлегенін ешкім көрмеген шығар. Біз соны көрдік. Астана экономикалық форумына арнайы келген Қытай Халық Республикасының Мемлекеттік кеңесі Премьерінің орынбасары Хань Чжэнмен қазақша бастап, сөзін қытайша жалғастырды. Одан кейін бұрын Францияның экономика жəне қаржы министрі болған, бүгінде Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры Кристин Лагардпен французша тілдесті. Сондай-ақ форумға қатысушы шетелдік жетекші сарапшылармен өткен басқосуда ағылшын тілінде, ал Арменияның президенті Армен Саркисянмен жəне Ресей Сбербанкінің басқарма төрағасы Герман Грефпен орысша сөйлесті. Ақыры орайы келгенде айта кетейін, Бішкектегі ШЫҰ саммитінен кейінгі қонақ асы кезінде Қытай мен Үндістан мемлекет басшыларының ортасында отырып, бірімен қытайша, екіншісімен ағылшынша əңгімелесіп отырды. Ал өзге елдің басшылары аудармашы арқылы сөйлесіп отырғанын көрдік. Қазақтың «жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл» дейтін даналығы осы болса керек. Осы маңызды халықаралық алаңдардың барлығы – мемлекетіміздің жəне ел Президентінің дүние жүзінің саяси элитасында алатын орнын көрсетеді деп ойлаймын. Шетелдік əріптестері, жалпы шетелдік сары тісті саясаткерлер қалай қабылдады дегенге келсек… Мысалы, сайлау нəтижесінен кейін Президенттің атына 134 елдің мемлекет жəне үкімет басшыларынан, 26 ірі халықаралық ұйымның жетекшілерінен құттықтау жеделхаттар келіп түсті. Олардың арасында Владимир Путин, Дональд Трамп, Си Цзиньпин, Эммануэль Макрон, Ангела Мер кель, Тереза Мэй, Режеп Тайип Ердоған, Антониу Гутерриш, Дональд Туск, Пан Ги Мун жəне басқа да көптеген ірі саясаткерлер бар. Одан бөлек, Қасым-Жомарт Кемелұлын жеке танитын əлемдік тұлға лар да өз құттықтауларын жолдап жатты. Олардың бəрі де Қазақстанмен ынтымақтастықты одан əрі жалғастырып, достық байланыстарды тереңдетуге ниетті екендіктерін жеткізді. Яғни, Қасым-Жомарт Кемелұлының əлемдік саясаттағы, халықаралық қауымдастықтағы беделінің өзі, еліміздің дамуына, елге инвестиция тартуда, шетелдік алпауыт компаниялармен серіктесіп жұмыс істеуде көп ықпалын тигізетініне сенімдімін.

– Елдер мен олардың президенттері арасындағы өзара ынтымақтастық, достық қатынастар өз алдына. Ал баспасөз хатшылары қаншалықты бел сен ді байланыс орнатқан? Сіз осы уақыт аралығында қай елдердегі əріптестеріңізбен қандай қарым-қатынастар орнатып жатырсыз?

– Жалпы, халықаралық қатынастардың өзі дипломатиялық байланыстардан бөлек, жеке адами қарым-қатынастарға тікелей байланысты. Бұған Елбасы Нұрсұлтан Əбішұлының достық қарым-қатынастарға сүйене отырып, кезіндегі Ресейдің президенті Б.Ельцинмен, ҚХР жəне Өзбекстан басшыларымен шекара мəселесін ың-шыңсыз шешуі, сондай-ақ АҚШ-тың бұрынғы президенттері Дж.Буш, Б.Клинтонмен жақсы байланыстарының арқасында Қазақстанға АҚШ инвестициясының келуі секілді мысалдарды көптеп келтіруге болады. Сол сияқты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да көптеген елдер басшыларымен жəне халықаралық ұйымдар жетекшілерімен, жекелеген бедел ді саясаткерлерімен жеке таныстығы, достығы бір төбе. Осы соңғы сапарлар барысында Ресей президентінің баспасөз хатшысы, президент əкімшілігі жетекшісінің орынбасары Дмитрий Песковпен, Өзбекстан президенті əкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары, баспасөз хатшысының міндетін атқарушы Азиз Магруповпен, Беларусь президентінің баспасөз хатшысы Наталья Эйсмонтпен, Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы Толғонай Стамалиевамен, Тəжікстан президентінің баспасөз хатшысы Абдуфаттох Шарифзодамен жақын танысып, араласып кеттік. Бір-бірімізге хабарласып, мерекелерде құттықтап тұрамыз. Баспасөз хатшылары арасындағы жақсы қарым-қатынас, ең алдымен, біздің жұмысымыздың тиімділігін, сапасын арт тырады. Сондықтан əріптестермен тығыз қарым-қатынас орнатудың маңызы зор. Мысалы, Президенттің Өзбекстанға мемлекеттік сапары кезінде Қазақстанның Өзбекстандағы жылының ашылу салтанатын əріптесім Азиз Магруповпен келісіп, 2 сағаттың ішінде іс-шараны біздің елімізде де көрсетуге мүмкіндік туғыздық. Сол сияқты, бұрын екі ел басшыларының Мəскеуде өтіп жатқан кездесулерінен тікелей трансляция жасау болмаған екен. Əрине, тілшілер тікелей байланысқа шығып, репортаждар беріп жатады. Алайда, Президенттердің 1 сағатқа жуық баспасөзге арналған мəлімдемелерін тікелей көрсету жолға қойылмапты. Біз сол баспасөз мəслихатын республикалық «Хабар 24» арнасынан толық трансляция жасауға мүмкіндік алдық. Содан кейін Қырғызстаннан ШЫҰ-ның, Тəжікстаннан АӨСШК-нің саммиттерінен тікелей қосылып, алқалы жиындардың жұмысын халыққа көрсеттік. Біз бұдан ұтпасақ, ұтылған жоқпыз. Мұның бəрі, ең бірінші кезекте президенттердің баспасөз хатшыларының ауызбірлігі, түсіністігі деп ойлаймын.

