Жаңалықтар

Берік АСЫЛОВ, Бас прокурор: Азаматтардың құқығын қорғау – басты назарда

Қараша айында Мемлекет басшысының Жарлығымен еліміздің ішкi саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттары бекітілді. Онда құқықтық мемлекеттің іргетасы және азаматтардың қоғамдық әрі жеке қауіпсіздігін қамтамасыз етудің базалық шарты ретінде «Заң мен тәртіп» қағидаты айқындалған. Осы қағидатты прокуратура органдары қалай іске асырып жатқаны туралы Бас прокурор Берік Асыловпен сұхбаттастық.

Сурет ҚР Бас прокуратурасынан

– Берік Ноғайұлы, жоғары қадаға­лау, жалпы прокуратура жүйесіндегі жаңашылдық туралы айтып өтсеңіз. Қазіргі сын-қатерлердің өскеніне қарай прокуратура да өз қада­ғалау тетіктерін жетілдіріп отырғанын көріп отырмыз.

– Иә, расында да, бүгінгі трансформациялық үдерістер қоғам өмірінің барлық саласын қамтып отыр. Өзгерістердің бас­ты мақсаты – азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты, жеке қауіп­сіздігі және құқықтарының қорғалуын, сондай-ақ олар­дың мүлкінің сақталуын қамта­масыз ету. Бұл үдерістердің идеоло­гия­лық негізі – Президент жа­риялаған «Заң мен тәртіп» тұ­жырымы. Бұл қағи­дат қо­ғам­дық құқықтық сананы жа­ңар­тудың негізі бола отырып, халықтың жан-жақты қолдауына ие.

Маусым айында құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа отырысында Мемлекет басшысы осы идеологеманы ілгерілетудің маңыздылығын атап өтіп, құ­қық қорғау жүйесін жетілдіру қажеттілігіне назар аударды. Бұл тезис Президенттің қараша айындағы Жарлығында жалғасын тапты. Онда «Заң мен тәртіп» қағидаты соттар мен құқық қор­ғау құрылымдарының тиімді жұмысы, цифрлық технология­лар мен жасанды интеллектті енгізу арқылы құқық қолдану тәжірибесін жетілдіру, халықтың құқық қорғау жүйесіне деген сенім деңгейін арттыру арқылы жүзеге асырылады.

Осы мақсатта прокуратураның қызмет форматы қайта пайым­далып, адамға бағдарлану және уақ­тылы іс-қимыл жасауға баса назар аударылады. Адам, оның өмірі, құқықтары мен бос­тан­дықтары ең жоғары консти­туциялық құндылықтары болып саналатындықтан, сервистік тәсілді жақсарту мақсатында қадағалау функциялары жетіл­діріліп, IT шешімдер енгізіліп жатыр.

– Қадағалау қызметінде «адамға бағдарланған» және сервистік тәсіл қалай көрініс табатынын айтып өтсеңіз?

– Адамға бағдарланғандық – заңдылықты қамтамасыз ету­дің негізгі бағыты және қада­ға­лау қызметінің басты өлше­мі. Бұл қағида Қазақстан Рес­пуб­ликасында мемлекеттік басқа­руды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасынан
туындайды. «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» бұл Президенттің берік ұстанымы және барлық мемлекеттік органға қойып отырған талабы.

Қадағалау қызметінің басты көрсеткіші – азаматтар мүдде­сінің қорғалуы және жұмыстың нәтижелі болуы. Сондықтан әлеуметтік сала, еңбек, тұрғын үй, денсаулық сақтау, экология және өзге де салаларда азаматтардың құқықтарын қорғауға айрықша мән беріледі және әртүрлі себеппен құқықтарын өз бетінше қорғай алмайтын адамдарда прокуратураның бас­ты на­зарында. Мысалы, биыл проку­рорлардың күшімен 2 млрд теңгеден аса жалақы борышы өндіріліп алынды.

Әртүрлі салада балалар­дың құқықтарын қорғау басым­дылыққа ие. Балалардың али­ментті уақтылы алуы ерекше бақылауда. Биыл прокурор­лар­дың араласуымен 15 млрд теңгеден аса алимент борышы өндірілді. Жұмыспен қамту мекемелері мен кәсіпкерлердің күшімен жұмыссыз 8 мың­нан аса алимент төлеуші жұмысқа орналастырылды. Прокурорлар 2 мың балалар үйі тәрбиеленушісінің тұрғын үйге құқықтарын қалпына келтірді, олардың 675-сі баспаналы болды.

