Ресми

Бергені мол бағдарлама

Аталмыш бағдарламаның басты көздегені – қосымша жұмыс орнын ашу арқылы «екі қолға – бір күрек» таппай, тұрмыс тауқыметін тартып жүрген тұрғындарды жұмыспен қамту, инфрақұрылымды дамытуға жағдай жасау. Былтыр бұл бағытта кеншілер қаласында қордаланып қалған бірқатар әлеуметтік мәселені орайлы шешудің мүмкіндігі туды.

Атап айтқанда, осы бағдарламаның облыстық жобасы аясында №1 орталық қалалық ауруханаға күрделі жөндеу жасалды, төңірегі абаттандырылды, қосымша жарық көзі қосылды. Жергілікті бюджеттен қыруар қаражат қарастырылып, білім беру саласынан – 7, құрылыс саласынан – 2, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығынан 6 нысан күрделі және ағымдағы жөндеуден өтті.

Ұзын-ырғасы 17 жобаны жүзеге асыру үшін жаңадан 790 жұмыс орны ашылып, оның ішінде 387 адам қалалық жұмыспен қамту орталығының жолдамасымен еңбек етті.

БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ БЕТБҰРЫС

Былтыр қалада №№3,5,15,19 мектепке ағымдағы жөндеу жүргізілді. Тиісті тендер өтіп, бәсекеде бағы жанған мердігерлер білекті сыбанып, іске қауырт кірісіп, қарастырылған 177 миллион 467 мың теңгені толық игерді. Барлық нысанда жұмыс белгіленген кестеге сай жүргізілді. Жаңа оқу жылының алдында алашапқындыққа салынбай, мердігерлер барлық жұмысты тамызда тиянақты тапсырды. Тек №15 мектептің шатырындағы күмбез пішіндес бөлігін жөндеу ептеп қиындық тудырғанымен, мердігер мекеме басшылығы бірқатар басқа қалада осындай ғимаратты жөндеген құрылысшылармен хабарласып, ақыл-кеңес алу арқасында мәселені өз мәнінде шешті.

– №3 жалпы орта білім беретін мектепте қасбеті жаңартылып, шатыры ішінара жөнделді, №5 жалпы орта білім беретін мектептің қасбеті қалпына келтірілді. Бұл нысандардағы шаруамен «Жаңа құрылыс 2012» ЖШС айналысты. «Құрылыс» жеке кәсіпкерлігі №15 жалпы орта білім беретін мектептің шатырын ауыстырды, ал, «Астана Премимум Строй» ЖШС №19 лицей-мектептің қасбетін және су құбырын жөндеді, – дейді, қалалық білім бөлімінің басшысы Берік Ақышбеков.

Ал, «Самға» ЖШС – № 31 «Балапан», «Құрылыс» жеке кәсіпкерлігі – № 29 «Балдәурен», «KZ Центр» ЖШС №26 «Қарлығаш» бөбекжайын күрделі жөндеуден өткізді. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында күрделі жөндеу жұмыстарына жоба құнына сәйкес қаржы бөлінді. Сметалық жоба бойынша шатыр, терезе және есік блоктары, жылу-су құбырлары мен канализация, желдету және өртке қарсы дабыл қағу жүйелері ауыстырылды, әрлеу және электр-монтаждау жұмыстары жүргізілді. Қысқасы, әр ғимарат толық қалпына келтірілді.

Мектеп жасына дейінгі мекемеге қатысты мынандай ақпаратты айта кеткен артық болмас: 2015 жылы кәсіпорындардың балансындағы 13 балабақша қаланың коммуналдық меншігіне берілді. Жасыратын несі бар, көпшілігі сонау жетпісінші жылдары пайдалануға берілген, содан бері анда-санда ағымдағы жөндеуден өткені болмаса, күрделі жөндеуді көрмеген олардың күйі онша бапты емес еді. Бес жылда жетеуіне күрделі жөндеу жасалды.

Былтыр үшеуі жаңғырды. Енді қалғанының жобалық-сметалық құжаты дайындалуда. Білім саласындағы бұл бетбұрыс қала тұрғындарының көңілінен шығуда.