– Мемлекет басшысы өз қызметіне кіріскен күннен бастап баспасөз қызметінің əлеуметтік желілердегі белсенділігі айтарлықтай артты. Желі қолдану шылар көптеген мəліметтерді жедел оқу мүмкіндігіне ие болды. Бұл үрдіс немен байланысты?

– Дұрыс айттыңыз, Президенттің баспасөз қызметі бүгінде барлық танымал əлеуметтік желі платформаларында бар. Біріншіден, бұл – қазіргі уақыттың талабы. Мұнымен санаспауға болмайды. Екіншіден, Мемлекет басшысы 2011 жылдан бері Твиттер əлеуметтік желісінің белсенді қолданушысы. БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, Женевадағы бөлімшенің Бас директоры қызметінде жүріп, «виртуалды желінің» мүмкіндіктерін кең пайдаланған. Бүгінде Мемлекет басшысының твитінде 130 мыңға жуық оқырманы бар. Қазір Президент Твиттердегі парақша сынан еліміздегі қоғамдық, əлеуметтік, экономикалық, саяси мəселелерге немесе оқиғаларға қатысты пікірін жазып, ұсыныстары мен тапсырмаларын беріп отыр. 280 таңбалы қысқа əрі нұсқа жазбаның ықпалы өте зор. Себебі қазіргі заман ұзақсонар баяндамаларды емес, мейлінше ықшамдылықты талап етеді. Сондай-ақ мұндай жұмыс стилінің басты ұтымды тұсы – уақыт үнемдейтіні. Президент үшін бұл – өте маңызды фактор. Себебі берілген тапсырманың дереу назарға алынып, қажетті шешімін табуы – басты мақсат. Егер салыстырмалы түрде айтатын болсақ, əлемдегі Твиттер желісін ең белсенді пайдаланатын саясаткер Дональд Трамп екен. Оның өзі твитін тек ағылшын тілінде жазады. Ал Қасым-Жомарт Кемелұлы қазақ, ағылшын жəне орыс тілдерінде, яғни 3 тілде жазады. Біздің Президенттің осы артықшылығын кешегі фильмінде ресейлік журналист А.Пивоваров та атап өтті. Президент өзінің сайлауалды бағдарламасында, кейін өткізіп жүрген жиындарда да мемлекеттік органдардың барлық деңгейдегі бірінші басшылары əлеуметтік желілерге тіркеліп, сол арқылы жұмысты жеделдетуді, тиімділігін арттыруды тапсырып келеді. Бұдан бөлек, сəуір айында Қасым-Жомарт Кемелұлының Инстаграмм желісінде ресми аккаунты ашылды. Қазір онда жарты миллионнан астам оқырманы бар. Бұлар – Мемлекет басшысының жеке аккаунттарына қатысты. Сондай-ақ ресми Ақорда сайтынан бөлек, баспасөз қызметінің Фейсбуктегі, Твиттердегі жəне Инстаграмдағы аккаунттары жедел түрде соңғы жаңалықтарды таратып отыр. Бұлардың тағы бір жақсы жағы – ақпаратты жедел таратып қана қоймайсыз, бірден кері байланыс орнайды. Яғни, оқырмандар өз пікірін білдіріп қана қоймай, сауал жолдап, ұсыныстарын жаза алады.

– Берік Уəлиұлы, кері байланыс демекші, осыдан біраз бұрын akorda.kz ресми сайтында Президенттің виртуалды қабылдауы ашылды. Сол виртуалды байланысқа шығып, хат жазып, хабарласып жатқандар бар ма? Жалпы, оның тиімділігі қандай?