Прокурорлар қылмыстық процеске қатаң бақылау жасайды, өйткені азаматтар осы мәселе бойынша жиі шағымданады. Прокурор сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарының негізгі процестік шешімдерін бекіте отырып, мән-жайға және жиналған дәлелдемелерге айып­тайтын да, ақтайтын да баға береді. Егер қылмыс құрамы болмаса немесе адамның кінәсін дәлелдейтін айғақтар жеткіліксіз болса, қылмыстық қудалауды тергеудің бастапқы кезеңінде-ақ тоқтатады. Орта есеппен жыл сайын тергеп-тексерілетін қыл­мыстық істің 35–40%-ы тоқта­тылады. Тек кейінгі бес жылда прокурорлар 14 мыңнан аса адамға қатысты негізсіз қылмыс­тық қудалаудың жолын кесті. Енгізілген наразылық бойынша 868 адамға қатысты сот үкім­дері мен қаулылары заңға сәйкес­тендірілді, 134 сотталған адамның жағдайы жақсартылды, олардың жазасы, оның түрі мен мерзімі жеңілдетілді.

Прокурорлардың бастамасымен қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жаңа өндірістер ашылып, жұмыс орындары құ­рылып, жалақы төленіп жатыр. Бас бостандығынан айы­рыл­ғандардың 65%-дан астамы еңбекпен қамтылған, медици­налық көмек, білім сапасы жақсара түсті.

Біздің бастамамызбен «Еңбек» республикалық мемлекеттік және жеңіл өнеркәсіп кәсіп­орындарының қатысуымен консорциум құрылды. Үйлестіру жұмыстарымен пробациялық бақылауда тұрған, сондай-ақ қылмыстық-атқару мекеме­лерінен босатылған 3 мыңнан аса адам жұмыспен қамтамасыз етілді, ал 44 адамға өз ісін ашу үшін өтеусіз гранттар берілді.

– Прокуратура органдары инвесторларды қорғау үшін ауқымды жұмыс атқарады. Бизнесті қорғау үшін жалпы не істеліп жатыр?

– Заңды кәсіпкерлікті қолдау, оның ішінде инвесторларды қорғау экономиканың дамуы­на қосымша серпін береді. Прокурорлардың міндеті – бизнес үшін қолайлы құқықтық жағдай жасау, мемлекеттік органдар мен монополистер тарапынан болуы мүмкін заң бұзушылықтардың алдын алу.

Инвесторларға құқықтық қолдауды күшейту мақсатында заң жүзінде прокурорлық сүзгі енгізілді. Енді бірде-бір мем­лекеттік органның прокурормен келіспей, инвесторды тексеруге, әкімшілік жауаптылыққа тартуға, қызметін тоқтатуға, лицензияларды кері қайтаруға, келісімшарттарды біржақты бұзуға немесе сотқа талап қоюға құқығы жоқ. Бұл шаралар инвес­торлар мен мемлекеттік органдар арасындағы дауларды үш есеге қысқаруға мүмкіндік берді.

Прокурорлардың инвес­ти­циялық жобаларды сүйемел­деуі 3 трлн теңгеге 200-ден аса жобаны іске қосуға, 15 мыңнан аса жұмыс орнын құруға мүмкін­дік берді. Мәселен, прокуратура органдарының арқа­сында Ұлытау өңіріндегі темір-марганец кен орнына 1,4 млн доллар ин­вес­тиция салған шетелдік ин­вес­тордың меншік құқығы қал­пына келтіріліп, мүлкін заң­сыз иемденген адамдарға қатысты қыл­мыстық іс сотқа жолданды.

Маңғыстау облысының прокуратурасы «Aktau Mall» ЖШС-ға инвестициялық нысандарын қала инфрақұрылымына қосу­ды жеделдетуге ықпал етті. Ком­панияның инвестиция көлемі – 20 млрд теңге, 1 500 жұмыс орны ашылды.

Абай облысында прокура­тураның қолдауымен «DiNur» ЖШС инвесторына күнбағыс майын өндіретін зауыт салу жобасын жүзеге асыруға жер учас­кесі берілді. Шығыс Қазақ­стан облысында Бас көлік про­куратурасының араласуынан кейін «Востокмашзавод» АҚ вагондардың бос тұрғаны үшін заңсыз есептелген 3,9 млрд теңге төлемнен босатылды.

Бүгінде прокурорлар 76 трлн теңгеден аса инвестиция сал­ған 2 мыңға жуық инвесторды сүйемелдеп отыр. Бұл жұмысқа Президенттің тапсырмасы бойынша құрылатын Инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі комитет қосымша серпін береді.

