Берік байланыс, ортақ мүдде
Қарағанды мен Гомель арасындағы іскерлік байланыс нығая түсті. Беларусь Республикасы Гомель облысының делегациясы өңірге ат басын бұрды. Келелі кездесуді облыстық өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Асқар Газалиев ашты. Ол екі өңір кәсіпкерлері арасындағы тікелей диалогтың маңыздылығын атап өтті.
– Қарағанды облысы халықаралық әріптестікті белсенді дамытып келеді. Беларусь – біздің стратегиялық серіктестеріміздің бірі. Азықтүлік өндірісі, машина жасау, химия және агроөнеркәсіп салаларында бірлескен жобаларға нақты қызығушылық бар, – деп атап өтті Асқар Арстанұлы өз сөзінде.
Беларусь тарапынан болса, Гомель облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары Ксения Пантюхова сөз сөйледі. Ол жоғары деңгейде ұйымдастырылған кездесуге ризашылығын білдіріп, әріптестіктің болашағына сенім артты.
– Қарағанды бізде өндірістік және инвестициялық тартымды өңір ретінде жақсы әсер қалдырды. Бүгін басталған диалог нақты келісімдер мен өзара тиімді бастамаларға ұласады деген ойдамын, – деді Ксения Александровна.
Делегация өкілінің пайымды пікірі – өндірісті өңірдің қазіргі экономикалық келбеті мен әлеуетіне берілген оң баға. Оның айтуынша, аймақ өндіріс пен инвестиция үшін қолайлы өңір ретінде өзін жақсы қырынан көрсете алған. Қазыналы Қарағандының инфрақұрылымы, табиғи ресурстары, өнеркәсіптік қуаты мен кадрлық әлеуетінің жоғары екенін меңзесе, екінші жағынан, өңір басшылығының ашық диалогқа, нақты іскерлік қарым-қатынасқа дайын екендігінің нышаны бұл. Демек, алдағы уақытта облыста шетелдік немесе отандық инвесторлармен жаңа жобалар қолға алынуы әбден мүмкін.
Аймақаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған басқосу облыстық кәсіпкерлер палатасының алаңында ұйымдастырылды. Іс-шара шеңберінде екі елдің бизнес өкілдері инвестициялық әлеуетпен танысып, B2B форматында тікелей келіссөздер жүргізді. Сонымен қатар, ресми делегациялар арасында келіссөздер мен әріптестікке бағытталған «Қарағанды облысы кәсіпкерлер палатасы мен Беларусь сауда-өнеркәсіп палатасының Гомель бөлімшесі арасындағы ынтымақтастық туралы келісім», «Қазақстандық және беларусьтік компаниялар арасындағы коммерциялық шарттар», «Сарыарқа» және «Гомель-Ратон» арнайы экономикалық аймақтары арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум» сынды бірқатар маңызды құжаттарға қол қою рәсімі өтті.
– Қол қойылған келісімдер – бұл жай құжат емес, шынайы ынтымақтастықтың берік негізі. Қазірдің өзінде логистикалық және өндірістік жобалар пысықталуда, – деді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісов.
Беларусь делегациясының құрамында Гомель облысы әкімшілігінің өкілдері, Беларусь сауда-өнеркәсіп палатасының мүшелері, сондай-ақ, «Гомсельмаш», «Спартак», «Гомель химия зауыты» ашық акционерлік қоғамдарының, «Гомель-Ратон» арнайы экономикалық аймағы және басқа да ірі өнеркәсіптік және инвестициялық жобалармен айналысатын кәсіпорындардың басшылары болды. Бұл кездесуге қатысушылардың жоғары деңгейі екіжақты ынтымақтастықты дамытуға деген өзара мүддені айқын көрсетті. Кездесу бағдарламасына ресми құттықтау сөздермен қатар, Қарағанды мен Гомель облыстарының экономикалық әлеуетін таныстыруға бағытталған презентациялар, инвестициялық мүмкіндіктер туралы баяндамалар, іскерлік байланыстар орнатуға арналған B2B форматындағы тікелей келіссөздер, сондай-ақ, екі өңірдің даму бағыттарын бейнелейтін бейнефильмдер көрсету енгізілді. Мұндай формат қатысушыларға нақты жобалар мен серіктестік мүмкіндіктерін талқылауға, тәжірибе алмасуға және өзара тиімді байланыстар орнатуға жағдай жасады.
Ұйымдастырушылар бұл кездесуді екі жақты серіктестікті тереңдетудің маңызды қадамы ретінде бағалап отыр. Яғни, Қарағанды мен Гомель арасындағы бұл кездесу – жай ғана хаттамалық шара емес, нақты іс пен өзара сенімге негізделген іскерлік әріптестіктің басы. Екі жақ та болашаққа нақты жоспармен, ортақ мүдде мен үйлесімді мақсатпен қадам басып отыр. Қол қойылған келісімдер мен құрылған байланыстар өндірістік, аграрлық және инвестициялық серіктестіктің жаңа көкжиегін ашады. Мұндай форматтағы ашық диалогтар мен өзара қолдауға негізделген кездесулер еліміз үшін экономикалық өрлеудің берік тірегі болары сөзсіз. Делегация сапары кеше облыс әкімдігінде ресми кездесумен әрмен қарай агроөнеркәсіптік кәсіпорындарға барумен жалғасын тапты.
Айта кетелік, Беларусь Республикасының оңтүстік-шығысында орналасқан Гомель облысы – ел экономикасында маңызды орын алатын, өндірістік әлеуеті зор өңір. Машина жасау, химия өнеркәсібі, азықтүлік өндірісі мен энергетика секторы бұл аймақты Беларусьтің индустриялық тіректерінің біріне айналдырып отыр. Гомель облысының тағы бір маңызды артықшылығы – көлік инфрақұрылымының жақсы дамуы. Теміржол, автожол тораптары және көрші елдермен шекаралас орналасуы – логистикалық тұрғыдан тиімді. Қазіргі таңда Гомель облысы мен Қазақстан өңірлері арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік мол. Әсіресе, Қарағанды облысымен агроөнеркәсіп, машина жасау және химия салаларында бірлескен жобаларды іске асыруға нақты алғышарттар бар.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Суреттер ұйымдастырушылардан