– Иə, биыл 22 сəуірде www.akorda.kz сайтында Қазақстан Республикасы Президентінің виртуалды қабылдауы ашылды. Оның негізгі мақсаты – азаматтардың жеке немесе түрлі қоғамдық мəселелерге қатысты өтініштерін қарау, Ақорданың қоғаммен тікелей диалог орнатуына жол ашу, ел ішінде болып жатқан оқиғаларды бақылап отыру жəне жедел шаралар қабылдау. Виртуалды қабылдау ашылғалы, небəрі осы 3 айдың ішінде 1500-ге жуық хат келіп түсіпті. Оның жартысынан көбі қаралып, тиісті жауаптар берілді. Ал оның тиімділігі туралы айтар болсақ, есіңізде болса, маусым айының соңында Президент табысы аз, əлеуметтік тұрмысы төмен топтағы азаматтардың осы уақытқа дейін алған тұтыну несиелері мен олардың үстемелерін кешіру туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл санатқа көп балалы отбасылар, мүгедек балалары бар отбасылар, жалғыз асыраушысынан айырылған отбасылар, атаулы əлеуметтік көмек алатындар, жетім балалар кіреді. Олар – түрлі себептермен қиын жағдайға тап болып, өз аттарына алған кредиттік міндеттемелерін орындай алмай қалғандар. Ал бұл проблема қайдан шықты? Жаңағы айтып отырған Президенттің виртуалды қабылдауына ең көп жазылған мəселе осы кредит проблемасы екен. Сондықтан Мемлекет басшысы əлгіндей өтініштердің барлығын жинақтап, осындай шешім қабылдады. Күні кеше ғана өткен Үкіметтің кеңейтілген жиынында Президент мұның бір реттік акция екенін, қайта жалғасын таппайтынын ескертті. Міне, виртуалды қабылдаудың тиімділігінің нақты мысалы осы болса керек. Президенттің виртуалды қабылдауына келіп түсетін əрбір өтініш міндетті түрде қаралады, оның бəрін бірдей Мемлекет басшысының қарауы мүмкін емес, ол кісінің басқа да шаруалары жетіп жатыр. Бірақ əр хатты Президент Əкімшілігінің қызметкерлері, құзырлы органдар қарайды. Оларға жауап жазылуы, шешім қабылдануы – Президенттің жеке бақылауында.

– Қазақстан тарихындағы екінші Президенттің алғашқы баспасөз хатшысы болу – тарихи оқиға. Жауапкершілік жүгі де жеңіл емес екені түсінікті. Жалпы, Президенттің баспасөз хатшысы қандай болуы тиіс?

– Иə, Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы болу – мен үшін, шын мəнінде, тарихи оқиға. Қасым-Жомарт Кемелұлы жауапкершілігі аса зор осы міндетті маған сеніп тапсырды. Президенттің сенімін ақтау үшін жəне елге, мемлекетке қалтқысыз қызмет ету үшін, журналист əріптестерімнің де көңілін қалдырмай, мейлінше ашық болуға тырысып, бар күш-жігерімді салып жұмыс істеп жатырмын. Баспасөз қызметі – Қазақстан Президен тінің атқарып жатқан қызметінің айнасы. Мемлекет басшысының ақпарат кеңістігіндегі негізгі сенімді өкілі болғандықтан, баспасөз хатшысының жауапкершілігі өте жоғары. Қателесуге жол жоқ. Сондықтан баспасөз хатшысы осындай талаптарға сай болуға ұмтылуы тиіс.

– Сұхбат барысында Қасым-Жомарт Кемелұлының 5 тіл білетінін айтып өттіңіз. Президент көп жерде қазақша сөйлеп жүр, дегенмен былайғы жұрт ол кісіні орыстілді деп ойлайды. Мемлекет басшысы қазақтілді БАҚ-ты оқи ма?

– Əрине «Egemen Qazaqstan», «Айқын», «Астана ақшамы» газеттерін күнделікті оқиды. Олардан басқа «Ана тілі», «Түркістан», «Қазақ əдебиеті», «Жас қазақ», «Алматы ақшамы» секілді апталықтарды қарап, бақылап отырады. Егер жақсы мақалалар, сұхбаттар шықса, асықпай оқып, астын сызып, тіпті кейбіріне қатысты бұрыштама соғып жатады. Мерзімді басылымдарға шыққан сыни немесе проблемалық мақалаларды оқып, құзырлы органдарға арнайы тапсырмалар беретін кездері де болады. Қоғамдағы маңызды мəселелерді көтеретін телехабарларды көріп, əлеуметтік желі арқылы өзінің пікірін білдіріп отыратынын өздеріңіз де жақсы білесіздер. Мəселен, өзім жүргізген «1-студия» саяси ток-шоуына қатысты кезінде Қасым-Жомарт Кемелұлы твит жазып, жылы лебізін білдірді. Бұл ұжым үшін үлкен қуаныш болған еді. Сол сияқты ұлттық арнадағы «Дара жол» бағдарламасына да ықыласын білдіріп, шығармашылық ұжымға жəне журналист Дана Нұржігітке алғысын білдірген болатын. «Таңшолпан» бағдарламасының да тұрақты көрермені. «Шалқар» радиосын үнемі тыңдап отырады. «Нағыз қазаққа жақын əңгімелер айтылады» деп пікір білдіргені есімде. Яғни, қазақ газеттерін оқиды, тележобаларды қарайды, қазақ радиохабарларын тыңдайды.

– Əңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Серік ӘБДІБЕК.
«Egemen Qazaqstan».

Басқа материалдар

Back to top button