Кәсіпкерлікті дамыту азамат­тардың әл-ауқатын арттыруға, жұмыс орындарын құрып, жұ­мыс­сыздықты азайтуға ықпал ететінін, бұл өз кезегінде елдегі кри­миногендік жағдайдың жақ­са­руына оң әсерін тигізетінін тағы да атап өткім келеді. Биыл қылмыстық құқықбұзушылық 9%-ға, оның ішінде аса ауыр қылмыс 62%-ға төмендеді, көше қылмысы 8%-ға кеміді. Кәсіп­керлерді қылмыстық процестерге тарту жағдайы да түбегейлі азайды: мысалы, 2021 жылы 1,5 мың­нан аса іс тіркелсе, биыл небәрі 231 іс тіркелді. Жалпы, прокурорлар 140 мың кәсіпкердің құқығын қорғады.

– Заңсыз иемделінген актив­терді мемлекетке қайтару жұмы­сы қандай нәтиже берді?

– Бүгінгі таңда прокуратура органдары заңсыз шығарылған 1,3 трлн теңгеден аса соманың активтерін қайтару бойынша шаралар қабылдады. Жекелеген субъектілер 5,2 трлн теңгеге 12 ірі инвестициялық жобаны, сондай-ақ 120 млрд теңгеден аса сомаға 59 әлеуметтік жобаны іске асырып жатыр.

Қайтарылған активтер ха­лық­тың өмір сүру сапасын арт­ты­руға бағытталады. Осы қара­жат есебінен шамамен 480 млрд теңгеге 434 нысан салынып жатыр. 180 медициналық ны­сан құрылысы шалғай ауылдар­ды шұғыл медициналық көмек­пен қамтамасыз етеді, 11 білім  ұйымы мен 5 спорт кешені өскелең ұрпақтың дамуына жағдай жасайды. 217 сумен жаб­дықтау объектісін жаңғырту ауыл тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Павлодар, Арқалық және Балқаш қалаларындағы әуежай­ларды қайта салу осы өңір тұрғын­­дарының жүріп-тұруы мен туристік әлеуетін арттырады.

Қайтарылған қаржы есебінен 108 әлеуметтік нысан салы­нып бітті. Оның ішінде 25 фельд­шерлік-акушерлік пункт, 15 меди­циналық пункт, 13 дәрігерлік амбулатория және 2 аурухана бар. Олардың көпшілігі ауылдық жерде орналасқан.

– Прокурорлар өз жұмы­сында қандай жаңа технология­ны қолданады?

– Әлемде киберқылмыстың өсу үрдісі байқалады. Біз де оған қарсы күресу мақсатында цифрлық шешімдерді белсенді енгізіп жатырмыз. Ұлттық банк жанындағы Антифрод орталығы тиімді жұмыс істейді. Оның көмегімен кибералаяқтар азаматтарымыздан жымқырмақ болған 2,3 млрд теңге бұғатталды. Оның ішінде 1,9 млрд теңгені аударуға жол берілмеді, ал қылмыскерлер мен олардың делдалдарының шотына аударылған шамамен 500 млн теңге жәбірленушілерге қайтарылды. 138 топтың әреке­тіне тосқауыл қойылды. Олар интер­нетте деректер жинау, адамдар табу, байланыс құрал­дарын сатып алу және техни­ка­лық қолдау, ұрланған қара­жатты аудару мен қолма-қол қаражатқа айырбастау заңсыз әрекеттерімен айналысқан. Бір мезгілде мыңдаған азаматымызға жаппай қоңырау шалатын sim-box құралдары анықталып жатыр. Биыл осындай 100-ден аса құрылғы тәркіленді, ішінде шетел азаматтары да бар құқық бұзушылар ұсталды.

Прокуратура «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесе отырып, Анти­фрод-Call орталығын іске қосты. Оның көмегімен 180 мыңнан аса қоңырау бұғатталды. Шетелдік әріптестермен бірге 10 алаяқтық Call-орталықтың қызметі тоқ­татылды. Цифрлық шешімдер құқық тәртібін қамтамасыз етудің басқа бағыттарына да енгізіліп жатыр. Мәселен, жазатайым адам өліміне әкеліп соғып жатқан жол-көлік оқиғалары үлкен резонанс тудырып отыр. Бұндай оқиғаларға жасалған талдау олардың басты себебі жол-көлік ережелерін жиі бұзу, қауіпті жол учаскелерінде сақтық шараларын сақтамау, жүргізушілердің шаршауы, денсаулықтың жарамсыздығы, оң рульді немесе техникалық ақауы бар көлікті заңсыз жүргізуінде екенін көрсетті.