ЖОЛ ЖӨНДЕЛІП, КӨШЕ КӨРІКТЕНДІ

Бұл бағдарлама күйі кете бастаған көше мен жолды жобаға келтіруге де едәуір септігін тигізді. Мәселен, «Құсайын жолы» ЖШС Тәуелсіздік даңғылында көп шаруа тындырды: 23 560 шаршы метр жол төсемін жобаға келтірді, жол жиегіндегі темір шарбақтарды, суағарларды жөндеді, 2000 метр жасанды гранит тас төседі. «Кооператор» магазинінің маңайында және 8-мөлтек ауданнан Ерден көшесінің қиылысына дейін жол телімі асфальтталды. Осындай жұмыстың бірпарасын Гурьба көшесінің бойында «Рокада-А» ЖШС де атқарды. Сондай-ақ, Мәңгілік Ел және Мұратбаев көшелерінің аралығындағы асфальт қабатын тегістеп, жаяу жүргінші жолын асфальттады. Мәңгілік Елден Наурыз көшесіне дейін қиыршық тас қосылған асфальт-бетон төседі. Былтыр қаланың Батыс аймағындағы көшелердің «бағы ашылды» десек болады. Атап айтқанда, Дөрментаев (Ұлытау көшесінен №1 қиылысқа дейін), Әбдіров (Дөрментаевтан Сарыарқа көшесіне дейін), Кеншілер (Шаталюктен Малшыбай аулының жолына дейін), Сарырқа (Әбдіровтен Ерденге дейін), Жанпейісов (Ұлытаудан Кеншілерге дейін), Үншібаев (Кеншілерден Дөрментаевқа дейін), Бөкейхан, Мақатаев (Шаталюктен бастап) көшелері асфальтталды. Бір айта кетерлігі, автокөлік жолын орташа жөндеу жұмысының сапасын бақылау үшін қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы мекемесі «Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығының» облыстық филиалымен келісім-шарт жасап, асфальт сапасы тексерілген сайын сынақ хаттамасын алып отырды.

Бағдарлама аясындағы абаттандыру жұмысы негізінен Тәуелсіздік даңғылы мен Абай және Ұлытау көшелерінің бойында, «Универсам» дүкенінің төңірегіндегі скверде жүргізілді. Бұрынғы төрт сквер қайта қалпына келтіріліп, жаңадан қатарға қосылғандары сәулеттендірілді. Тынығатын тұсы бар, қос қапталы әшекейлі шаммен көмкерілген тыңнан жаяу жүргіншілер жолы салынды. Орындықтар мен қоқыс салатын жәшіктер, тас төсеніштер тегіс жаңартылды. Балалар алаңдары салынып, не жасыл желек отырғызылды. «Тәуелсіздік» стеласының металл конструкциясы өңделді.

Қаланы абаттандыру барысында жаңадан екі сквер: «Ұлы дала керуен жолы» мен «Абай аллеясы» тұрғындар игілігіне айналды.

БАЛАЛАРҒА – БАЗАРЛЫҚ

Құрылысы бағдарлама аясында басталған, бірақ, аяқтау мерзімі биылға белгіленген ауқымды екі нысан бар, олар: 7-2 мөлтек аудандағы 320 орындық балабақша мен онымен іргелес қоныс тепкен Оқушылар сарайы. Архитектуралық ажары жағынан қала келбетіне өзіндік көрік беретін бұл екеуі қатарға қосылғанда балаларға баға жетпес базарлық болатыны анық.

9114 шаршы метр аумақты алып жатқан үш қабатты балабақшаның құрылысын «Балқаш жібек жолы» ЖШС жүргізуде. Сметада қарастырылған 762 млн. 720 мың теңгенің 441 млн. 265 мың теңгесі «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша бөлінген. Жұмыспен қамту орталығының жолдамасымен жіберілген 57 адамның әрқайсысы айына 80 мың теңгеден жалақы алады. Бір қарағанда аз көрінуі мүмкін. Бірақ, кәсіби мамандығы мен біліктілігі жоқ, «барып кел, алып келмен» жүрген адамға «жоқтан – жақсы» екені анық. Бүгінде бала-бақшада әрлеу жұмыстары жүріп жатыр.

Оқушылар сарайының құрылысымен «Марал Құрылыс» ЖШС айналысуда. Әрине, оған қарастырылған қаражат балабақшаға қарағанда соншалықты қомақты емес: 350 млн. 440 мың теңгедей, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасынан бөлінгені – 103 млн. 250 мың теңге. Алып қатқан аумағы – 4410 шаршы метр. Алайда, мәселе ақшасы мен аумағында емес екені анық. Өйткені, осындай әр нысанның қала өмірінде алатын өзіндік орны бар. Ал, өскелең ұрпаққа арналған мынау екеуінің орны – тіпті бөлек!

P.S. №8 мөлтек аудандағы шаруашылық-фекальды тазарту қондырғысында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында канализациялық коллектордың құрылысы басталды. Мердігері – «BiClobal» ЖШС. Сметалық құны: 4 062 905 501 теңге.

Әлібек ӘБДІРАШ.

СӘТБАЕВ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button