Жақында өткен үйлестіру кеңесінде барқатар шаралар қабылдадық, заңнаманы жетілдіре түсеміз. Жол полициясы органдары мен жол қозғалысына қатысушыларды осындай және өзге де қауіптер туралы алдын ала хабарлайтын ведомствоаралық авто­маттандырылған жүйе ен­гізу жоспарлануда.

Құқық бұзу­­шы­лықтардың уақтылы алдын алу мақсатында жасанды ин­теллект элементтері бар бірқа­тар инновациялық жүйені енгіз­дік. Соның бірі – «Цифрлық қадағалау» платформасы. Бұл жүйеге мемлекеттік органдардың базалары, ақылды бейнекамералар және дрондар қосылған.

Жасанды  интеллект арқылы іздестіруде жүрген адамдардың цифрлық іздерін мемлекеттік шекарадан өту, мекемелерден қызмет алу кезінде, қоғамдық орындарда бейнебақылау камераларына түсіп қалған кезде анықтауға болады. Биыл 5 мыңға жуық іздестіруде жүрген адам табылды. «Цифрлық қадағалау» жүйесі арқылы қылмыстар, әкім­шілік құқықбұзушылықтар, пенитенциарлық жүйе және қадағалаудың басқа да салаларында есепке алу-тіркеу тәртібінің сақталуы заңдылығын қамтамасыз етуде IT шешімдер кеңінен енгізіліп жатыр.

Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінде Қылмыстық қауіп-қатер­дің және қоғамдық қауіп­сіз­дік­­тің тәуекелдерін болжау орта­­лығы құрылды. Орта­лық жуыр­­да автокөлік жүргізу­ші­ле­ріне айыппұлды желеу етіп жіберілген жалған хабарламалар түріндегі ықтимал фишингтік шабуылдарды алдын ала анық­тап, ескерткен еді. Кейін бұл дерек расталды. Сондай-ақ комитетте синтетикалық есірткі өндіруде химиялық реагенттерді пайдалануға жол бермеу үшін оның жеткізілуіне бақылау жасайтын Таргетинг орталығы жұмыс істейді. Бұл – АҚШ және Еуропа елдерінің тәжірибесі бойынша құрылған, химиялық прекурсорлардың әкелінуі, оның ішкі айналым туралы деректерді жинап, талдайтын, синтетикалық және өзге де есірткілердің заңсыз айналымымен күрес саласындағы үдерістерді анықтайтын зама­науи талдамалық құрылым.

Өңірлерде де прокурорлар цифрлық жобаларды белсенді енгізіп жатыр. Бұған көптеген мысал келтіруге болады. Жуырда «Х» парақшамда Шымкент қаласы прокуратурасының отан­дық IT-мамандармен бірлесіп жасаған есірткі сатушыларды анықтауға арналған «Crypto Trace» және «ProkAi» инновациялық құралы туралы пост жарияладым. Бұл жүйелерді еліміздің барлық өңірінде кеңінен қолданамыз.

Алматы облысының прокуратурасы «Kundelik» платформасында оқушылардың құқық­тарын қорғау бойынша профилактикалық жұмыс жүр­гізіп жатыр. Мақалалар мен бей­нематериалдар орналасты­рып, буллингке, оның ішінде кибербуллингке, зорлық-зомбылық­тың өзге де түрлеріне қарсы онлайн-вебинарлар өткізеді. Платформадағы QR-код арқылы оқушылар тікелей прокуратураға жүгіне алады.

Киберқауіпсіздік саласында мамандар даярлау мақса­тында 2026 жылдан бастап Бас прокуратураның Құқық қорғау органдары академиясында кибертехнологиялар мен жасанды интеллект кафедрасы, цифрлық криминалистика және ақпараттық қауіпсіздік зертханасы ашылады. Академияның оқу үдерісіне ақпараттық қауіпсіздік негіздері, цифрлық криминалистика, криптовалютаға байланыс­ты қылмыстарды тергеп-тексеру бағдарламалары енгізілді. 400-ден аса құқық қорғау қызметкері «Кибер-офицер» мамандығы бойынша оқу курсынан өтті.

– Жоғары қадағалау орга­нының халықпен тығыз бай­ланыста жұмыс істеуі күн­нен-күнге артып келеді. Жұртшы­лықпен жұмыс барысында қаншалықты ашықтық бар?

– Прокуратура органдары­ның қызметкерлері масс-медиада тұрақты түрде сұхбат­тар беріп, әлеуметтік желілер­де, азаматтармен кездесулерде ха­лықты толғандыратын мәсе­ле­лер бойынша түсіндіру жұмыс­ын жүргізеді. Осын­дай коммуникацияның бір түрі – азаматтарды жеке қабыл­дау. Онда көбіне адамдар проб­лема­лық мә­селелерімен және ұсыныс­тармен келеді. Биылдың өзінде жеке қабылдауға 63 мың­нан аса аза­мат келді, басшылық 42 мың­нан аса адамды қабылдады. Азамат­тарды қабылдау орта­лықта­рына 20 мыңнан аса адам жүгінді.

Біз үнемі офлайн-консультациялар өткіземіз. «Құқықтық дәріхана» жобасы аясында прокурорлар әртүрлі мәселе бойынша құқықтық көмек көрсетеді. Қазан айында 250 елді мекенде әділет органдары және «Zakon.kz» құқықтық порталының өкілдерімен бірлесіп 120 мыңнан аса адам қамтылған «Халықтық заңгер» акциясын өткіздік. «Ашық есік күндерін» де жүйелі түрде өткіземіз. Әдетте бұндай іс-шараларға 3–4 мыңдай адам келеді. Ал «Көшпелі қабылдау» жобасы шеңберінде 14 мыңнан аса адам құқықтық көмек алды.

Қарағанды облысында мектеп оқушылары мен студенттер арасында жастардың құқық­тық сауатын арттыруға, құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған «Құқық әліппесі» жобасы іске асырылып жатыр. Осындай іс-шараларды жиі өткізуге тырысамыз. Бұл қоғамдағы өзекті мәселелерді дер кезінде біліп отыруға септігін тигізеді. Адамдар әлеуметтік жәрдемақыны, мұрагерлікке құжатты ресімдеу мәселесі сияқ­ты түрлі проблемамен жүгі­неді. Кейде ақылдасу немесе толғандырып жүрген мәселесін айтып, моральдық қолдау алу үшін де келеді. Мұндай кабинеттен тыс жерде өткізілетін кері байланыс халықты алаңдататын мәселелерді көрсетеді. Сонымен қатар азаматтарға алаяқтар мен қаржы пирамидаларының торына түсіп қалмау, есірткінің қауіптілігі туралы, балаларды буллингтен және әлеуметтік желілердегі қауіптерден қорғау жолдары туралы түсіндіреміз. Мұндай шаралар азаматтарға ыңғайлы уақытта, әдетте, ірі сау­да орталықтарында және адамдар көп жиналатын орындарда өткізіледі.

Нашақорлық пен есірткі биз­не­сіне қарсы күреске жұрт­шы­лықты, әсіресе жастарды белсенді тартып отырмыз. Бел­сенді жастар мен отандық кинематограф және эстрада өкілдерінің қатысуымен «Нашақорлыққа жол жоқ» жобасы өтіп жатыр. Еріктілермен және әкімдіктердің коммуналдық қызметтерімен бірге «есірткі-граффиттері өшіріледі.

Шығыс Қазақстан облысында прокуратураның бастамасымен есірткі құқық бұзушылығы туралы хабарлаған азаматтарды ынталандыру қоры жұмыс істейді. Қазіргі таңда осындай 12 хабарлама түсіп, 3 килог­рамға жуық синтетикалық есірт­кі тәркіленді, 12 күдікті ұсталды. Хабарлағандарға 3 млн теңге көлемінде сыйақы төленді.

– Берік Ноғайұлы, әңгі­ме­мізді қорытындылай келе, кәсі­би мереке қарсаңында қызмет­керлерге қандай тілек айтар едіңіз?

– Бүгінде Қазақстан проку­ра­турасы заңдылықтың сақталуына жоғары қадағалауды қамтамасыз етудегі конституциялық миссиясын абыроймен атқарып келеді. Құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдардың «Заң мен тәртіп» идеологемасын ілгерілетуін үйлестірудегі барлық күш-жігеріміз Әділетті Қазақстан құру стратегиялық мақсатына бағытталған.

Кәсіби мереке қарсаңында прокурорларға, қызмет­керлерге, ардагерлерімізге заңға қызмет етудегі адалдығы үшін алғыс білдіріп, мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасының аман­ды­­­ғын және жұмыста табыс тілеймін.

Әңгімелескен – Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,
«Egemen Qazaqstan» 

Басқа материалдар

Back to top button